7. ЧЕХИЯ
Чехословакия территориясында «шыр» етіп жерге түсіп, кіндігін сол жердің суына жуған фантастикан жанрының нәрестесін сөз қылғанымызда әуелі Карел Чапектен бастау керек. Драматургия да, поэзия да, проза да Чапектің қаламына үйіріле қалатын. Оның жазушылық зор мәдениеті жаратылыстану ғылымдары мен философия проблемаларын жақсы білетіндігімен ұштасып жататын. Сонымен бірге онда өмірдің ішкі құрылымы мен тысқы тек көзге жылтыр қоғамдық құбылыстары көргіш сатириктің өткір көзі болған-ды. Міне, осы ғылыми-фантастикалық және сатиралық қасиеттер жалғыз Карел Чапектің бойына жиілған болатын.
Карел Чапек әдебиеттегі өзінің қадамын алғаш драматургия саласында бастайды. Ол ағасы Йозеф Чапекпен бірігіп жазуға кіріседі. Ал реалистік шығармаларды ағасымен бірігіп жазса, енді оның жалғыз өзі фантастикалық пьесалар жазады. Оның тұңғыш пьесасы «Р. У. Р.» 1920 жылы жазылады. Мұнда бір ғылымның тірі заттың синтезін тапқаны сөз болады. Ол оқымысты сол «робот» деген сөз дүниеге «Р. У. Р.» пьесасымен келген. Ғылымға бір термин фантастикадан енді деп біз мақтана аламыз. 1922 жылы Карел Чапек «Макропулос ісі» деген жаңа пьеса жазып шығады. Мұның негізінде орыс ғалымы Мечниковтің кәрілік адамның өзін өзі бірте-бірте уландаруынан туады деген идеясы жатыр. Пьесаның бір кейіпкері мәңгілік өлтірмейтін сусын ішіп, үш жүз жылдан аса өмір сүреді.
Бұл пьесалардың соңын ала «Абсолют фабрикасы» (1922 жылы), «Кракатит» (1924 жылы), «Саламандралармен айқас» ( 1936 жылы) ғылыми-фантастикалық романдары дүниеге келді. «Саламандралармен айқас» романынан кейін «Ақ індет» (1937 жылы) драмасын жазды. Бұлардың қай-қайсысында да автор өз заманының толғағы жеткен саяси мәселелерін қозғау үшін ғылыми-фантастика жанрын алдында шымылдық етіп тұтады.
Қазіргі замандағы фантастика проблемалары турасында азды-көпті мәселе қозғағысы келген әрбір зерттеуші Карел Чапектің осы шығармаларына соқпай өтуі мүмкін емес. Себебі: чех фантасының туындыларында өзіндік ерекшеліктері бар. Оларды оқушы қауымға ашып көрсету үшін байыпты еңбек керек болар. Жалғыз өткен жылдың өзінде «Художественная литература» және «Наука» баспалары шығарған екі бірдей кітап соның айғағы болса керек. Карел Чапектің шығармалары қазіргі біз емес, өз тұсындағы оқырман жұртшылыққа да зор әсер қалдырды. Тіпті ұлы драматург Бернард Шоудың өзі Карел Чапектің қайтыс болғанын есіткенде : «Неге оның орнына мен өлмедім екен!», – деп қайғырады.
1965 жылғы өткен Чапекке арналған симпозиумде совет фантасы Аркадий Стругацкий былай деген: «Чапек Уэллспен қосылып ХХ ғасырдың искусствосындағы әдебиеттің мүлдем жаңа тармағын жасаушылардың бірі болды. Бұл жаңа әдебиет әлеуметтік фантастика, фантастикалық реализмнің әдебиеті».
Чех фантастикасына Ян Вайсс та едәуір үлес қосқандардың бірі. «Вайсс – чех жазушылары Ян Арбес, Сватоплук Чех, Карел Чапектің дәстүрлерін жалғастырушы, көптеген фантастикалық романдар мен әңгімелердің авторы», – дейді ол жөнінде И. Порочкина. Вайсстың фантастика саласында жазған дүниелерінің ішіндегі ең мақтаулысы – «Немерелеріміздің елінде» кітабы. Бұнын жұлын тұтасын әңгімелер құрайды. Планетамыздың келешекте болатын тапсыз қоғамды көз алдына елестетін автор өмірдегі болуы мүмкін құбылыстарға тек қана марксизм тұрғысынан қарайды. «Ертеңгі күннің адамы қандай болуы керек? Қазіргі адамдардан айырмашылығы қандай? Олардың үлгісін қайдан табуға болады? » дегендей өзіне өзі сұрақ қойып, автор соған жауапты бүгінгі күніміздегі жасалып жатқан жақсы істердің аймағынан іздейді. Бұл сұрақтарына сәтті жауаптар да табады. Осы кітабы үшін жасы бірталайға келген жазушыға Чехословакия жастар одағының сыйлығы беріледі.
Чехословакия фантастикасында ауызға аларлық тағы бір жазушы бар. Ол – Йозеф Несвадба. Жалпы әдебиетке Несвадба ағылшын поэзиясын аудармашы есебінде келеді. Келе-келе «Өмір сүремін» және «Сваров» пьесаларын жазады. 1950 жылы Жюль Верннің «Жер жүзін аралап шыққан 80 күн» романының негізінде сценарий шығарады. Фантастикаға Несвадбаның келуіне Жюль Верннің осы шығармасы себепші болса, екінші жағынан өзінің мамандығы да септігін тигізуі сөзсіз. Ол психиатор-дәрігер болып жұмыс істейді.
1958 жылы жарыққа шыққан «Тарзанның өлімі» атты фантастикалық әңгімелер жинағын чехтің оқушы қауымы жылы қарсы алды. Фантастика жанрындағы дебютін сәтті бастаған жазушы 1960 жылы «Эйнштейннің миы» жинағын, онан екі жыл өткесін «Кейінге қарай сапар шегу» жинағын беріп тастады. Қазірде Несвадба чех фантастикасындағы жетекші жазушылардың бірінен саналады. Йозеф Несвадба фантастикадағы әлеуметтік және философиялық мәселелерді қозғайтын бағыттағы өкіл боп есептеледі. (КСРО фантастарының ірі фигуралары Ефремов, ағайынды Стругацкийлер де осы бағытта жазушылар ғой).
Әзірше бірді-екілі ғана кітаптары жарық көрген В. Кайдош, Ф. Бегеунек сияқты жас жазушылар турасында «олар мына бағытта» дегендей кесіп-пішіп пікір айта алмаймыз. Алайда чех фантастарының жалпы бағыты айқын. Олар келешегі жарқын болашақты әсем дауыспен шақырғысы келеді. Олардың қазіргі туындылары соған куә.
Достарыңызбен бөлісу: |