4.Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақстанда білім мен ғылымның дамуы. Соғыстан кейінгі жылдарда ағарту ісіне бөлінетін қаржының көлемі арта бастады. Мектептерге көмек көрсетілді, қор жасау үшін жексенбіліктер ұйымдастырылды, малшы балалары үшін мектеп-интернаттар салынды. 1947 жылы “Қазақ КСР-де жоғары жəне орта білім беруді одан әрі дамыту шаралары туралы” қаулы қабылданды. Жоғарғы және орта білім беру жүйесіне бөлінетін қаржы молайды.1949 жылы жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білім беру ісі қайтадан қолға алынды. Оқуға тартылмай жүрген 15 жасқа дейінгі бала саны 1948 жылы 200 мың болса, 1955 жылы 16 мыңға азайды. 1950 жылдары мектептерде политехникалық білім беруге, оқушыларды өндірістік еңбекке араластыруға, мектептің өмірмен байланысын нығайтуға бағытталған шаралар жүргізілді. 1959 жылы “Мектептің өмірмен байланысын нығайту жəне халыққа білім беру жүйесін одан əрі дамыту туралы” заң қабылданды. 1962-1963 оқу жылынан бастап 8 жылдық білім беруге көшу, 11 жылдық еңбек-политехникалық мектептерін құру, жұмысшы жастар мектептерін көбейту, мектеп-интернаттар жүйесін кеңейту шаралары көзделді. 1946-1956 жылдары кəсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 344,5 мың жас маман дайындалды. 1965-1966 оқу жылында 39 жоғары оқу орындарында 144,7 мың студент оқыды. Соғыстан кейінгі 20 жыл ішінде жоғары білімді мамандар даярлау 11 есеге өсті. 1965 жылы халық шаруашылығында 0,5 млн-нан астам дипломды маман жұмыс істеді. 1970 жылдары жалпыға бірдей орта білім беруге көшу науқаны өріс алды. Кабинеттік жүйені енгізу шаралары атқарылды. Ауыл мұғалімдеріне жеңілдіктер жасалынды. Жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесін тарату, әдістемелік жаңалықтарды енгізу жұмыстары жүргізілді. 1980 жылдардың басында жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің жүзеге асқандығы жарияланды. 1984 жылы кезекті мектеп реформасы басталды. Мектептің материалдық базасын нығайту, 6 жастан бастап оқыту, жаңа пəндер енгізу, мұғалім беделін көтеру қарастырылды. Қазақ мектептерінің жағдайы ауыр болып қала берді. 1970 жылдары ірі агрокешендер құрылып, “болашағы жоқ” елді мекендер жойылып, шағын комплектілі қазақ мектептері жабылды. 1950-1970 жылдары орыс тілінде оқытылатын мектептер 1,5 мыңға артқанда, қазақ мектептері 3891-ден 2577- ге азайды. 1980 жылдардың ортасында ЖОО-ның саны 55-ке жетті. Бұл жылдары студенттік құрылыс отрядтары өріс алды. Орта арнаулы оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 550 мыңға жуық студенттер мен оқушылар 200 түрлі мамандық алды. 1960-1970 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы КСРО-дағы ірі ғылыми орталықтардың біріне айналды. Қазақстандық ғалымдардың еңбектері шет елдерге танымал болды.
5.«Қазақстан-2030 стратегиясы.Барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының өркендеуі,қауіпсіздігі және жақсаруы»-Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді басым мақсаттары. “Қазақстан-2030” стратегиясы – ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы. 1997 ж. қазанда қабылданған. Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған арнауында баяндалған. Стратегияда көзделген мақсат – ұлттық бірлікке, әлеум. әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экон. әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату. Осы мақсатқа орай мынандай ұзақ мерзімді негізгі бағыттар бөліп көрсетілді: Ұлттық қауіпсіздік: аумақтық тұтастықты толық сақтай отырып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы. Шетелдік инвестициялар мен ішкі жинақ қаражаттың деңгейі жоғары болатын ашық нарықтық экономика негізінде экон. өрлеу. Негізгі қағидалары: мемлекеттің белсенді рөлін сақтай отырып, оның экономикаға араласуын шектеу, макроэкономиканы орнықтыру, экон. өрлеуді қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторын сауықтыру, күшті әлеум. саясат жүргізу, энергет. және табиғи қорды өндіруді одан әрі жалғастыру, шетелдік инвестицияларды қорғау. Қазақстандықтардың денсаулығы, білім алуы және игілігі: азаматтардың тұрмыс жағдайы мен деңгейін көтеру, экол. ортаны жақсарту. Бұл стратегия: таңдаулы халықар. технологияларды, ноу-хауды және қомақты капиталды тарту, қордың тез де ұтымды пайдаланылуы үшін басты халықар. мұнай компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестік орнату, мұнай мен газ экспорты үшін құбырлар желісінің жүйесін жасау, отын қорын пайдалану қызметінде дүниежүз. қоғамдастықтағы ірі елдердің Қазақстанға және оның әлемдік отын берушілік рөліне ынтасын ояту бағытын ұстау, ішкі энергет. инфрақұрылымды жасау, өзін-өзі қамтамасыз ету және бәсекеде тәуелсіз болу мәселелерін шешу мәселелерін қамтиды. Инфрақұрылым (көлік және байланыс): ұлттық қауіпсіздікті, саяси тұрақтылықты нығайту, экон. өрлеуді күшейту. Отандық көлік-коммуникац. кешеннің әлемдік рыноктағы бесекелестік қабілетін қамтамасыз ету және Қазақстан арқылы өтетін сауда ағынын ұлғайту міндеті қойылған. Кәсіпқой мемлекет: іске шын берілген және елдің негізгі мақсаттарына қол жеткізуде халық өкілдері болуға лайық мемл. қызметкерлердің осы заманғы қабілетті құрамын жасақтау. Бұл саладағы міндет осы заманға сай тиімді мемл. қызмет пен нарықтық экономикаға оңтайлы басқару құрылымын құру, басты мақсаттарды іске асыруға қабілетті Үкіметті жасақтау, ұлттық мүдделердің сақшысы болатын мемлекет орнату. Қазақстан осы стратег. міндеттерді орындай отырып, 2030 жылға қарай дамыған елдердің деңгейіне жетуге, дүние жүзінің ең дамыған жиырма елінің қатарына қосылуды көздейді. Реформалар стратегиясында экон. және саяси құрамдағы ырықтандырудың өзара ажырамайтын байланыста болатындығы ескерілген. Бәсекелестік қабілеті ашық та риясыз жағдайда қалыптасқан қоғам орнату одан әрі демократияландыру арқылы өтеді, ол, түптеп келгенде, сайлауды әділ өткізуге, саяси партиялардың, парламенттің рөлін, үкіметтің мүмкіндігін күшейтуге, сот жүйесін реформалауға, БАҚ-қа еркіндік беруге, әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге саяды.
6. 1917 жылғы бірінші және екінші жалпықазақ съездерінің тарихи маңызы. 1917 жылғы жалпы қазақ сиезінің тарихи маңызы. «Алаш» партиясының құрылуы және оның бағдарламасының қабылдануы. 1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл съезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз:
Мемлекет билеу түрі
Қазақ облыстарында автономия;
Жер мәселесі;
Оқу мәселесі және т.б.
Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н.Мартыненконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында. Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған. Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды.
Бірақ бұл сиезде нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай съезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Народный сот») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде» жүргізілу керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған.
1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және съез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ зияларының ғылыми жұмыстарымен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару әрекетімен де, көркем әдебиетімен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде
- оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;
- жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;
- қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;
- оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;
- үкімет оқу ісіне кіріспеуі;
- мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;
- ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.
- газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік - деп көрсетілген
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезі өтеді. Съездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б..
Бұл сиезде автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыстар бірнеше күнге созылды. Осы съезде Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатов баяндама жасады: қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру керектігін тілге тиек етті. Осы мәселе бойынша құрамы 5 адамнан тұратын бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілінде оқулық жазатын комиссия құрылды. Комиссия орталық ұлттық кеңеспен бірге болу керек. Комиссияға оқулықтан басқа да жұмыстар жүктелді. Атап айтсақ: ұлттық мектептерге арналған бағдарламалар; мұғалімдерге арналған нұсқаулар; бала тәрбиесі жөніндегі кітаптар; барлық қырғыз-қазақ мектептерінде халықтық білім беру іс-шараларының
Ережелерін жасау; қазақ тілінде жазу үлгілерін енгізу; қазақ тіліне пайдалы кітаптарды, брошюраларды аудару т.с.с. Комиссия 1918 жылдың басынан жұмысқа кірісу керек. Өздері құрастырған кітаптарын, бағдарламаларын баспаға жариялап отыру қажет. Комиссия құптамаған окулықтар басылымға шығарылмайды. Комиссия жұмысына қаражатты облыстық земстволар ұлттық қордан бөлуге тиіс делінген.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды [9].
Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.
Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған.
Алаш партиясының жетекшілері
1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады.
Достарыңызбен бөлісу: |