1967-1969 жылдар.
ҚИЯЛ ДА БҮГІННЕН БАСТАУ АЛАДЫ
Сонымен космонавтикасының Бас конструкторы С. П. Королев бірде: «Барлық нәрсе де қарапайымнан басталады. Оның ерекшелігі кейін ғана байқалады», – деген-ді. Сондай-ақ біздің тап қазіргі өмір кешіп отырған уақытымыз өзімізше үйреншікті, қарапайым болып көрінетін сөзсіз. Алайда осы тәулігімізбен біз тамаша, таңғажайып келешекі бірте-бірте жақындату үстінде екенімізді ешкімнің де таласы жоқ шығар.
Ал фантастика – соны тездеттіре түсуге талпынатын әдеби жанрымыз. Бұл айтқанды дұрыс түсініңіздер. Ол «былай болуға тиіс» деп кесіп-пішіп айта алмайды. «Осылай болу мүмкін-ау» дер көп болса. Онда да фантастика бәрінен бұрын өзі дүниеге келген тұсындағы замана тірлігінен бастау алғанда ғана толыққанды көркем шығарма санатынан қосылуы мүмкін.
Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде көрініп жүрген фантастикалық шығармаларға қарап отырсақ, олардың авторларының басты принциптері соған келіп саяды екен. Яғни келешекке бүгінгі күннің призмасынан қарайтынының куәсі болып отырмыз.
Бүгінгі күн... Тап қазіргі таңда күллі планетамыз үшін басты проблема болып саналатын проблема – бейбітшілік. Галактика өлшемімен қарастырғанда, көздің қарашығына е жетіп, е жетпейтін жұмыр Жердегі қаншама мыңдаған жылдардың нәтижесі есебінлегі саналы тіршілікке тап бүгінгідей хауіп төне қоймаған шығар. Термоядролық реакцияны игеріп алған қанқұйлы капиталистік мемлекет басшылары біздің цивилизациямызды жоюдан кетәрі емес. Ол үшін космосты пайдаланбақ ойы бар. Рейган президент тағына отырғасын бір жылдан кейін-ақ «космостық» мүддеге бөлінетін қаржы 33 процент асып түсті. Қазірде космосты бейбітшілік ниетіне пайдалануға бөлінген ақшадан пентагонның жұмсайтын пұлы үш есе артып отыр...
Міне, осындай халықаралық жағдайда қазақ фантастары өзіндік дауысын білдіруде. Солардың бірі – С. Исақовтың «Лучник сәулесі» әңгімесі («Білім және еңбек» журналы, 1982 ж., № 1). Төртінші Күн жүйесінің «Бақыт» планетасынан кері оралған ғарыш кемесінде «лабораториялық жолмен «қызыл сәуле» алынды. Жігіттер оны өзінше «Лучник сәулесі» деп жүрді. Сәуле жарық жылдамдығынан да елу есе шапшаң». Профессор Лучник басқарған халықаралық экипаждың бұл өнертабысының атом, нейрон бомбаларын зарядсыздандыру қабілеті бар. Демек, Жердегі термоядролық қоймалардағы тірі жан біткенді қырып-жоятын қаруды зиянсыздандыруға мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, «Лучник сәулесінің» өзімен-ақ қарусыздандыруға болады. Алайда кемедегі физик Остар Ларктың пейілі басқада. Сол жаңа элементті өз ниетіне пайдаланып, планетаның билігін өз қолына алмақ. Сол үшін ғарышкерлерді қырып тастауы керек. Мұндай оның арам ойын сезіп қалған Николай Павловский кедергі жасайды. Ол Жерге тақалғанда, кемені жарып жібереді.
Автордың айтпақ ойы – пайдасы мен қатар кеселі де тиюі мүмкін жаңалықтың жат қолына түспеуін мақұлдау. Жалпы идея дұрыс қой. Бірақ та жеке әңгіменің өзіне қатысты бір-жар мүлт кеткен тұстарыны сіздердің назарларыңызды аударсам деп едім. Біріншіден: кеме Төртінші Күн жүйесіне несіне барды? Айтылып отырған жаңалықтарын қайтып келе жатқан жолда жасаған жоқ па? Екіншіден: әңгіме соңы: «Лучник сәулесінің» Жерге өзі емес, оны алудың сызба-жобасы салынған берік сандықшасы ғана жетті» деп бітеді. Тап осынысы өтірік. Айда жарылған кеменің бір заты қалайша Жерге аман-есен жете алған?.. Осындайлар бір қараған көзге ұсақ-түйек нәрсе секілді. Алайда, күллі тұрқы оқырманды қанағаттандыра алатын шығарманың осылар шырқын бұза алады. Жас авторға содан сақ болған жөн демекпіз.
Р. Бектібаевтың «Жұмбақ жігіт» әңгімесінің де («Білім және еңбек», 1982 ж., № 8) идеясы әлгіге кіндіктес болып келеді. Бірақ мұндағы өзгешелік – уранның кеселді қасиетін жоюға, басқа планетадан, метагалактика ғылыми орталығынан, кісі жөнелтіледі. «Бүкіл денесін ең майда нейтрондар бөлшегіне жіктеп, жарық сәулесімен бірге белгіленген бейнесіне енетін де, одан айнаға шағылысқан жарықтай қайта қайтады» дейді автор жолаушының келіп-кету әдісін.
Бұған да айтар пікір бар. Басқа әлемнен келген «Жұмбақ жігіт» біздің көзімізше ештеңе бітірген жоқ. «Табан астында ғайып болды». Келген мақсаты белгілі, атқармақ ісі айқын. Бірақ милиция бөлімшесінің қызметкерлері тексермек болғанда, қашқаны несі? Түсіне қоймадық. Жас жазушы қонақүй бөлмесінде тек қана видеофон тұрғанына қарамай кезекші қызға: «Таныс қыздарыңа телефон соғып отырмысың?» – деп сұратқаны қисынға келе бермейді...
Жерде қолдан келер небір бәлемізді жасап алып, «қызыл көзден» кім құтқарар екен? Деп адамдар қарап отырмаса керек. Гомо сапиенстің қолынан қыруар шаруалар тындыру келеді. Керек десеңіз, басына қатер төнген бөгде планетаның тіршілік иелеріне де көмектесе алады. Оның мысалын А. Нұрмановтың «Тіршілік жалғаса береді» әңгімесінен («Білім және еңбек», 1982ж., № 1) көреміз. Автор – мектеп оқушысы – өз кейіпкер сапарға космошаңсорғыш жасаттырады. «Аппараттың қызметі – кәдімгі ағаш жапырағы, өсімдік секілді оттегі бөліп шығару. Тек жапырақтардың орнын химиялық белоктар атқарады». Осы құралымен ыласталған Жер атмосферасында оттегі азайып, көмір қышқыл газы сүмбілеліктерге де (сұрай келгенде ) екі сондай космошаңсорғыш жөнелтіреді. Қаламы әлі ұштала қоймаған мектеп қабырғасындағы жастың фантастика тілімен космос гуманизмін жыр етпек ойы бізге ұнайды.
...Интернационалдық экипаж атты беймәлім планетаға қонады. Кеме командирі Гробдергтің бұйрығымен оның бетіне тек қана балаушы роботтар шығып, онда зерттеу жасайды. Пайдалы кен қазбаларын іздестіреді. Тауып алады бірдеңелерді. Оның не екенін кеме ішіндегі астронавтардың бірі – Еркін – командир мен Билдің жасырын сөздерінен аңғарады. «Бұл кристалдарда атомнан да, нейтроннан да асқан ғаламат күш бар. Тек күн қараңғылығында тас сәулесі төңірегіне өлім уын себеді... Мұны әзірге санаулы адамдар ғана біледі... Кристалдың ғаламат, таңғажайып күші туралы менен сұрамағаның жөн» – деген Гродбергтің сөзін естіп қалады. Еркін оның қырып-жою мақсатына айнала алатын қару болатын нәрсе екенін сезеді. Сондықтан да оны Жерге жеткізбеу керек. Милитаристердің қолына түсірмеу керек. Өз еліне нендей қауіпті жүк әкеле жатқанына енді ғана көзі жеткен Еркін командирін соққыға жығып, басқару пультін иеленіп, қалған сапарластарын құтқару кемесіне жөнелтеді. Өзі қатерлі кристал тиелген кемені кері бұрады. «Сәлден соң бейтаныс планетаның бетінде күшті қопарылыс болды. Сол күні астрономдар Вероника бұрымының шоғырынан буалдырлана қалықтаған күміс тозаң байқады». Өстіп, Жер планетасының тағы бір өкілі ел-жұртты қырып-жоюға бағытталған бір айла үшін өзін құрбандыққа шалды. Кісілік үшін, гуманизм үшін жанын пида қылды. М.Сыздықовтың «Күміс тозаң» әңгімесі («Білім және еңбек», 1982ж., №4) осындай ой салады оқырманына.
«Біз үлкен шындықтың, қаралы шындықтың алдында тұрғанымызды жасырмайық, – дейді А.Өтегеновтың «Жер шақырады» әңгімесіндегі («Білім және еңбек», 1982ж., №7) бас кейіпкерлердің бірі. – Оны көрмегенсіп, мойындамай қою мүмкін емес. «Жасыл» деп аталатын осы планетаның тебіндеп топырақ бетіне шыққан өсімдіктерін шауып, ысырап етіп, тамтығын қалдырмадық па? Қалдырмадық. Жорытқан аң мен құстың қаңқасы мен тұлыбы ғана қалды. Тұщы су көзін, бүкіл атмосфераны түгелдей улап біттік». Ақыр-соңында жерліктер, тіршілікке қолайлылау бөтен планетаға көшуге мәжбүр болады. Жерге сапарға шығуға жасы жетпегендіктен жарамайтын бір топ нәресте қалуға тиіс. Оларға бас-көз ересек те қажет. Жердегі қалған азық-түлік, ауа оларға жетерліктей. Үлкен кеңістің ұйғарымымен осына Арман ақсақалдың көзқарасымен беріліп отырған шағын әңгімеде фантастика мақамымен жазылған жып-жылы лирика сеземіз.
Ертелі айтқанымызға қарап, қазақ фантастары тек қана космостан көз жазбайды екен деген ұғым тумасын. Олай емес. Біздің жас жазушыларымыз өз планетасындағы болуға тиісті жаңалық-жақсылықтар төңірегіндегі де ой толғайды.
Телепатия, телекинеза... Осы атауларды қазірде жиірек ұшырастырып жүретініміз рас. Алайда олардың толық мән-мағынасын, құпиясын, адамға келтірер пайда-зиянын біле бермейміз. Жас фантаст Е. Жақымбетов «Аппендицит операциясы» әңгімесімен («Білім және еңбек», 1982ж., № 3) осы мәселеге қиял жүгірткен көрінеді. Ниет жақсы-ау. Дегенмен, осы екі құбылыс төңірегінде автор ғылымның о жақ бұ жағынан мәлімет берген болып, ұзақ сонар лекцияға салынып кетеді. әңгіме 60-жылдардағы қазақ фантастикасындағы ғылыми гипотезаларды тәптіштеп айту әдістерін еске түсіреді. Сол баяғы журналист, сол баяғы өзінің жаңалығын оқырманның аузына шайнап салып отыратын ғалым... Тиянақты сюжет жоқ.
Ал Р. Бектібаевтың «Икс» қоспасы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 1983ж., 14 октябрь) және «Сәуле жанай өтті» («Лениншіл жас» газеті, 1983ж., 12 октябрь) әңгімелеріне адамның көңілін бірсыпыра көрсететін секілді. Оның алғашқысында қазірде тұрмысымызға енді-енді еніп келе жатқан голографиялық мүмкіншілігін пайдалана отырып, қайтыс болған кісінің де кейіпін сол қаз қалпында көз алдына әкеле алатын «Икс» қоспасы сөз болады.
«Лениншіл жас» жарық көрген екінші әңгімесінде де фантастикалық идея бар. Оның үстіне шығарма біздің әдебиетімізге неке-саяқ жолығысатын детективтік мақамда жазылған.
С. Жұбатыров та «Ойыншық» әңгімесін («Білім және еңбек», 1984., №1-2) детективті жанрда құрған екен. Уақиға Жердің өзінде өтеді. «Ғылымға белгісіз бір тайпа әлі де тас ғасырында өмір сүру де екен, – дейді автор. – Олар аспаннан түскен жұмбақ келімсекті бастарына келген ауыртпалығының құрбандығы етеді. Ал астронавт космостан әкелген әлдебір індеттеп олардан «кек қайтарады». Сөйтіп, біздің ғасырымыздың бір спекталі ойналды. Бүгінгі адамзат болмысының мынандай кереғарлығынан қандай қорытынды шығаруға болады?». Ақыр-соңында қолында ғылым мен техниканың фантастикалық күші бар «Космос – күш пен құдіреттілік тұғыры» деген ұранды ұстанғандар өзімен тым-тыныш күнелтіп отырған тайпаның көзін «Ақырзаман» аталған экспериментпен жояды. Қазіргі Пентагонның космосты аңсағандығы мақсатына осы әңгіменің идеясы ұласып жатқан жоқ па?..
Міне, соңғы екі-үш жылдың ішінде дүниеге келген, тілге тиек етер осы тәріздес фантастикалық дүниелеріміз бар. Бұны айтқанда, «байып кеттік» дегіміз келіп отырған жоқ. Бірақ, алға жылжу сезіледі. (Фантастиканың өзі де көктен түспейді, қолдан, әсіресе жастардың қолынан жаслады ғой).
Әңгімемізге мұрындық болған шығармалардан басқа авторлардың жекелеген кітаптары, коллетивтік екі жинақ жарық көрді. Олардың бәрін жинақтап талдау бұл мақаланың еншісі емес, көлемі тарлық қылады деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |