Ұрықтану. Аналық аузына түскен тозаң өсе бастайды. Тозаңның интинамен қоршалған бөлігі экзина арқылы сыртқа қарай жылжи келе тозаң түтігін түзеді. Тозаңдану мен ұрықтануға қажетті уақыт əр өсімдікте əр түрлі. Мысалы, кейбір емендерде 12, 14 ай, қандағашта 3-4 ай, орхидейлерде бірнеше апта. Өсімдіктердің басым көпшілігінде бұл кезең 1- 2 тəуліктен аспайды, қараотта 3-4 сағат, шытырлақта 1 сағаттан кем, ал көк сағызда 15-45 минутқа созылады. Тозаң түтігінің өсуіне температура ауытқушылығы əсер етеді. Мысалы, сасық меңдуана 33°С кезінде тозаң түтігінің өсуі 11°С кезіндегіден 3 есе тез жүретіндігі белгілі.
Тозаң түтігі жатынға жеткеннен кейін өзінің өсуін жалғастырып, тұқым бүршігіне бағытталады жəне тозаң саңылауы арқылы нуцеллусқа, одан ұрық қалтасына енеді. Бұл тозаң түтігінің тұқым бүршігіне енетін əдеттегі жолы, ол порогамия деп аталады.Тозаң түтігінің тұқым бүршігіне
енуінін басқа да жолдары бар.
Тозаң түтігінің халаза арқылы енуі халазагамия-орман жаңғақ, қайың, қандағаш, ал интегумент арқылы енуі мезогамия-қара ағаш деп аталады. Ұрық қалтасының қабықшасы тозаң түтігімен жанасқан жерде ериді, сөйтіп тозаң түтігі ұрық қалтасына енеді де, жұмыртқа жасушасына бағытталып өседі. Тозаң түтігі ұшының қабықшасы жарылып, одан 2 спермий шығады. Спермийдің біреуі жұмыртқа жасушасымен, екіншісі ұрық қалтасының орталық ядросымен қосылады. Сөйтіп ұрық қалтасына енген екі спермий қосарынан ұрықтануды іске асырады. Қосарынан ұрықтану ашық тұқымды өсімдіктерде кездеспейді, тек жабық тұқымды өсімдіктерге тəн 2-сурет.
Ұрықтанған жұмыртқа жасушасынан диплоидты зигота, ал диплоидты орталық ядродан триплоидты (триплофаза) жасуша қалыптасады. Тозаң түтікшесінің вегетативті ядросы жəне цитоплазмасы ұрық қалтасының цитоплазамасына сіңіп кетеді. Дами келе зиготадан тұқымның ұрығы - диплоидты, ал триплоидты жасушадан эндосперм-триплоидты пайда болады. Тұқым бүршігінен тұқым жетіледі.
Қосарынан ұрықтануды 1898 жылы орман лала гүлінің эмбриогенезін зерттеу барысында орыс ботанигі С.Г. Навашин ашты. Бұл XIX ғасырдағы табиғаттану ғылымдары саласында ең ірі жаңалықтардың бірі деп жоғары бағаланған. Қосарынан ұрықтанудың биологиялық маңызы зор.
Өйткені триплоидты эндосперм ұрыққа қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етумен қатар ата-аналарының тұқым қуалаушылық қасиеттерін беріп, оны нығайта түседі. Егер ашық тұқымдыларда тұқымның эндоспермі аналық гаметофиттің вегатативті гаплоидты ұлпасы ретінде ұрықтануға дейін пайда болса, керісінше жабық тұқымдыларда эндосперм ұрықтанудан кейін пайда болады жəне ол триплоидты.
Жабық тұқымды өсімдіктердің қосарынан ұрықтануының артықшылығы келешек ұрпақтың жоғары тіршілік сапасына ие болуында. Жабық тұқымды өсімдіктердің даму кезеңі жүгерінің мысалында берілді (2-сурет).
Апомиксис. Жабық тұқымды өсімдіктерде ұрықтанған жұмыртқа жасушасынан тұқымның пайда болуы қалыпты жағдай, бұл амфимиксис деп аталады. Мұнымен қатар кейбір өсімдіктерде жеміс жəне тұқым ұрықтанбай дамиды. Бұл құбылыс апомиксис делінеді. Апомиксис кезінде ұрық тұқым бүршігінің бөліктері нуцеллустен, интегументтерден жəне ұрық қалтасының элементтерінен (ұрықтанған жұмыртка жасушасынан емес) пайда болады. Апомиксистің бірнеше түрін ажыратады. Олар: партеногенез, апогамия жəне апаспория.
Партеногенез деп тұқымның ұрық бөлігінің ұрықтанбаған жұмыртқа жасушасынан пайда болуын айтамыз. Партеногенездің 2 түрі бар: Біріншісінде ұрық гаплоидты жұмыртқа жасушасынан, екіншісінде- диплоидты жұмыртқа жасушасынан қалыптасады. Соңғысында редукциялық бөліну болмайды.
Апогамия-ұрықтың синергидтерден немесе антиподтардан пайда болу құбылысы. Егер редукциялық бөліну болмаса, апогамия кезінде ұрық гаплоидты жəне диплоидты элементтерден жаратыла алады.
Апоспория-ұрықтың нуцеллус немесе интегументтердің диплоидтты жасушаларынан қалыптасуы.
Полиэмброния (көп ұрықтылық). Тұқымда екі жəне одан көп ұрықтың пайда болуы полиэмбриония деп аталады. Полиэмбриония цитрустарда, пияздарда жиі кездеседі. Екі ұрықты болған жағдайда оның біреуі ұрықтың алғашкы жасушасынан қалыптасады. Кейде бір тұқым (мандарин) ішіндегі эбриондар саны 20-ға жетеді, бұлардың көпшілігі нуцеллус жасушаларынан ұрықтанбай-ақ (апомиксис) пайда болады. Мұндай ұрықтар нуцеллярлы эмбриондар делінеді.
2-сурет. Жүгерінің даму кезеңі: А-спорофит; Б - гаметофит; М - мейоз:
1-зигота; 2-тұқымды ұрық; 3-спорофиттің өскіні; 4-үлкен спорофит; 5-аталық гүл; 6-аналық гүл (тікесінен жасалған кесінді); 7-8-микроспораның түзілуі;
9-10-аталық гаметофиттің-тозаңның түзілуі; 11-12-мегаспораның түзілуі; 13-16-аналық гаметофиттің-ұрық қалтасының түзілуі; 17-ұрықтану.
Партенокарпия. Жемістің тұқымсыз дамуы партенокарпия деп аталады. Партенокарпия кезінде тұқымсыз жеміс ұрықтануға немесе ұрықтанбауға байланыссыз өтуі мүмкін. Партенокарпиялы жемістсрге жүзімнің (мейіз) сорттары, құрманың тұқымсыз жемістері, тұқымсыз алмұрт, інжірдің тұқымсыз жемістері жатады. Партенокарпты жеміс беретін өсімдіктер тек вегетативті жолмен ғана көбейеді. Партенокарпияньң екі түрі бар: вегетативті жəне стимулятивті. Бірінші түрінде жеміс тозаңдануға дейін немесе тозаңсызданусыз (тұқымсыз алмұрт) пайда болады. Үдеткішті партенокарнияны аралық ауыз үдеткіштер (стимуляторлар) арқылы қолдан тітіркендіріп
тудырады. Үдеткіш ретінде пісіп жетілген туыстарының тозаңы жиі қолданылады. Мысалы, алма аналық аузын алмұрт тозаңымен, бұрышты картоп тозаңымен, қара өрікті өрік тозаңымен жəне тағы сол сияқты тозаңдандырады. Партенокарпияны аналық аузын химиялык реактивтерді, əлсіз электр тогы, рентген сəулелері жəне тағы басқа да тітіркендіргіштерді пайдаланьш туғызуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |