6. Халықаралық-құқықтық нормалар, олардың түрлері мен құрылымы Халықаралық жария құқықтың қайнар көздерін сараламай тұрып, ең алдымен норма жасау проблемаларымен танысып шығу қажет. Норма жасау процесі кезінде құқық субъектілері өздерінің қызметтерінің басым бағыттарын айқындайды, яғни халықаралық құқықтың мәнін тұтастай алғанда.
Латын тілінен аударғанда норма сөзі (латын. norma) – міндетті деп танылған заңдастырылған заң, тәртіп, құрылым деген мағынаны білдіреді.
Кейбір құқықтық нормалардың мазмұны мен әрекет ету тетігі құқықтық емес нормалармен ұқсас болады, мысалы, халықаралық сыпайыгершілік (өнеге) нормасына ұқсайды. Аталған соңғы норма заң тұрғысынан міндетті емес, оларсыз халықаралық теңіз және дипломатиялық құқық өмір сүре алмайды. Мәселен, ашық теңіздегі кемелердің өзара салют беруі, дипломатиялық салтанат рәсімі.
Халықаралық сыпайыгершілік – меймандостық, тату көршілік актілерін, мемлекеттердің өз еріктерімен ерекше көңіл аударып, құрметтесуін көрсетеді.
Алайда халықаралық сыпайыгершілік ережелері халықаралық-құқықтық қатынастың қатысушылары үшін заңдық тұрғыда міндетті болуы да мүмкін. Мұндай жағдай халықаралық шартта да (құқықтың шарттық нормасы), сондай-ақ халықаралық құқықтық дәстүрде де (құқықтың әдеттегі нормасы) бекітілуі мүмкін.
Халықаралық құқықтық нормалар ұлттық-құқықтық нормалармен тығыз байланысты, бұл тезистің дәлелі ретінде өзара әрекеттесу процесін айтуға болады (нақтырақ 1-тараудың 1.6-тармақтарында)
Халықаралық-құқықтық нормалар – бұл халықаралық жария құқық субъектілері тәртіптерінің белгілі бір ережелері.
Ондай нормаларға мынадай сипат тән:
- біріншіден, халықаралық құқық субъектілерінің арасындағы қатынастарды реттеуі;
- екіншіден, міндетті сипаты, яғни құқықтық нормалардың заңдық күші, себебі құқықтық емес нормалардың өзіндік міндетті күші болады;
- үшіншіден, жалпы сипаты, яғни норманың әрекет етуі көптеген жағдайларды ескере қарастырылған.
Г.И. Тункин "маңызды ерекшеліктердің бірі... деп норманы" бұл құқық жүйесі субъектілерінің өзара жасайтындығын әділ атап өткен. Осындай ерекшелігіне байланысты халықаралық құқықтағы норма құру процесін жеке мемлекеттердің ұлттық құқықтарындағы норма құру процесімен салыстырғанда әлдеқайда күрделі болып шыға келеді.
Халықаралық құқықтық нормалардың жіктелуі. Халықаралық құқықтық нормалар санының артуы оларды жіктеу қажеттілігіне әкеледі. Оның ішінде көп таралғаны бұл нормалардың шарттық және әдеттегі болып бөлінуі. Дегенмен, оның күрделілігіне және көп қырлылығына байланысты басқа да маңызды белгілерді ескеру қажеттілігі туындайды:
а) әрекет ету өрісі бойынша – әмбебаптық, аумақтық, партикулярлы (бытыраңқы).
Әмбебаптық нормалардың болуы халықаралық әмбебап актілермен қамтамасыз етіледі, олар халықаралық құқықтың көпшілік мақұлдаған нормалары деген атқа ие. Әмбебап нормалар БҰҰ Жарғысында, 1970 ж. халықаралық құқық қағидаларының Декларациясында бар, БҰҰ Бас Ассамблеясының көптеген қарарлары көпшілік мемлекеттердің оның заңдық күшін қабылдағанынан кейін халықаралық құқықтың көпшілік таныған нормасына айналады. Әмбебап нормалардың негізгі айырмашылық белгісі олардың әрекет етуінің әмбебаптығы жалпыға бірдей міндетті күші болып табылады. Әмбебап норма ғана императивті бола алады және ерекше әмбебап міндеттемелерді жасай алады.
Әмбебап және аумақтық құқықтық нормалар әзара байланысты және олардың тиімділігінің маңызды мәні болып табылады. БҰҰ Жарғысында "Аймақтық келісімдер" деген арнайы VIII тарау бар. Халықаралық құқықтың аймақтық нормаларының көбеюіне отарлау нәтижесінде тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы себеп болды. Аймақтықтың себебі әлеуметтік және саяси факторларға ғана емес, сонымен қатар жаңа факторларға да байланысты. Жаңа құқықтық нормалар аймақтық деңгейде жеңілірек жасалады. Осы деңгейде, сондай-ақ әмбебап нормаларды жүзеге асыру да анағұрлым тиімді.
Доктринада және тәжірибеде партикулярлық (бытыраңқы) құқықтық нормалар белгілі. Партикулярлық термині (латынша раrticularize – ішінара, жеке) оқшауланған жергілікті деген мағынаны береді, яғни жалпы мемлекеттікке қарама-қарсы деген сөз. Қарастырылып жатқан контексте бұл әмбебап нормаларға қарағанда шектелген сипатта әрекет ететін нормаларды білдіреді. Құқықтық нормалардың мұндай түрлері белгілі бір географиялық орынмен, шекарамен, арналармен байланысты нақтылықты қажет еткен жағдайларда қолданылады. Ұлттар Лигасының халықаралық әділ сотының Тұрақты Палатасының тәжірибесі, кейінірек БҰҰ Халықаралық Сотының тәжірибелері партикулярлық әдеттегі нормалардың бар екенін растап берді. Партикулярлық нормаларда жалпылық сипаты жоқ, дегенмен құқықпен тығыз байланысты болады. Партикулярлық нормалар жалпы халықаралық құқықтан пайда болған және халықаралық құқық негізінде қызмет етеді.
б) заңи күші бойынша – императивтік және диспозитивтік.
Халықаралық құқық доктринасы "императивтік норма" және "jus cogens" терминдерін тең дәрежеде қолданады. Императивтік нормалардың пайда болуының алғышарттарын БҰҰ Жарғысы жасады, мәселен, 2-баптың 6-тармағы, 106-бап. Онан әрі бұл түжырымдаманы халықаралық шарттардың құқықтары туралы Вена Конвенциясы дамытты. Халықаралық құқық комиссиясы императивтік нормалардың құқықтық табиғатын егжей-тегжейлі талқылады. Жалпы, халықаралық құқықтың императивтік нормаларына халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын; әлемдік бірлестіктердің халықаралық құқықтың қол жеткізген адамгершілік стандарттарын – әділдік, адал ниет кағидаларын тарихи түрде бекітетін құқықтар мен нормалар; қол жеткізген гумандық деңгейді бекітетін – адамзат құқығы, халықтар, аз ұлттар құқығы жөніндегі, соғыс құрбандарын қорғау жөніндегі қағидалар; атмосфераны жалпылай ластауға, жер бетін, теңіздерді былғауға тыйым салатын қағидалар мен нормалар; халықаралық кеңістіктердің, ашық теңіздердің, ғарыштың, Антарктиканың режимін айқындайтын қағидалар мен нормаларды жатқызуға болады.
Диспозитивтік нормалар халықаралық құқық субъектілерінің арасындағы келісім нәтижесінде тәртіп ережелерінен ауытқуға мүмкіндік береді. Диспозитивтік нормалар мынадай болып көрінуі мүмкін: "тараптар келісімімен өзгеше кезделмесе, тараптардың... мүмкіндігі бар" – дегендей. Нормалардың диспозитивтігі шектелген міндетті күшімен емес, субъектілердің өздерінің арақатынасын жалпы нормада бекітілгеннен басқаша реттеу құқығын көрсетеді. Мәселен, халықаралық экономикалық қатынастар аумағында 1980 ж. халықаралық сатып алу-сату шарттары туралы Конвенцияның 6-бабында диспозитивтік норма бар: тараптар Конвенцияны қолданбауы да мүмкін немесе 12-баптың талаптарын сақтағанда, оның кез келген ережелерінен бас тартуға немесе оның әрекет етуін өзгертуге құқылы, – делінген.
в) халықаралық құқықтық реттеу тетігі қызметі бойынша –материалдық және іс жүргізушілік.
Халықаралық құқықтағы іс жүргізу нормаларының мәні ұлттық жүйеден өзгешелеу. Ондай нормаларды арнайы заң шығарушы және құқықты қолданушы мекемелер шығарады және іске асырады.
Ал халықаралық құқықтың іс жүргізу нормаларын негізінен алғанда, құқық субъектілерінің өздері шығарады және іске асырады, яғни материалдық және іс жүргізу нормаларының елеулі ерекшеліктері жоқ.
Халықаралық құқық Комиссиясы құқық қолдану процесін қажет ететін қандай да бір Конвенцияны дайындау барысында іс жүргізу нормаларының проблемалары туындайды. Сонымен қатар материалдық нормаларды қолдану мәселелері де бір мезгілде шешіле береді.
Басқаша айтқанда, іс жүргізу нормаларынан туындайды және олардың әрекет етуіне қызмет етеді. Халықаралық жария құқықта іс жүргізу нормалары ұлттық құқықтың саласы – мемлекеттік, әкімшілік салалары сияқты жеке салаға бөлінбейді. Олар құқықтың жалпы жүйесінде де, сондай-ақ нақты халықаралық-құқықтық актілерде де материалдық нормалармен өзара байланысты.
г) халықаралық-құқықтық нормалардың басқа түрлері. Нормаларды жүйелеуге байланысты көптеген негіздер бар. Мәселен, олар тыйым салатын, міндеттейтін, құқық беретін нормалар. Бұлай бөлуге заңи тәртіптің деңгейі негіз болады. Мысал ретінде, халықаралық қатынастардың қатысушылары бекіткен, оларға қосылған немесе қабылдаған халықаралық шарттарды айтуға болады.
Сілтемелік (бланкеттік) халықаралық-құқықтық нормалар басқа нормаларда көзделген ережелерді басшылыққа алуға міндеттейді. Мұнан басқа, құқықтық емес нормаларға да сілтемелер жасалуы мүмкін. Мысалы, Халықаралық Сот Статутының 38-бабында, тараптар келіскен жағдайда дауларды әділдік бастамасымен қарау қарастырылған.