1 фантастика жанрыныњ типологиясы



бет27/30
Дата22.12.2021
өлшемі5,08 Mb.
#17
түріОқулық
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30
10. КСРО
Жер планетасында өзінің фантастикалық әдебиетін елдің қазылығына тартып, ұялмай көрсете алатындары санаулы-ақ. АҚШ пен КСРО, фантастикалық әдебиеті халықтар арасында мейлінше кең тараған елдер – міне, осылар. Солардың бірімен шолуымыздың шымылдығын ашсақ, екіншісімен жауып отыруымыздың себебіміз де – сол.

Кеңес Одағының топырағында туып, тебіндеп өсе келе, қазірде мәуелеп өзінің тамаша жемістерін беріп тұрған фантастикалық әдебиеттің даму жолдары біздің бүкіл әдебиетімізідің даму жолдары біздің бүкіл әдебиетіміздің жалпы дамуына сай келеді.

Қазан революциясына дейін орыс тілінде князь В. Ф. Одоевскийдің бітпей қалған «4338 жыл. Петербург хаттары», Н. Г. Чернышевскийдің «Не істеу керек?» романындағы «Вера Павловнаның төртінше түсі» тарауы, К. Э. Циолковскийдің «Айда», «Жер мен аспан жөніндегі ойлар және бүкіл әлемдік тартылыс эффектісі», «Жерден тыс», повестері, А. И. Куприннің «Сұйық Күн», «Тост» тәріздес бірқатар шығармалары, А. А. Багдоновтың «Қызыл жұлдыз», «Мэнни инженер» романдары жарық көрген-ді. Демек, олардың азды-кем болса да тәжірибесі бар еді.

1922-23 жылдар ішінде А. Толстойдың «Аэлита», В. Итиннің «Гонгури елі», Я. Окуневтің «Болашақ әлемі», М. Шагинянның «Месс-Менд» аты роман-повестері дүниеге келді. Осында бір қуантарлық нәрсе – совет фантастика әдебиетінің тұңғышы боп дүниеге келген «Аэлита» романы әлі күнге дейін кеңестік фантастиканың үлгілі туындыларының бірінен саналады. Мұнда Алексей Толстой жаңа саланың үш өлшемі – таңғажайып уақиға, машиналық фантастика және әлеуметтік қасиеттін басын біріктіреді. Осы романның өзінен кейін дүниеге келген Н. Арельскийдің «Марс хақындағы повестері» (1925 жыл), К. Волковтың «Марс бас көтеріп келеді» (1961 жыл), Л. Оношконың «Сарғыш планетада» (1959 жыл), Г. Колпаковтың «Гриада» (19559 жыл) т.т. осы тәріздес повесть, романдарға әсерін тигізбей қалмады. «Аэлита» – осы соңғы туындылар үшін адасқанда жол сілтеп жіберетін шамшырақ іспетті.

1924 жылы А. Толстой «Бесік одағы» атты әңгімесін жазады. Ұзамай ол әңгімені «Инженер Гариннің гиперболоиды» атты романға айналдырады. Бұл романға оқырман жұртшылықтың 44 жылдан бері қызығушылығы әлі бір басылмай келеді. «Білім және еңбек» журналының қазақ оқушыларына оны аударып беріп жатқаны да соны дәлелдейтін болса керек. Бұлардың қай-қайсысында да автордың көркем шығарма қойылар талапты қатал ұстауының арқасында тамаша жеміске жеткені байқалады.

А. Толстой өзінің фантастикалық романдарын жазған тұста әдебиет әлеміне әлгінде айтқан М. Шагинян мен Я. Окуневтен басқа да И. Эренбургтың «Д. Е. тресі» (1923жыл), В. Катаевтың «Эрендорф аралы» (1924 жылы) мен «Темір тәңірісі» (1225 жыл), Вс. Иванов пен В. Шкловскийдің «Инрит» (1924 жыл) т.б. келген-ді. Олардың бағыты А. Толстойдан бөлектеу болып, авантюралық-фантастикалық уақиғаларға ғылымды енгізуге тырысты.

20-жылдардың аяғына қарай фантастикалық кітаптар көптеп шығарыла бастады. Дүркіндік баспасөз – «Вокруг света», «Всемирный следопыт», «Борьба миров», «Техника – молодежи», «Знание – сила» журналдары да фантастика үшін құшағын айқара ашатын болды. Тіпті әдебиетке қатысы жоқ «Успехи техники» журналы да өз беттерінде фантастика проблемасы турасында қызу айтыс пікірлер тудырып жатты.

Осы кездерге В. Орловский, А. Беляев, Я. Ларри, Г. Адамов, Г. Гребнев, А. Казанцев , О. Долгушин, В. Владко тәріздес жаңа айтар ойлар, идеялар бар жас авторлар әдебиетке келді. Көптеген жылдар бойы орыс тілінде жарық көрген совет фантастарының кітаптарынан мол кітапхана жасаған (ол кітапхананы соғыс жылдарында фашистер өртеп жіберген), фантастика әдебиетін жетік білетін француз Жак Бержье 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдарда американ журналдары біздің фантастикалық туындыларымызды молдап жариялап тұрғанын мәлімдейді.

Осы жерде сіздердің назарларыңызға сала кететін бір жәйт – В. Орловский «Атомдар назарлығы» (1927 жыл) романы. Қазірде фантастиканы аузына алған зерттеушілер де, жазушылар да бұл романды жиі-жиі «ұмытып» кете береді. Алайда, бұл дұрыс көз қарас болмаса керек. Себебі, бұл роман Россияда бірінші боп, ал дүниежүзілік фантастика әдебиетінде екі болса, соның бірі атомның бұғауын үзген адамзаттың келешегін суреттеген еді. В. Орловскийден бұрынырақ бұл атом энергиясын игеру хақында 1913 жылы «Еркін дүние» атты романымен алғаш қалам тартқан фантаст Герберт Уэллс болатын. Уэллс атом қаруын қолданған дүниежүзін түгелдей шарпыған соғыстың сұмырайлығын жазды. Ал Орловский қолдан шығып кеткен атомның алапат күшін игеру жолында адамзаттың бас біріктіріп қимыл көрсеткенін бейнелейді.

Осы тұста әсіресе Александр Беляевті атау керек болар. Беляев – тағдырдың талай тауқыметін тартқан кісі. Ол тентіреп Россияны кезіп те жүрді, оқыды да, бала тәрбиешісі де болды, скрипка тартуды жете үйреніп, онымен де нан тапқан кезі болды. Ақырында айналып-үйіріліп фантастика жазуға тоқталды. Алексндр Беляев – тек қана фантастикалық шығармалармен жазумен айналысқан советтік тұңғыш жазушы.

А. Беляевтің «Профессор Доуэльдің басы» алғаш әңгіме нұсқасында 1925 жылы жарық көрді. Кейін автор оны 1937 жылы роман дәрежесіне дейін көтерілетіндей ғып толықтырды. 1938 жылы жеке кітап боп басылып шықты. Басқа жұрттың ойына келмейтіндей ерекше идея тастаған бұл шығармаға достан гөрі дұшпандар көбірек табылды. Кейбіреулер кеудесіз бастың тірі болу мүмкіндігін қодаудың өзін идеализмге апарып ұрындырып қойды. Алайда, әділдік уақыт өткен сайын бел алып, қазір «Профессор Доуэльдің басы» фантастика туындыларының бір классикасына қосылды.

Осыдан кейін Александр Беляевтың ғылыми-фантастикалық роман, повестері үсті-үстіне туа береді. 1934 жылы «Вокруг светаға» басылған «Ауа кемесі» романына космонавтиканың атасы К. Э. Циолковский жылы-жылы сөздер айтып, хат жазады. «Жоқ жерге секіру», «Қос мекенді адам», «Су асты дихандары», «Өз бетін тапқан адам», «Ауа сатушы», «КЭЦ жұлдызы», «Ариэль» тәріздес көптеген шығармалары тек қана советтік емес, бүкіл дүниежүзілік фантастика әдебиетінің табысынан саналады. Александр Беляевтің осы романдар турасында зертеуші А. Ф. Бритиков: «Ол үлкен әдебиеттің игілігі үшін ғылыми-фантастикалық романды сақтап қалушылардың бірі болды», – деп жазады.

Советтік фантастиканың алғашқы аяқ алысы кезінде көптеген жазушылар өз әл-қадарларынша үлес қосты. Олардың ішінде Н. Холодный («Петербургтың күйреуі» романы) , С. П. Бобров («Идитолды ойлап табушылар» романы), А. С. Грин («Жарқ-жұрқ еткен әлем», «Алтын шынжыр» романдары), М. О. Гирели («Соңғының трагедиясы», «Профессор Звездочетовтың кінәлары» романдары), Н. И. Муханов («Жердің Марспен 2423 жылғы соғысы», «Марс тұтқындары» повестері), Б. Никельсон («Глориана», «Массена» романдары), В. И. Язвицкий («Жеңіліс тапқан құдайлар», «Тасмир аралы» романдары) бар. Бұлардан басқа «тұрмыстық» әдебиеттің өзінің төл жазушысы саналатын В. Я. Брюсов, Л. В. Никулин, И. Г. Эренбург, Б. А. Лаврентев, В. А. Кавериндер де фантастикада қалам тартып, өздерінің шеберліктермен ен таңбаларын қалдырды.

Біздің бұл келтіріп отырған тізімдеріміз Совет Одағының құрылғанынан кейінгі 10 жыл ішінде ғана еңбек еткендер. Алайда бұдан былай қарай фантастика әдебиетіне жазушы жас толқын лек-легімен топтап келе бастады. Олардың тізімін келтіруге біздің шолуымыздың көлемі көтермейді. Сондықтан да тек Одақ көлемінде ғана емес, бүкіл дүниежүзіне ықпал жасап отырған қазіргі фантастика әдебиетіне тоқталыңқырағаны жөн көрдік.

Араға Ұлы Отан соғысы килігіп кеткен кездерде фантастика әдебиетінің қарқыны бәсеңдеп қалды. Оның үстіне ол өзінің жетекші бірқатар жазушыларынан айырылып қалды. А. Беляев қаза тапты, Ю. Долгушин мен Г. Гребнев жылдар бойы қалам тартуды қойып алды, А. Казенцев ғылыми-зерттеу мекемесінде инженерлік жұмыспен айналысып кетті.

Ал соғыстан кейігі уақытта «инженерлік фантастика» едәуір етек алды. Оның да мақсаты түсінікті еді, соғыс біткеннен кейінгі кезеңде халық шаруашылығын қалпына келтіруде техниканың атқаруға тиісті міндеті зор болатын. С. Беляев («ажағайдың қожасы»), Ф. Кандыба («Ыстық жер»), В. Иванов («Энергияны билей аламыз»), В. Сытин («Тынымсыз дауылды игерушілер») осы тұста жарыққа шықан еді.

Енді фантастиканы сүйіп оқушы жұртшылық Г. Гуревич, Л. Лагин, А. Мееров тәріздес жас жазушылардың тырнақалды туындыларының жиі-жиі көре бастады. Олар бүкіл фантастикада тұтас бетбұрыс жасамаса да өзіндік ерекшеліктері болды. Осы кезде ескіден келе жатқан фантастар өздерінің бұрынғы дүниелерін өндеп, қайтадан бастыруды әдетке айналдырған сияқты еді. 1957 жылы В. Владко «Әлем аргонавтары» қайта редакциялап шықты, Г. Гребневтің «Арктониясы» қайтадан «Су астындағы жартас құпиясы» боп өнделді. 1960 жылы Ю. Долгушин «Тамашалар генераторын» қайта жазып, кітап қып шығарады. Ал Казанцев бірнеше романын қайта өндеді.

50-жылдардың орта шеніне дейінгі кезенде фантастика әдебиетінде сәнге айналған екі тақырып бар еді. Оның бірі – Арктиканы жылыту, екіншісі – алты километрлік тереңдіктегі шахта. «Мүмкіндік шегі» тәріздес теориясымақтың кесірінен фантастар Норберт Винердің кибернетикасын немесе антизат идеясын айтудан қорықты.

Соңғы он жыл – біздің фантастиканың шарықтай өскен кезеңі. Әдебиетті әдебиет қылатын жазушылар болғандықтан бұл кезең турасында айтқанда, ауызға әуелі жазушыларды аламыз. И. Ефремов, Аркадий және Борис Стругацкийлер, Г. Гуревич Г. Гор, А. Днепров, Г. Альтов, В. Журавлева, Г. Мартынов, А. Полищук және басқалар әдебиет босағасынан аттауымен қатар, фантастиканың да өресін биіктетіп жібереді. Фантастиканы қамтуды ойламақ болған тақырыбының өрісі кеңіді. Оның үстіне жас фантастар уақыттың шегінен қаймығып қалған жоқ.

Жаңа толқын, жас толқын фантастардың көшін бастаушы Иван Антонович Ефремов. Палеонтологияның томонимия деген бір тарауының негізін салушы ғалым. Ғылым докторы фантастика әдебиетінде қалам тартқаннан көптеген тамаша-тамша роман, повесть, әңгімелер беріп тастады. «Ерекше заттар хақындағы әңгімелер», «Ұлы доға», «Жұлдыз кемелері», «Анромеда тұмандығы», «Жылан жүрегі» атты фантастикалық дүниелермен қатар «Алмастың жүзі» есімді ғылыми-психологиялық романы нағыз талғамы жоғары деген оқушының да көңілінен шыға алады. Жазушының «Андромеда тұмандығы» романы Лениндік сыйлыққа ұсынылып, сұрыптардың ең соңғы турына дейін барғанын жұрттың есіне тағы бір салсақ та жетер. Қазірде совет фантастикасының қазіргі халін сөз етуші әдебиетшілердің қай-қайсысы да И. Ефремовке соқпай өтпейді. Фантастика әдебиетінің проблемасы мен тарихын зерттеп жүрген Е. Брандис пен В. Дмитриевский жазушының өмірі мен творчествосын баяндайтын көлемді монография да жазды.

Совет фантастикасында елең-алаңында әдебиет әлеміне келген Александр Казанцев те әлі күнге дейін жемісті еңбек етіп келеді. Оның «Ай жолы» повесі мен «Мұз ағып келеді» романы бірен-саран кемістіктері болғанымен, біздің фантастика әдебиетіміз дүниеге әкелген елеулі шығармаларда саналады.

Г. Мартынов «Жұлдыз кемесіндегі 220 тәулік», «Жердің сіңлісі», «Фаэтондар теберігі» деген үш повестен тұратын «Жұлдыз саяхатшылары» атты трилогиясының ізін құрғатпай «Калисто» және «Каллистолықтар» дилогиясын «Түнсізден келген қонақ» романын берді. Фантастиканы сүйіп оқушы қауымның қолына кейінгі кездерде Г. Мартыновтың «Гианэя» мен «Ғасырлар өткеннен кейінгі кездесу» романдары тиді.

Г. Гор әдебиетте өзінің алғашқы туындыларын реалистік боп бастағанмен, фантастикаға тек өзіне ғана тән ен таңбасы бар бірнеше шығармалар да беріп тастады. «Жолаушы мен уақыт», «Кумби», «Қыдырымпаз Ларвеф», «Электронды Мельмот» – соның толық дәлелі.

Советтік фантастиканың қазіргі күй-жайын әңгіме еткенде ағайынды Стругацкийлердің творчествосына соқпай кету мүмкін емес. Бірі жапон тілінің маманы, екіншісі жұлдыздарды зерттеуші маман бас біріктіріп, фантастика саласында тұңғыш қалам тартқанына да көп бола қойған жоқ. «Қызыл бұлт қаптаған ел» повесінен бастап, «Көз ұшындағы кемпірқосақ» романына дейінгі жарық көрген роман, повесть, әңгімелермен фантастикада өздерінің бет-бағытын, үнін танытты. «Стругацкийдің творчествосы оптимистік. Қолдарынан шыққан барлық дүниелерде олар айнымас тезис – нағыз адамгершілік санасыз болуы мүмкін емес дегенді ұстап отырады», – дейді Е. Брандис пен В. Дмитриеский.

Айта берсе қазіргі фантастикалық әдебиетте аянбай ат салысып жүрген жазушылар көп-ақ. Олардың ішінде А. Полещук, Е. Войскунский, И. Лукодьянов, М. Лешенко, А.Громова, В. Журавлева, В. Савченко, М. Емцев, Е. Парнов... бар.

Советтік фантастиканың кейбір шығармаларында көрер көзге ұрып тұратын кемшіліктері де болар. Кейбір шығармалардағы басты кейіпкерлер келешекке пессимистік көзқараста болар. Дегенмен, жалпы толайым алып қарағанда, совет фантастикасы – келешек өмір жөнінідегі қуанышты поэма.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет