56. Жыраулар поэзиясы - халық өмірінің айнасы
Ордада ханның қасында әр уақытта ақылшы жыраулар болған. Жыраулар - халық поэзиясын жасаған ақылғөй даналар. Олар заманының өздері куә болған елеулі уақиғаларын, тарихи кезеңдерді жырға қосқан... Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халык жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді. Жырауларды халык, қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел шетіне жау келғен кездерде ақыл, кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды. Жырау деген атау "жыр" сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған. Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары - туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау.
57. Жыраулар поэзиясындағы теңеулер мен метафоралар.
Ақын жыраулар өмір құбылысын суреттеуде бейнелі де бедерлі, құнарлы да қуатты, мағыналы да мәнді, отты да ойлы сөздерді мол қолданған. Жыраулар мұрасынан ажарлап, яки құбылтып, құлпыртып қолданған көркемдегіш тәсілдерді көптеп кездестіреміз. Солардың бірі – ауыстыру (метафора) мағынасында ұшырасады.
Әдетте, асыл тастарды әшекейлеп тағу кейбір наным-сенімге негізделгенімен, келе-келе, жыраулар көркемдік мақсаттарға пайдаланған деген пікірлер бар. Оған мынадай жолдар себеп бола алады:
«Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы» [2, 75].
(Қазтуған)
Үмбетей жырау ел қамын жеген Ер Бөгембай өліміне шығарған жоқтауында ой-сезімдерін беру үшін, заттық дүниеге сүйенген:
«Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгембай!
Темір жұмсап, оқ атқан,
Қорғасындай Бөгембай»
Батыр-жыраулар өз бейнесін ашуда жан-жануарларға, аң-құстарға, өсімдіктерге теңеу арқылы бейнесін ашқан. Теңеу сәтті қолданыс тапқан жырдың бірі Жиембет жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» толғауы. Толғауда мынадай тармақтар кездеседі:
«Менің менен ханым ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай,
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай…»
Жырау толғауы осындай өткір тілді болып келіп, бейнелі теңеулермен өз бейнесін суреттейді. «Аюдай, тайыңдай, жайындай, қайыңдай» деген сөздермен шебер құбылтып, тармақтың соңына тіркеп ұйқас ретінде де пайдаланған. Толғауды кезектес ұйқаспен ырғақты өрген.
Бұқар жыраудың ер адамның жастық шағы мен кәрілік келген кезін жырлаған жырынан мына үзіндіге көңіл бөлсек:
«Төскейден қашқан түлкідей
Сылаңдатқан жиырма бес…
…Қатты тамақ шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстандай ақырған –
Бөденедей күш бар ма?»,- бұл жерде жырау батырдың жастық шақта күш қуаты мол болатынын, кез келген жағдайда амалын тауып кете алатын алғыр да, батыр болатынын айта келе, ерлер қартайғанда бөденедей ғана болып қалады деп құсқа теңеп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |