1984 жыл.
ЖАНР ЖАНАШЫРЛАРЫ
ҚАЛАМЫМЕН ҚИЯЛ «ОРҒАН»...
Кешегі, коммунизмге енді-енді өтіп кете жаздаған, заманда кім-кім болса да: «Қиял құлашын сермейтін азаматты басымыздан кешіріп отырмыз», – деп даурығыстырдық. «Қиялға қанат бітіретін уақытта өмір сүріп отырамыз», – дестік... Ал, қазір ше? Мемлекетіміз тұрмыс сүру дәрежесі бойынша дүние жүзі 93-орынға «шыққан» кезде ше? Енді осы тұстағы әлгі қиялдың хал-ахуалы қалай?
Байқап қарасақ, бір қызығы – қиял сол баяғы асқақ, ештеңеден мойымаймын өркөкірек, арманшыл қалпы! Сол баяғы болашақ атаулы сыйқырлы дүниені аңсаудан бір таймаған күйі!.. Осы жерде қайран Н. Г: Чернышевскийдің: «Қиял бізді өмірде жұтаң болғанымызды ғана билеп алады... Төбемізде жайсаң үй түгіл, тіпті жеркепе жоқ кезде қиял өзінің аспанмен тілдескен ақ ордасын тұрғызады... Өмірдегі күйкі тірлік – фантазиядағы өмір болашағы», – дегені еске орайымен түседі...
Соған қарағанда, – деймін-ау, – планетамыздың табиғатының бір ұтырлы, ұтымды құбылысы – өзі сұрыптап жаратқан саналы Адамзаттың Қиялы үшін уақыт, заман тежеуіші болмаса керек! Осы қажырлылығымен, өткірлілігімен Гомо Сапиенстің Қиялы басқа бекзаттық дүниелерден еңсесі биіктеу тұрса керек!..
Сондықтан да мен: «Қиялмен қоян-қолтық араласқандар да – арманда, оған «қол тигізбегендер де – арманда», – дер едім. (Мұндай күй өз басымнан өтіп жүргесін айтып отырған жайым да.)
Осы қиял (Мұхтар Әуезов: «Хиял», – дейтін-ді) бір замандарда ауызекі әдебиеттің (фольклордың) көшіп бастағанын бәріміз де білеміз. Алайда жазба фантастикалық әдебиеттің «күні туғанда», жасыратын несі бар, жетім, жалтақ баланың күйін кешті де қалды. Қазақ әдебиет орбитасына үш жүзінен не өткен ғасырдың екінші жартысында Жюль Верні мен Герберт Уэллсі, не екі ғасыр шекарасында Карел Чапегі мен Хьюго Гнесбегі, не үсітіміздегі ғасырдың елу жылдығында Кабо Абэсі мен Айзек Азимовты, Александр Беляеві мен Пол Андерсені, Роберт Шеклиі мен Станислав Лемі, Иван Ефремовы мен ағалы-інілі Аркадий мен Борис Стругацкийлер, Рей Бредбериі мен Саке Комацуы... қойшы, әйтеуір, бүгінгі аталмыш жанрдың беделін көтеріп тастаған жазушылары «мен мұндалап» көрі қоймады. Бұл жүдеу жағдайдың көрінеу («объективтік» дей ме?) себеп-сылтаулары болғаны белгілі. Сондықтан да әлгі айтқан уақыт белестерінде бүгінгі дүние жүзілік озық фантастикаға қойылатын талап-тілек деңгейінен шыға алмағанын кешіру – күнә емес...
Оның есесіне осы енді-енді қоштасқалы отырған ғасырмыздың екінші жартысында қазақша сөйлеген, қазақ елін, жерін тағы басқа атрибуттарын өз туындыларының өзегі етуге ұмтылған, «ғылыми-фантастика» деген трифпен белгіленген әңгіме, повесть, романдар тебіндеп, «көктей» бастады... Бір қызығы (іштей қуанарын да) – осы дүниелер бәрінен бұрын, көбіне-көп өз заманы талап етіп отырған ғылыми-техникалық арман-қиялға бой ұруға күш салғандығы.
Сол тұста бірталай есті, ойшыл, шынайлы оқымыстылар қатарында мен санайтын академик П. Ребиндердің: «Ғылыми фантастика ғылымға нағыз үгітші және насихатшылық қызмет атқара алады деп есептеймін. Шақпақ тастай бір шаққанда оқырман жүрегіне ұшқын түсіре алатын – сол. Ғылымға нағыз дарынды зерттеушілердің жаңа легін тарта алатын – тек сол», – дегені фантастикаға қойылатын талапты дәл ме дәл айқындаса керек...
