1. Ж. Аймауытовтың педагогикалық көзқарасы



бет1/5
Дата07.02.2022
өлшемі24,62 Kb.
#90007
  1   2   3   4   5
Байланысты:
Жауабы 2


1. Ж.Аймауытовтың педагогикалық көзқарасы.
Ж.Аймауытов “Тәрбиенің негізгі мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу” деген қағиданы қуаттай келіп, “Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, айтып ұқтырғаннан гөрі, бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек” – дейді. Ж.Аймауытовтың педагогика ғылымы саласындағы жүйелі ой-пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған “Тәрбиеші жетекші” атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Аймауытов “Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі – дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер… Дидактика мұғалімге жалпы жол-жоба көрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды” – деп оқыту, білім беру әдісінің қатып-семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс-әрекет екенін дұрыс атап өтеді.
Автор білім алуды күнделікті өмір тәжірибесімен ұштастыра білудің қажеттігін, мектепте алған білімнің келешек өмірдегі мамандыққа қазық болатынын жақсы айтқан.
Ж.Аймауытов білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: “Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі” – деп оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екендігін, оны жан-жақты және терең меңгерудің қажеттігін баса көрсетеді.
Автор адамның жан қуаттарының өсіп-жетілуінде тарих пәнінің алатын орнын былайша сипаттайды: “Осы заманғы ғылымның көбі тарихпен тікелей байланыста жатыр. Тұрмыс жүйесі, әлеумет заңы, заң, пәлсапа, әдебиет, мәдениет, өнер – бәрі тарихтан қозғайды. Әр ғылымның тарихы бар. Осы тарихтың бәрі – жалпы азамат тарихымен байланысты”. “Тарихты оқып білу арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз”, – дейді.
Ж.Аймауытов “тарихты оқытуды қай кластардан бастау керек?” деген мәселеге талдау жасап, тарихи мағлұматтар балалар әр тарауда білім алып, әзірленгеннен кейін, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып айтып берерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен табиғаттан, жағрафиядан едәуір білім алғаннан кейін үйретілетін болсын дейді. Осы пәнді тарихи әңгімелер есебінде 4-кластан бастап оқыту дұрыс деген тұжырымды қуаттайды.
Автор мектепте “Бірден жалпы тарихты немесе КСРО тарихын оқытудан гөрі алдымен балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таныс өз жұртының тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігімен байланысты тарихын оқудан бастаған жөн” – деп тұжырымдайды. Ж.Аймауытов осы еңбегінде туған өлкенің жағрафиясын оның тарихынан бөлек қарауға болмайтынын айта келіп, оны қазақ халқының ертедегі тарихымен байланыстыра жүргізуді меңзейді.
Көшпелі жұрттың өткендегі салт-сана, әдет-ғұрпы, шаруашылық кәсібі және мәдени өмірінен хабардар болу үшін 4-класта әдебиетті, тарихты және жағрафияны біріктіріп, яғни интеграциялап “Біздің Отан” деген атпен оқыту қажет деген пікір ұсынады.
Ж.Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгенін, өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін өнері мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй өнерін үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеудің қажеттігін баса айтады.
Әрбір мұғалім, сабақ беру процесінде қызықты мағлұматтармен балаларды шабыттандырып, олардың ынта-ықыласын, зейін-зердесін білімді меңгеруге бағыштауы керек дей келіп, жекелеме оқу әдістерінің тиімділігін нақтылы мысалдар келтіре отырып сөз етеді.
Ол психология саласында да өндіре еңбек етіп, артына көп мұра қалдырып кетті. Оның екі кітабы: “Психология” (376-бет, 1926 ж.), “Жан жүйесі және өнер таңдау” (80-бет, 1926 ж.) осы ғылым саласынан жазылған тұңғыш төл туындылар. Ж.Аймауытов “Тәрбиеге жетекші” (1924), “Комплексті оқыту жолдары” (1929), “Жаңа ауыл” (1930) дейтін еңбектерінде де психологиялық мәселелерге ерекше мән берген.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет