9. ГЕРМАНИЯ
«Фантастика соңғы кездерде индустриясы гүрлей дамыған барлық елдерде өркен жайып өсумен келеді. Келешек тақырыбына повестер мен әңгімелер жазушылар бізде әзірше аз болғанымен, Герман Демократиялық Республикасында да фантастика өсіп келеді. Біздің ғылыми-фантастикалық әдебиетте «реалистік фантастика» деп атауға болатын ағым қалыптасу үстінде. Оның авторлары бізге тақау болашаққа байланысты материалдарды пайдаланады, олардағы уақиғалар космоста емес, мүмкіндігіше Жерге жақындау төңіректе өтеді», – дейді Карлос Раш.
Шынында да осы фантаст айтқандай бағытқа Герберт Фридрихтың «Мұз құрсау», Эбергард Даль-Антонионың «Ата-бабаның қайта оралуы», Люстер Вайзенің «Марс құбыжығы» және өзіміз жоғарыда сөзін келтірген Карлос Раштың «Теңіз түбіндегі көлеңкелерде» атты шығармаларын қосуға болады.
Фантастика әрқашан да тек қана өзіне тән әдісті қолдануы тиіс. Германия фантастикасы да сол мүмкіндікті дұрыс пайдалануда. Ол әдіс – шығарма сюжетін ғылым мен техниканың процестері негізінде құру. Адам мен машинаның ара қатынасы осы жерде айқын көрінсе керек. Фантастикада табиғат күшіне қарсы тұрған адамның жеңісі бейнеленуі тиіс. Осы міндетті жаңа-жаңа ғана бесіктен белі шығып келе жатқан Герман Демократиялық Республикасының топырағында туған фантастика жанры атқаруды өзінің алдына берік қойғанға ұқсайды. Оған алғашқы туындылар куә.
Достарыңызбен бөлісу: |