Оқыту мен бағалаудың өзара байланысы. Бағалау оқу бағдарламасындағы мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен тікелей байланысты оқытудың ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Оқыту барысында мұғалім пәннің оқу бағдарламасында белгіленген оқу мақсаттарын басшылыққа алады. Оқу мақсаттары сыныптар бойынша күтілетін нәтижелер тұрғысында анықталған.
Шынайылық, анықтық және валидтілік.Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлер мен құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділік бар.
Осы тұста шынайылық, анықтық және валидтілік жиынтығы бағалаудың сапасын анықтайтындығын тағы да атап өткіміз келеді.
Шынайылыққа «өте жақсы», «жақсы», «қанағаттанарлық» немесе «қанағатанарлықсыз» деп бағалануы мүмкін жұмыстың деңгейін көрсететін нақты бағалау критерийлерін мұқият әзірлеу арқылы қол жеткізіледі.
Бағалаудың шынайылығын қамтамасыз ету үшін мұғалім келесі сұрақтарға жауап беруі қажет: 1. Өте жақсы және жақсы, қанағаттанарлық және қанағаттанарлықсыз жұмыстардың бағалау критерийлері қандай болады?
2. Анықталған бағалау критерийлері оқушыларға түсінікті ме?
3. Бағалау критерийлері анық және бірмәнді ме?
Оқушылар бағалауда қарастырылатын тақырыптар мен сұрақтарға ерекше көңіл бөледі, сондықтан бағаланатын оқу мақсаттарын іріктеуге айрықша мән берген жөн.