Міне, қолына жаңа-жаңа қалам ұстап, әдебиеттің осы бір сыйқырлы Галактакасына самғауға талаптанған қазақтың оқыған жастарының осы ғұрыптас дәйекті тұжырымдамаларды өздерінің шығармашылық құбылнамасы есептегендей, ғылымға да, қиялға да басқаша бүйірінен қарауға мұрындық болған нәрсе – планетаны мәңгілік тартылыс жеңген сексен алты килограмдық Жердің жұдырықтай жасанды серігі самғаған 1957 жылғы 4 қазан екенін мойындамау – білместік. Бұл уақиға жалпы ғылыммен бірге жеке техникалық мүмкіндіктеріне де мезгеді. Оның ішінде, әсіресе, сол техникадан тұратын келешек көліктеріне де.
Қараңызшы. «Уақыт ұтқандар» әңгімесіндегі «жер басып жүретін» автомобильді көрңізші: «...Шынында да мынаны бұрын көрген жеңіл машиналардың біріне ұқсата қою қиын еді... Біз таяп келгенде, «машина» есігі баяу жылжып ашыла беріп еді, төртеуіміз жайғасып болған кезде, «машина» да ешбір дыбыссыз орнынан қозғалды. «Машинаға» кіре бере-ақ ерекше бір хош иіс кеңсірегімді қытықтап өткендей болып еді. Шынында да алдамшы түйсік емес екен: сәлден соң мен «машинаның» ішінде емес, шілікті бұлақтың саясында отырғандай сезіндім өзімді. Қазір біз мінген «машина» қия тастарға жантайта орналыған... Тіреу басындағы қомақты шеңбердің ішімен ағып келеді... Айт-айтпады, мынау электр әрекеті ғой. Егер шеңбер тәрізді иілген өткізгіштер оқ жіберіп, темір жаңқасын таяған кезде, дәл осыған ұқса құбылыс болатыны есіме түсті... Ендеше, мына бір мінген гравиобильді (мен манадан «машина» деп отырған астымыздағы көлікке өзімше ат қойып, айдар таға сөйледім) көтеріп тұрған гравитация өрісі де, оны алға тартып келе жатқан күш те – электр болғаны ғой», – деп әспеттейді автор өз қиялындағы келешектің бір «аяқ артар» мүлкін...
Осы автор өзінің алғашқы шығармашылық жолында жалпы жүріс-тұрыс, тасымал жасайтын техникалық өнертабыстарға көбірек бой ұрып, үйірсек болғаны байқалады. Мәселенки, ол жиырма үшінші ғасырдың бір өнертапқышы хақында қиял жүгірткен «Торға түскен күш» атты суреттемсінде кәдімгі инерцияны жұтып алатын, аспапты көлікке пайдаландырады. Материядағы, (бұл жалғандағы) қай қозғалыс атаулыда да инерция (қарқын) болуға тиіс екені белгілі. Оның біз үшін тигізер пайдасы да шығарар зияны да бар. Зиян-залалы – қатты қарқынмен ағызып келе жатқан көлікті кілт тоқтатуға көп күш сарп етуге мәжбүр қылатындығы. Демек, жылдамдық қажеттік қылған жағдайда малсыздан тежеліп отырылады. Сонда инерция белгілі бір дәрежеде шапшаңдықты арттырып, уақыт ұтуға кеселін тигізеді. Осы инерцияны жойып, көліктің жылдамдығын өсіру не өшіру жолын қарастыру үстінгі автор ұрымтал идея ұсынған-ды: инерциялық күшті жұтқыш, өзі қалам қарамындай аспап жасалса, соның арқасына кәдімгі автомашина сағатына жарты мың шақырымға дейінгі қарқынын өсіріп те, оны өшіріп, сол сәтте кілт тежеп те, тоқтата алады... Міне, автожүргізушілерге не керек? Осы!..
Бұл аз дегендей, аталмыш туындыгердің Жер қыртысын қаннен-қаперсіз қатпар-қатпар тіліп жүре беретін көлігі де табылады. «Саяхат» әңгімесінде. Ондағы кейіпкерлердің алдына қойылған басты міндеті – Жер кіндігіне саяхат жасау. Әрине, осы планета қойнауында емін-еркін жүретін көлік арқылы ғана атқаруға болады.
Ал, ол мынандай: «Мені қатты таңдандырған нәрсе – корабльдің сыртқы түрі болды. Оның болаттан жасалмағанын бірден сездім. Алғашындап маған корабль ішінде жүгері дәніндей текше толтырған, әйнектен жасалынған астау сияқты болып көрінді. Сәлден кейін ол текшеден өрілген сауық сықылданды. Нені аңғардым: корабль макетінің өн бойы алабұғаның арқа қанатындай жұқа затпен және есекке ұқсас балықтың қабыршағы тәріздес қалақтармен көмкеріліпті», –деп, саяхатқа ғалымдармен тізе қосысып жүруге бел байлаған тілші оны осылай сипаттап, таныстырады.
Әңгімеде жер асты кемесінің жүріс-тұрыс принципі де оқырманға түсіндіріледі. Радий отымен жүретін ол көліктің маңының қысымы, ыстығы қыруар өсетіні белгілі. «Ал осынау балқыған сұйықтың ішінен корабльді сүңгуір қайықша сүйрейтін күш – мынау, – деп профессор қысқа еске тәрізді нәрсені нұсқады. – Алайда Жер қысымы қызу артқан сайын көбеймесе, азаймайды. Бұл қысым корабль ескегінің қимылдауына да мұрша бермейді. Ендеше, қысым атаулыны жою керек, – деп, – Ерболов алабұғаның қанатынша тікірейіп тұрған жұқа заттарды көрсетті. – Оны атқаратын – мынау. Бұл корабль маңындағы жердің өз қызуын да «сорып» алады. Сонда корабльдің айналасы бір сәт суып, оған түсетін қысым лезде төмендеп кетеді. Ал әлгі жылу есуге жұмсалады...»
Міне, байқадыңыз ба, бәрі де – айқын, бәрі де – соқырға таяқ ұстатқандай!.. Қарапайым... Жасауы енді оп-оңай секілді көрінеді де тұрады... Қиялдың «қулығы», «сиқырлығы» осындай, бәрін қарапайым нәрсе ғып көрсетуге тырысып бағуында болса керек!..
Осы үзіндіні келтіріп отырғандағы мақсат – жер астындағы кемесінің фантастикалық бейнесін тағы да бір рет көз алдымызданелестетіп өткізу. Автор өзінше техникалық есеп-қисап жасайды. Солардың арқасында қиял көлігін дүниеге әкеледі. Оның дәлелдемелері, шынтуайттап келгенде, байсалды ғылыми есептерге келгенде қайшы келіп те қалар. Мәселе онда емес. Гәп – осы фантастикалық көліктің әңгіме идеясымен қолтықтасып тұруында. Демек, ол идея – фантастика үшін шындық...
Аталамыш автор осы қиял көлігіне қайта айналып соққанын тағы көрдік. Бұл жолы Жер бетін былай қойып, аспанға әуелеп кетеді. Шығармашының айтқанын қайталайын: «Қазір кездейсоқ кең тауып, жердің терең қабатын «тіміскілеп» ұшып жүрген барлаушы тік ұшақ-автоматқа «Жарқанат» ат кездейсоқ тағылмаған-ды. Себебі: ол кәдімгі жарқанаттың қызметін толық атқармағанымен, оның жұмыс принципі, соның табиғатына негізделіп жасалған!.. Сезгіштігі жөнінен «Жарқанат» жанды жарқанаттан кем түспейді. Бірақ бұның көретін «көзі» дыбыс тоқыны емес, радио толқыны... Осыған орай, тікұшақ-автоматта өте қысқа радиотолқын шығаратын генератор мен оны төмен қарай бағыттап тұратын арнаулы аспап бар. Осы толқынның біразы жерқыртысынан еркін өтіп, оның қойнауындағы кен және басқа қабаттарына жеткенде, шағылысып, «Жарқанатқа» оралады... Мұнымен қатар «Жарқанатта» күнілгері берілген «бағдарлама бойынша тікұшақты басқарып отыратын электонды аспаптар бар»...
Қазірден қырық шақты жыл бұрынғы жұртшылыққа ұсынылған осындай «аэроэлектронды жоба» бүгінде өмірде анағұрлым жетілдіріліп, кәдеге асып, шаруашылықтың құпия да жария мүддесіне пайдаланып жүргенін білеміз. Алайда, өз тұсында, яғни осыдан жарты ғасырға жуық бұрында фантастика жанры үшін нағыз керек нәрсе – «неге осындай тікұшақ жасамасқа?» дегендей сұрақ туғызған-ды. Міне, аталмыш әдебиеттің ел арасына, қағылкез оқырман ортасына кең тарауының бір сыйқыры – осы «неге жасамасқа?» сұрағы төңірегінен табылуында...
Менің есіме осы арада өзінің футуралогия саласындағы жан-жақты, есті ғылыми-социологиялық зерттеулерімен көңілімнен жиі-жиі шығып, былайша айтқанда, үнемі дерлік «қышыған жерімді қаситін» тарих ғылымының докторы И. В. Бестужев-Ладаның: «Рас, кейде әдебиет келешекке ғылымнан бұрын құлаш сермейді. Кибернетикамен жарақталған қоғамдық өндіріс қандай болмақ? Бұған не социология, не экономика ғылымы жауап бере алмайды. Жауапты жазушылар беруге тырысады», – деген бір дәйектемесі түсті. Тарихшы дұрыс айтады. Бұл жерде ол әдебиеттің жартысын жыртып отырған жоқ: қиялдың шын мәніндегі пәрменін басқаларға мойындатуда...
«Автор осыншама фантастикалық көліктерді қаузай беретіні несі? деуі мүмкін базбіреулердің. Кешіріңіздер, олай емес. Оның шығармашылық қызметімен едәуір таныс оқырман туындыгердің ғылымның сан саласына «қол жүгірткені» көре алар еді. Мысалға, ХХІІІ ғасырдың бір өнерапқышы туралы суреттедегі» басты кейіпкер Тоқтас Әбіловтың қолынан келмейтіні кем де кем. Қан қысымы тасынған адамнаң кеудесіне салатын механикалық жүрек жасайды. Бұл – медицинаның ортопедия және травматология тарауынан қарасты объектісі дейік. Екіншісі: «Жердің тарту күшін жоятын өріс шығаратын гравигенератор» жасап шығарады. Демек, енді Әбілов физикаға аунап түседі. Оның өзінде күні бүгінде де күллі планета оқымыстыларының тынымсыз айналысып жүрген сүбелі мәселесін «қағып тастайды». Үшінші ретте инерцияны жоқ ғып, жұтып жіберетін «қалам» ойлап табады...
Қараңыздаршы. Қаншама ғылыми болжам саласына сол кездегі жас автор қалам тартуға ұмтылған. Мұндай талпынысты оның «Ақиқат формуласы» повесінен, «Әл-Фараби көпірі», «Көрінбес қорған», «Өмір шуағы», «Гравитон», «Профессордың өлімі»... әңгімелерінен әбден байқалады.
Елуінші жылдардың аяғына таман қазақ әдебиетіндегі фантастиканы «тіске басып байқағысы» келген, бір уақытта дерлік жапа-тармағай көріне бастаған алуан түрлі жоғары білім иелері – жастардың аяқалыстары осы тәріздес болатын. Бәрі дерлік қиялымен ғылымның келешек тағдырын шешіп жататын. Ол кезде осы тәріздес жас қалам ұстаушылар өз тұсында ғылым тарихын зерттеуші, Халықаралық Эйнштейн комитетінің төрағасы, академик Б. Г. Кузнецовтың: «Қазір ғылымдағы байқалған бағыттың сипатын айқындау қиын. Ол бағыттардың техникалық нәтижесін өмірде қолданғанда, неге қол жететінін айқындау одан да қиын», – дегенін біле бермеген болар. Бірақ, ол жастар бар интуициямен оны сезгенге ұқсайды. Ол сезімдерін, сондықтан да, мақтаулы не ортақолды болса да, фантастика «тәсілімен» оқырман қауымға аңғартып отырғанына қазірде біз куәгерміз.
Соның бір дәлелі – ертелі мен баяндап отырған туындылар. Олардың иесі – А. П. Чеховше кетсек, «некелі әйелі» – тау-кен ғылымы, ал «жүретін келешегі» – ғылыми-фантастика жанры аталатын жазушылық кәсіпті «айналдырып» жүрген, бүгінде жасы ертеректе жұрт: «ер жасы – елу», – дегеннен де шаршамай-талмай он жыл асып түскен Қазақ Ұлттық техникалық университетінің профессоры.
Ол – қаламымен қиял «орған» Шәмшиден Әбдіраманұлы!
Достарыңызбен бөлісу: |