2-лекция. Этика мен эстетиканың негізгі теориялары. Этика мен эстетика философия ғылымының бөлігі ретінде дамығандықтан әрбір тарихи дәуірдің өзіне тән этикалық және эстетикалық құндылықтары болды. Оны этикалық және эстетикалық ілімдер тарихы жан-жақты қарастырады.
Антикалық этикада гедонизм, ригоризм, эвдемонизм, стоицизм, скептицизм сияқты бағыттар пісіп жетілді.
Гедонизм сезімдік қуаныш пен рахаттануды адамгершілік тәртіптің негізгі мақсаты деп есептеді. Бұл бағыттың негізін кирендік Аристипп (435-355 б.э.д.) қалаған, Эпикур (342-271 б.э.д.) жалғастырған.
Сүйсінушілік, рахаттану сезімінен адам организмінің дамуына мүмкіндік беретін белсенділік туындайды. Көңіл көтеру мен рахаттылық сезімінің болмауы адам әрекетін тежейді, оған кері әсер етеді. Рахаттану, қанағаттану жағдайы организм үшін өте идеалды жағдайы. Адам өз іс-әрекеттерінде әр уақытта рахаттануға ұмтылуға тиіс. Нормативті этика тілімен айтсақ, рахаттану адам өмірінің негізгі мақсаты, рахатқа бөлейтін нәрсенің бәрі игілік деу – бұл этикалық ілімнің негізгі идеясы.
Бұл ілім З.Фрейдтің психикалық талдауында одан әрі дамытылды. Рахаттану принципі – ішкі жан дүние мен психикалық принциптердің негізгі табиғи реттеушісі. Олардың ең негізгілері – тән рахаты, сексуалды және жылынып, тамақ, демалумен байланысты сұраныстарды өтеу рахаты деген идеяларды З.Фрейд жан-жақты талдап, көрсеткен.
Ригоризм – парызға адалдық танытып, белгілі адамгершілік қалыптарды толық орындау қажеттігін алға тартатын этикалық бағыт. Бұл бағытты киниктер мен эпикурийліктер дамытқан. Адамның негізгі қасиеті оның еркі, тапқырлық пен зеректік іс-әрекеттің маңызды құралы, полистік моральдан бас тарту, өркениетті өмірден бас тартып, табиғи бастауға қайта оралу. Өркениет ұсынған рахаттан бас тарту үшін адам өзімен-өзі ұдайы күресіп отыруға мәжбүр.
Эвдемонизм – адам өмірінің негізгі мақсаты және барлық ұмтылыстарының түрткісі бақыт деп есептейтін этикалық бағыт. Сократ, Демокрит, Аристотель философиясында дамыған бұл этикалық методологиялық принцип адамгершіліктің басты өлшемі және адамның моральдық мінез-құлқының негізін бақытқа ұмтылыс құрайтынын негіздейді.
Стоицизм – бақытты сезімдік ұмтылыстан бас тарту, өзінің ішкі қасиеттеріне назар аударып, өзімен-өзі болу құндылығын алға тартады.
Көне Қытай философиясында дао мектебі мен конфуцийшілдік ілімінде этикалық ұстанымдар дамыған.
Дао мектебінің негізгі этикалық принципі дао мен дэ: дао – табиғаттың, қоғамның, адам ойлауының жалпы ішкі заңы; дэ – даоның адамдар мен заттардағы нақты көрінісі. Адамдар қарым-қатынасында дэ күтіп-баптауда немесе әлемді жетілдіру қабілетінде көрініс табады. Дэ – жақсы әрекеттердің және адамдарды жағымсыз қылықтардан сақтандырудың басталуы.
Конфуций философиясының негізгі этикалық принциптері:
1) жэнь – адамсүйгіштік немесе адамға мейірімділікпен қарау принципі;
2) сяо – үлкендерді сыйлау қажеттігін ескеретін принцип;
Жанұядағы адам тәртібі қоғамдағы тәртіптің негізі болып есептелінеді.
Ата-анасын сыйлай алған адам қоғамда жоғары орынға ие болады.
3) ли – ритуалдарды, салттарды, нормалар мен ережелерді орындап отыру қажеттігін ескертетін болғандықтан, адамдардың мінез-құлқының, өмірдегі түрлі нормалардың, тұрмыс-тіршілігіндегі қилы оқиғалардың арақатынасын реттеп отыратын негізгі этикалық принцип;
4) тянь – этикалық принципті орындау арқылы қол жеткізілетін рухани өсу мен адамның рухани толыққандығын бейнелейтін ұғым.
Көне Үнді философиясында аскетизм мен гедонизмге қарама-қарсы буддалық этикалық ілім пісіп жетілді. Ол адам құмарлықтарының мағынасыздығын уағыздайды. Будда этикалық ілімінің негізінде төрт асыл ақиқат жатыр: 1-ақиқат адам өмірінің туу, өсіп-өну, қартаю, ауыру, өлу, жағымсыз оқиғалармен жолығу барысында ұдайы болып тұратын қайғы-қасіретпен байланысын көрсетеді.
2-ақиқат қайғы-қасіреттің бастауын, алғышарттарын көрсетеді.
3-ақиқат қайғы-қасіреттен құтылудың жолын қарастырады.
Одан құтылу рахатқа, байлыққа, өмір сүруге немесе өлуге құмарлық сезімді жеңу нәтижесінде мүмкін болады.
4-ақиқат нирванаға, яғни өзіне-өзі риза болушылық сезіміне әкелетін сегіздік жолды анықтайды.
Сегіздік жол сезімдік рахаттанудың барлық түрінен бас тартып, нағыз тақуа жағдайға енудің жолдарын анықтайды. Олар мыналар:
1) дұрыс көру – 4 асыл ақиқатты игеру;
2) дұрыс ойлау – осы ақиқаттарды өз өмірінің негізі ретінде қабылдау;
3) дұрыс сөйлеу - өтірік айтудан сақтану;
4) дұрыс әрекет – күш көрсетпеу, жануарларға зиян етпеу;
5) дұрыс өмір сүру – тек дұрыс қылықтарды жасау;
6) дұрыс ұмтылыс - ұдайы әрекетте болу және қырағылық,
7) дұрыс еске алу - болмыстың өткіншілігін ұдайы есте ұстау;
8) дұрыс жұмылдыру - әлемнен бас тартқан адамның өзіне-өзі рухани назар аудару.
Орта ғасырлардағы этикалық ілімдер негізінен діни санамен байланысты болғандықтан күнә, жамандық пен жақсылық ұғымдарын түсіндіруге ерекше көңіл аударылды.
Күнә - діни-адамгершілік ережелеріне қайшы келетін әрекеттерді, сөздер мен ойларды білдіру үшін қолданылатын діни ұғым.
Христиандық ілімге сәйкес Адам бұл әлемге жетілген адам, Құдай ұлы ретінде келді, сондықтан да дүниеде ешқандай жамандық болмады. Адамның азғындауы жаңа адам өміріне – күнәһарлықты, күйтшілдікті және ажалды әкелді. Күнәһарлық құлдырау адамды жамандыққа әкеледі. Діни догмалар – адамға Құдай ашқан, күнәдан арылудың өзгермейтін, абсолютті және мәңгілік ережесі.
Діни моральда адамгершіліктік категориялардың бәріне «қасиеттілік» атрибуты беріліп, жақсылық пен жамандық, рақымшылдық, өмірдің мәні, мұрат, бақыт туралы түсінік діни мазмұнмен толықтырылды.
Діни моральда, бір жағынан, дінге сенушілердің жаратылыстан тыс күш – Құдайға көзқарасын айқындайтын өсиеттер жиынтығы ұсынылады. Екінші жағынан, адамдар арасындағы қатынасты реттеуге тиіс принциптер мен нормалар бар. Діни-адамгершілік нұсқаулардың о дүниедегі жағдайларға бағыттылығы адамның нақты жердегі өмірінің объективті құнын түсіреді.
Қайта Өркендеу дәуіріндегі этикалық ұстанымдар осы уақытта дамыған гуманизм мен пантеизм принциптерінің ықпалымен дамыды.
Гуманистер адам бостандығын жариялады, діни аскетизмге қарсы, адам ләззаты мен өз мұқтаждықтарын қанағаттандыру құқығы жолында күресті.
Теоцентристік және антропоцентристік дүниетанымдық ұстанымдар этикалық мәселелердің қойылу ерекшелігін анықтады. Осы дәуірде адамдар арасындағы теңдік пен сыйлаушылықты арман еткен утопиялық теориялар да пайда болды.
Н.Макиавелли қоғам Құдайдың құдіретінен емес, табиғи себептерге байланысты дамиды дей отырып, халықты басқаруға қабілетті күшті ұлттық мемлекетті құруды ұсынды. Саяси күресте ұлы мақсаттар үшін мораль заңдарын елемей, қандай да болсын құралдарды қолдануға болады деп санады.
ХҮІІ ғасырда Қайта Өркендеу дәуірінде бастау алған жаңа дүниетаным одан әрі дамып, жетіле түседі. Қоғам ақыл мен ағарту ұрандарын ұсынып, табиғатқа билік жүргізуге ұмтылады. ХҮІІІ ғасыр «ақыл мен ағартушылық ғасыры» болды, ал ХҮІІ ғасыр «данышпандар ғасыры» деп бағаланып, оған негіз, дайындық ретінде қарастырылды. Шынында да, осы уақытта алгебра мен аналитикалық геометрия жасалып, математикада интегралды есептеулер мен дифференциалды теңдеулер ашылады. Осы уақытта Галилей, Левенгук, Ньютон, Кеплер, Боиль, Паскаль шығармашылығы дамыған. Осы екі ғасырды және ХІХ ғасырды жаңа дәуір деп атау дәстүрге айналған, өйткені бұл интеллектуалдылық пен білімнің шарықтаған, ал жалаң сенімнің бағы тайған уақыт еді.
Ғалым табиғаттың негізгі түсіндірушісіне айналып, ғалам математикалық тұрғыдан реттелген материалдық құбылыс ретінде көрінді. Осы ұстаным этикалық ілімдерде де дамытылды.
Скептицизмге негізделген М.Монтень моралінің басты принципі: адам дін оған ұсынатын о дүниедегі жұмақты жай ғана күтіп отырмай, бұл дүниедегі, Жер бетіндегі бақытқа да ұмтылуы тиіс.
Жаңа этика адам моралін оның табиғатымен байланыстырады, кейбір философтар адам табиғаты о бастан-ақ жақсылыққа ұмтылады десе, екіншілері бұған үлкен күмәндықпен қарады.
Томас Гоббс (1588-1679) адам жаратылысынан эгоист, өзімшіл, сондықтан қоғамдағы «барлығына қарсы соғыс жағдайы» қалыпты нәрсе. Гоббс «адам адамға қасқыр» деген тұжырым ұсынған. Мұндай пікірді ол үш негізге сүйеніп, қорытқан: олар табиғатынан бірдей, бірақ өмір сүруге қажетті құралдар жеткіліксіз, сондықтан бір-бірімен ұдайы күресуге мәжбүр.
Азаматтардың құқығын қоғамдық шарт негізінде пайда болған мемлекет қорғайды. Өзінің қоғамдық «идеалын Т.Гоббс азаматтық қоғам» деп атады.
Жаңа дәуір этикасы бостандық идеалын қайтадан азаматтық идеалдағы айналдырып, моральді әдет-ғұрыппен байланыстырды. Осы мәселенің қиындығы сол кездегі жеке тұлғаның эгоистік мәнінде еді. Н.Макиавелли, Т.Гоббс зұлымдылық адамға туа бітеді десе, ал Т.Мор, Ж.Ж.Руссо, адам табиғатынан ізгілікті деген пікірді алға тартты.
О бастан эгоист болып жаралған тұлғаны моральдық тұлғаға, жалпы қоғамдық пендеге айналдырудың жолын қарастыру этикадағы негізгі мәселе болды.
Мораль, моральдық нормалар адаммен тікелей байланысты. Моральді іске асыру саналы түрдегі іс-әрекет. Адам санасы болғандықтан моральға бейімделген. Адамның еркі сананың әсері ғана емес, сезімнің әсері арқылы болғандықтан, оның эгоистік табиғаты бар, бұл жерде моральді заң категориялық императив ретінде болуы тиіс. «Өз қылығыңның ұстанымы жалпыға ортақ заңға айналатындай болсын» - деп жазды И.Кант. Бұл жерде жеке тұлға үшін категориялық императив ерекше мотив, яғни ізгіліктің заңына сыйластықпен қарау.
«Өзіңдегі де, басқалардағы да ақыл мен еркін жігерді мақсатқа жету құралы емес, сол мақсаттың өзі деп таны» деген Кант императивінің бірінші қағидасы тұлғаның еркіндігін, өз өмірінің, өз тағдырының қожасы екендігін көрсетеді. Ұлы гуманистің «сенің ісің, тәртібің жалпы заң» болсын. «Сенің жігеріңді билеуші ереже дүниежүзілік заңдылық негізіне айналатындай қызмет ет» деген ойлары басқаларға үлгі болатындай өмір сүру әрбір адамның парызы екендігін көрсетеді.
ХІХ ғасырдың көрнекті философы А.Шопенгауэр күнә мен әділетсіздік, қатыгездік пен бақытсыз, күншілдік пен бақталастық сияқты этикалық мәселелерге назар аударды.
А.Шопенгауэр, сонан соң Ж.Сартр, А.Камю назар аударған этикалық мәселелер ХХ ғасырда одан әрі тереңдеп, өзінің шарықтау шегіне жетті.
ХХ ғасыр өркениетінің заңды нәтижесі бір өлшемді, адам феноменінің қалыптасуы мен рухани жұтаңданудың кеңінен қанат жаюы осы ғасырда қалыптасқан көптеген этикалық ілімдердің негізгі лейтмотиві болып табылады.
Этикалық ілімдердің тарихы өте бай және жан-жақты.
Моральді қоғамдық сананың түрі ретінде терең зерттеген О.Г.Дробницкий моральдық сананың құрылымын анықтады. Оның пікірінше, моральдық сана: норма → нормалар жүйесі → моральдық сана → моральдық идеал → моральдық принциптер → түсініктер, әлеуметтік шындыққа нормативтік мән береді, түсінік (әділеттілік, қоғамдық идеал, адам өмірінің мәні) → жеке тұлғалық даму деңгейін белгілеуі (міндет, жауапкершілік, намыс т.б.) элементтерінен тұрады.
Қоғам адамның жеке-дара дамуына жеке олардың өзара байланысын нығайтуға жағдай жасайды. Адам өмірлік ізгіліктерді игере отырып, басқалармен сенім, сыйластық пен теңдік қарым-қатынастарына түседі.
Мораль дегеніміз – адамдардың өз қызметі мен тәртібінде сондай-ақ тұрмыста, қоғамда және жеке өміріндегі өзара қарым-қатынастарында басшылыққа алынатын сенімдері мен принциптері. Бұл принциптер немесе адамның қоғамдық ортадағы тәртібі, нормалары оның жақсы немесе жаман лайықсыз әрекет етуін, өмірде неге ұмтылып, неден іргесін аулақ салуын және немен күрес жүргізетінін белгілеп отырады. Адамдар арасында әр қоғамның сипатына тән экономикалық қарым-қатынастар негізінде сол қоғамның өз моралі қалыптасады.
Антикалық эстетика б.э.д. ҮІІ-ҮІ ғасырларда және біздің заманымыздың Ү-ҮІІ ғасырларында Көне Грекия мен Римде дамыған. Мифологиялық дүниетаным бастау алған антикалық эстетика құл иеленушілік қоғамда қалыптасып, дамып, жетіліп, сол дәуірдегі мәдениеттің жарқын көрінісі болды.
Көне дүние адамдарының пікірінше, космос кеңістік тұрғысынан шектеулі болғанына қарамастан, ондағы қозғалыстардың дұрыстығына, үәлесімділігіне байланысты әдеміліктің орталығы болып есептелінді. Көне грек үшін өнер – бұл өндірісті-техникалық іс-әрекет. Поэзия, мүсін, сәулет, әуез, риторика өнер есебінде емес, адамның қоршаған ортаға қарым-қатынасында тікелей қалыптасатын іс-әрекет түрінде өте жоғары бағаланды.
Антикалық эстетиканың Геродот, Сократ, Платон, Ксенофонт, Аристотель атап көрсеткен маңызды ұғымы – калокагатия. Ол – адам сұлулығының негізін қалайтын сыртқы мен ішкі өлшемдерінің үйлесімділігін білдіретін ұғым.
Физикалық және адамгершілік дамудың идеалы ретінде калокагатия Фидий мен Поликлеттің мүсіндерінде, Софоклдың поэзиясында көрініс берген.
Византиялық эстетика ІҮ-ҮІ ғасырлардан бастау алып, Х-ХІІ ғасырларда өз дамуының шарықтау шегіне жетті. Негізінен, патристикалық бағытта дамыды, негізгі өкілдері – Александрлік Афанасий, Нистік Григорий, Ұлы Василий, Иоан Златоуст, Псевдодионисий Ареопагит.
Сұлулық трансцендентті және жер бетіндегі сұлулық деп екіге бөлінді. Трансцендентті сұлулық еш уақытта жоғалмайды, өйткені ол аспан мен жер сұлулығын қамтамасыз етіп отырады. Псевдодионисийдің пікірінше, бірінші орында абсолютті Құдай сұлулығы, екінші орында аспан денелерінің сұлулығы, ал үшінші орында материалдық әлем заттарының сұлулығы.
Византиялық эстетиканың маңызды категориясы – жарық. Жарық – сұлулықтың негізгі модификациясы. Византия монахтарының арасында кең тараған аскетизм эстетикасында бұл ұғым жан-жақты қарастырылған.
«Ареопагиттің» авторы Псевдо-Дионисий жарықты негізгі игілік деп есептеді. Жарықты ол көрінетін және көрінбейтін рухани жарық деп ажыратты. Көрінетін жарық органикалық өмірге әсер етсе, рухани жарық жан дүниеге әсер етеді. Рухани жарық көзге көрінбейді, бірақ ол барлық символдар мен образдардың мағынасын құрайды. Ол ақыл көзімен, ойлау күшімен қабылданады. Жарық сұлулыққа қарағанда жалпы және рухани категория деп қабылданды.
Х-ХІ ғасырларда жарық мәселесіне Сименон Новый Богослов ерекше көңіл аударды. Ол материалдық әлем заттарын көруге мүмкіндік беретін сезімдік жарық және ойлау ағынын түсіндіретін ақылды жарық ілімін дамытты.
Ақылды жарықтың қайнар көзі – Иисус Христос.
Жарық мистикасы ХІҮ ғасырда исихазм ілімінде одан әрі дамыған.
Патристикадағы сұлулықтың тағы да бір маңызды көрінісі – түр. Түр мәдениеті шіркеу кескіндемесінде, мозаикасында көрініс тапқан.
Қан-қызыл түс – Құдай мен патша белгісі, көгілдір мен көк – трансцендентті сфералардың белгісі. Ақ түс – Құдайдың жарқырауын білдірді, ал қара түс – азап, өлім, қызыл түс өмір мен от, құтқару символы болды.
Х-ХІІ ғасырлар өнерін романдық деп атайды. Француз археологтары қазба жұмыстары кезінде табылған үйлер көне Рим құрылыстарына ұқсайтынын анықтағандықтан, мұны романдық стиль деп атауды ұсынды.
Романдық стильде шешуші роль сәулет атқарды. Бұл стильге жататын құрылыстар қарапайым. Бұған рыцарь қорғандары, монастрлік ансамбль, храм жатты.
Бекініс, қорғандар қорғануға ыңғайлы жерлерге салынды. Бұл үйлердің мықтылығы мен көрнектілігі маңызды болғандықтан, олардың сәулеті қарапайым болды, онда ерекше әдемілік пен талғам жоқтың қасы десе де болады. Қорғандар кең дөңгелек тісті бөліктері бар мұнаралардан тұрады, кей уақытта мұнара төртбұрышты болған. Оған қосымша үлкен тастар қойылатын.
Мұнаралар кез-келген қорғанның ажырамас бөлігі болды және ол дворяндардың ерекше статусын көрсетті. Ж.Ж.Руаның «Истории рыцарства» деген кітабында сөз арасында біреудің мықтылығын көрсету қажет болғанда «Онда мұнара бар дейтін болған» деген мәліметтер келтірілген.
Руаның пікірінше, бұл дәуірдің адамдарына көлемділік және үлкендік ұнаған, олардың әдемілікке бастайтын талғамы болмаған деген ойға жетелейді.
Соборлар да өте көлемді болған. Бұл ғасырларда монастырь қайнаған өмір орталығы, мұнда көптеген қолөнерші-шеберлер жұмыс істеген, мінәжат етушілер көптеп ағылған. Роман стиліндегі сәулетшілер ең алдымен, көп адамдарды орналастырудың қамын көбірек ойлаған.
Храм конструкциясы көне христиан храмдарына ұқсас болған. Романдық храмдар өзінің күшімен таң қалдырады. Оларда түсініксіз ешнәрсе жоқ. Бітім-болмысында қарапайымдылық пен өлшем мен мұндалайды. Әлемге саналы көзбен қарау көрініс береді. Храмдар биікке ұмтылыс, көтеріңкі көңіл сезімін береді, сонымен қатар, еңсені езіп жіберетіндей ауыр сезім де туындауы мүмкін.
Алғашында соборлар тегіс төбесімен салынды, ал кейіннен ішкі бөлмелер тастан жартылай дөңгелек күмбездер салынды. Күмбездер құлап қалмау үшін қалың, ауыр қабырғалармен, ал сыртқы жағынан рельефтермен безендірілді. Храмдар мен қорғандардың қабырғалары тоқылған кілеммен көмкерілді.
Франциядағы роман сәулетінің белгілі ескерткіштеріне Клюин монастріндегі (1088-1131), Қасиетті Петр мен қасиетті Павел шіркеуін, Отендегі (1112-1132), Сен-Лазар шіркеуін, Везледегі (1120-1150), Сен-Мадлен шіркеуін, Германияда Вормстағы (1181-1234) соборды, Шпейердегі (1030-1092-1106) соборды жатқызады.
Мүсін сәулетпен байланысты болды. Оның негізгі маңызы – безендіру, насихаттау, таң қалдыру, тәрбиелеу.
ХІІ, ХІІІ, ХІҮ ғасырлардағы сәулет ескерткіштерін готикалық деп атаған. Готикалық «тағылық» сөзінің синонимі болып есептелінді. Терминді Рафаэль ұсынған. Готикалық стильді мергендік арка үшін мергендік деп те атайды. Бірақ готиканың мәнін мергендік арка толық ашып бере алмайды, оны толық түсіну үшін «ұят қабырғалар» ұғымын пайдалану қажет.
Готика француз өнері деп те атаған. Шынында да, готика Францияда пайда болады, ортағасырлардың соңғы ширегінде Европаның басқа жақтарына да тарайды.
Готикалық стиль ерекше толғану жағдайында пайда болған. Романдық сәулет теократия билігін көрсетсе, готикалық сәулет рухы діни болғанымен, жаңа нышандарды анықтады.
Готикалық өнер схоластиканың құрылымдарының көрнекі бейнесі бола бастайды. Ол өз болмысына дәуірдің өскелең күштерін сіңіреді. Готикалық өнер, бір жағынан, техника саласында біршама жетістіктерге қол жеткізді, екінші жағынан, терең діни сезім, материалдылықпен күрес, жоғары еркіндікке ұмтылыс.
Әр елде готикалық стиль өзінше дамыды. Соған қарамастан, ол екінші жалпы европалық стиль болды. Готика үшін де маңызды өнер сәулет болды. Собор – готиканың негізгі сәулеттік құрылымы.
Готикалық собор – бұл тек Құдайға құлшылық ету орны ғана емес, сонымен қатар, театрлық қойылымдар мен жиналыстар орны. Бұл – қала силуэтінің ең жоғарғы нүктесі.
Собор сыртқы салтанатына қарамастан, кешірім сұрау, жалбарыну ескерткіші. Оның этикасы – тез арада және мол, жеңіл баю үшін еркін құрбан шалу этикасы. Собор күнделікті ояну мен күнәға батудан жоғарылықты көрсететін символ.
Собор – билік белгісі, епископ пен патшаның басқаруымен тәртіп пен ережені орындай отырып, өзін-өзі сақтауға болады деген ойды білдіреді.
Соборларды салу қажеттігі дамып келе жатқан білімге мұқтаж болудан да туындаған, өйткені оларда мектеп болған.
Готикалық сәулеттің ерекшелігі – онда базиликалық форманың болуы. Готика роман стилінен базиликаны қабылдайды, бірақ оны өзгертеді.
Роман соборының ауыр салмағы жоғары ұмтылған құрылымдармен алмастырылады. Мерген арка роман стилінде декоративті роль атқарса, ал готикада ол конструктивті роль атқарады.
Готикалық өнердің ескерткіштеріне Франциядағы Нотр-Дам де Пари соборы (ХІІ-ХІҮ ғғ.), Шатрдағы собор (ХІІ-ХІҮ ғғ.), Леймстегі собор (1211-1330), Германиядағы Кельн соборы (ХІІІ-ХІҮ ғғ.) жатады.
Ренессанс дәуірінде өнердің кеңістіктік түрі – кескіндеме, мүсін, сәулет өнері дамыды. Бұл дәуірде адам қатты дәріптелді. Эстетикалық зерттеулермен тікелей суретшілер айналысты. Жалпы эстетикалық мәселелер кескіндеме, мүсіндеме, сәулет өнері аясында дамыды.
Айналадағы қоршаған ортадағы әдемілікті бір ортаға келтіруге ұмтылыс антропологиялық тұрғыдан қайта өңделген неоплатонизм негізінде жүзеге асады.
Қайта Өркендеу дәуірінің суретшілері кеңістіктің логикалық құрылымымен айналысқан. Ченнино Ченнина, Паоло, Леон Батист Альберти, Л.Винчи, Рафаэль Санти, Микеланджело Буанаротти өнердің техникалық мәселелерімен, яғни сызықтық және ауалық перспектива, жарық көлеңкесі, жалпы компарици, гармония сұрақтарымен айналысты.
Ренессанс эстетикасы – идеал эстетикасы. Идеал мен шынайы өмір арасындағы қарым-қатынасты зерттеу барысында олар көркем образдағы жалпы мен жеке мәселесіне тап болады. Бұл көптеген суретшілерді қатты толғандырады. Әсіресе, бұл мәселе Альбертті өте қызықтырды.
Бұл дәуірдегі өнерде идеаолизация көбірек қолданылды. Суретшілерді натуралистер деп қарастыруға болмайды.
Италиялық Қайта Өрлеу дәуірі мәдениетке ақын Данте Алигьериді (1265-1321), кескінші Джоттоди Бонденені (1266-1337), ақын-гуманист Франческа Петрарканы (1304-1374), ақын, жазушы, гуманист Джованна Боккачконы (1313-1375), сәулетші Филиппо Брунеллескиді (1374-1446), кескіндемеші, мүсінші Донателмени (1386-1466), кескінші Мазачгони (1401-1428), гуманист, жазушы Лоренцио Валмани (1407-1494), философ, гуманист Маримо Фичинони (1423-1499), кескінші Сандро Боттичели (1445-1520) ғалым Леонардо да Винчиді (1457-1519), кескінші, мүсінші, сәулетші Микеленджело Буанарротиді (1425-1564), кескінші Джордженені (1447-1510), кескінші Рафаэль Сантиді (1490-1510) берді.
Барокко – қайшылықтың, күмәннің, күдік пен ризм болмаушылық рухын беретін бағыт. 1630 жылға дейін барокко өнері Микеланджелоның ықпалында болды. Барокко өнері Италияда пайда болған. Барокко сөзі ерекше форманың силлолигизмі мен гаухар тасы.
Барокконың теоретиктері – Джонстатист Марино, Меттео Парегрини, Эммануэль Гезаура. Мариноның пікірінше, өнердің мақсаты – таң қалдыру. Таң қалдыру принципі көптеген өнердің түріне сай. Кеңістіктік және уақыттық өнер түрлері бір-бірімен тығыз байланысты. Кескін – мылқау поэзия. Поэзия – сөйлейтін кескін. Өнерді біріктіру идеясы – барокко идеясы. Барокконың көркем өнер концепциясы, негізгі қозғағыш күші – тапқырлық. Барокколық тапқырлық ұқсас еместерді бір-біріне жақындату өнері.
Тапқырлыққа көңіл бөлінгендіктен бұл өнер метафораға, тұспалдап сөйлеуге, эмблемаға және символға үйір.
Барокко өнерінде метафора таста да, сөзде де бар. Барокколық өнер қиялға түпкі идеяны ойластыруға көп көңіл бөледі. Ол өз саласына ұсқынсыздық, тротескіні, фантастиканы да енгізген.
Қарама-қарсылықтарды бір-біріне жақындату ренессанстық шама, үйлесім ұғымын алмастырады. Мысалы, Берниниде ауыр тас нәзік матаның драпировкасымен сымбат, кескін эффектісіне айналады, ал сәулет қатып қалған әуездей әсер етеді.
Ирреалдылық пен реалдылықтың, мистиканың натурализммен мидай араласып кетуі алғашқы рет барокко эстетикасында бастау алып, сонан соң романтизмде, сюрреализмде өзінің шырқау шегіне жетеді.
Барокко теориясы өнер-ғылым, ол логикалық ойлаудың заңдарына бағынады дейтін Қайта Өрлеу дәуірі принципінен бас тартады. Барокко ғылымнан ерекше өнер, ол ғылыми догикаға бағынбайды деп есептеп, тапқырлық, данышпандық оның белгісі екендігін айшықтайды.
Көркемдік дарын Құдайдан беріледі, ешқандай теорияның көмегімен оған үйренуге болмайды.
Барокко дәуірінде адамның дүниені тануының, түйсінуінің қайшылықтығы ерекшеленді. Осы уақытта Францияда Паскальдің пісіп-жетілуі кездейсоқтық болмаса керек. Ол рационалдық парадигманы қабылдамай, әлемді тұрақты емес деп есептеп, болу мен болмау шекарасында өмір сүрді. Ой мен пайымның ұлылығына күмән келтірген Паскаль «Егер тым жылдам немесе тым баяу оқысақ- ештеңені ұғып жатпайсың», «Қуақы адам мен мақтаншақ адамды бірдей жек көремін», «Табиғаттың бізді орта тұста болуға жақсы орналастырғаны соншалық, егер біз тепе-теңдігімізді бір жаққа қарай өзгертетін болсақ, біз оны басқаға өзгертеміз» деген ойлар айтқан.
Паскаль кез-келген біржақтылықтан бас тартып, орта тұстың салтанат құратынына кәміл сенген.
Паскаль әдеміліктің оны қабылдаушы субъектімен байланыстығын жақсы түсінген. Ол эстетикалықтың индивидуальді толғаныстарын жалпы, объективті негіздермен байланыстырғысы келген.
Барокко – бұл сәнділік, декоративтілік, ұлылық, ой түйіндік, ағымдық, екпін, құштарлық, экстаз, ойнақылық, тұлғалық. Бұл өнер католик шіркеуін дәріптеуі қажет еді.
Өнерде ағымды космостың бір бөлігі деп есептеді. Бұл тұста Дж.Бруно, Кампанелланың идеялары мен физиканың, астрономияның табыстарының ықпалы зор болды. Өнердің бейнелеу түрлері сәулет, мүсін, кескін алдыңғы қатарға шықты.
Сарай құрылыстарының стилі абсолютизмді жасады. Сарай ортағасырлардағыдай қамал емес, керісінше, жерге оралған Олимп, бұл жердегінің бәрі Құдайды еске түсіреді. Кіре беріс, үлкен залдар мен галереялар, қабырғалар түгел айналармен көмкерілген. Бақшалар мен парктер – Олимптің жарқыраған алаңдары деп жазды Э.Фукс.
Барокко өнері – ұлылық, мадақты салтанат. Оның маңызды тақырыбы – билікті Құдайға айналдыру.
Барокко өнері – бұл ең алдымен, католик дінінің өнері. Италиялық барокконың көрнекті суретшісі – Джовани Лоренцио Бернини (1598-1668). Ол абсолютизм мен католицизмді дәріптеді. Ол сәулетші, мүсінші, декоратор, кескінші, суретші, шығармашылық қуаты аса мол дарынды адам болған.
Бернинидің атақты мүсіндерінің бірі – Давид.
Бернини сәулет пен мүсінді біріктіруге ұмтылады. Қасиетті Петр соборында балдахин мен кафедраны дәстүрлі материалдардан жасай отырып, небір пластикалық эффектілерді таба алған.
Бернини мүсін мен суды біріктіре отырып, ғажайып бұрқақтар жасаған.
Барокко сәулетінде Ренессанс сәулетіндегі формалар гармониясы жоғалады, оның орнын неше түрлі контрастар, динамикалық өзара әрекеттер басады. Қабырға рельефі күрделенеді, формалар жоғары пластикалы, олар бірін-бірі тудырады және жалғастырады. Барокко сәулеті адамды өз кеңістігіне енгізетіндей әсер етеді.
Қасиетті Петр соборының алдындағы алаң Бернини шығармашылығының шоқтығы биік туындысы. Собор алдындағы алаң Бернинидің сәулеттік данышпандығының, оның кеңістікті моделдеу қабілетінің жоғарылығын дәлелдейді.
Классицизм – ХҮІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында еуропалық әдебиет пен өнерде қанат жайған стиль мен бағыт. Драматургия мен театрда дамыған классицизм абсолютті монархия билік еткен Францияда дамыған.
Өмірдің барлық саласында тәртіп, ақылды құрылым, қалып болуы қажеттігінен туындаған бұл стиль өнердің барлық түрінде, яғни Версаль бақтарының нақты өлшемдерінде, күмбез сәулетінде, кескіндемеде, жазушылар мен ақындар шығармашылығында кеңінен көрініс тапты.
Классицизм эстетикасы Аристотель көзқарастарына негізделді. Өнер жанрларының нақтыланған, қатал шектелген өлшемдері болды. Ғасырдың философиялық, адамгершілік, әлеуметтік мәселелеріне назар аударған трагедия басты жанр болып есептелінді.
Классицизм эстетикасы үш шарттың орындалуын талап етті: орын бірлігі – оқиға бір үй аясында 24 сағат ішінде және бір сюжеттік бағытта өрбіп отыруы қажет.
Классицизмнің атақты трагедиялары мен комедияларын П.Корнель (1606-1684), Ж.Расин (1639-1697), Ж.Б.Мольер (1622-1673) жасаған. П.Корнель драмаларының кейіпкерлері қоғамдық, азаматтық игіліктерді орындау үшін өзінің жеке құмарлықтарын жеңіп отырады. Карнель адамдар қалай болуы қажеттігін, ал Расин олардың қалай екендігін суреттейді. Карнель кейіпкерлерінің жарық шамы болған ақыл мен борыш талаптары, Расин кейіпкерлерінің құмарлықтарының алдында бас иеді.
Мольер шығармашылығының арқасында комедия төменгі жанр болудан қалады, өйткені онда трагедиядағыдай ғасырдың аса маңызды мәселелері өз шешімдерін тауып отырады.
Француз классицизмнің негізін Р.Декарт ұсынған принциптер қалаған. Оның негізгі талаптары мынадай: Көркем шығармашылық ақылға сүйенеді, көркем шығарма анықталған, ойластырылған ішкі құрылымнан тұрады, суретшінің негізгі мақсаты – ойдың күшімен және қисынымен сендіру.
Шығармашылықтың нақты ережелерін ұсыну – классицизм эстетикасының ең бастапқы белгісі.
Классицизмнің нормалары мен ережелерін осы бағыттың көрнекті өкілі Никола Буало (1636-1711) «Поэтическое искусство» деген еңбегінде баяндаған.
ХҮІІ ғасырда француз көркем мәдениетінде классицизммен қатар реализм бағыты да дамыды. Ол жазушылар Шарль Сорель (1602-1674), Поль Скаррона (1610-1660) шығармашылығында көрініс берді. Реализмнің философиялық негізгі Ф.Бэконның (1561-1626), П.Гассендидің (1592-1655) метафизикалық материализмі болды.
Ағартушылар эстетикасының көрнекті өкілі Вольтер (1694-1779) көркем мәдениеттің тарихи оқиғаларға байланысты өзгеріске ұшырап отыратынын атап көрсетті.
Вольтердің көркемдік жолындағы ізденістері мораль мектебі деп есептеген театрмен тығыз байланысты болды.
Вольтер трагедия жанрын сөз шығармашылығының жоғары түрі деп бағалап, өзін драматугр ретінде бағалады. «Эдип» (1718), Ирина және «Агафолл» (1718) трагедияларын жазады.
Вольтер антикалық трагедияның мәдениетін жаңаша түсінуге жол ашады. Оның концепциясы Дидро, Винкельман, Лессинг шығармашылығында одан әрі дамиды. Вольтердің теориясы бойынша, трагедиялық қойылым жанашырлық сезімін оятады, басқаның қайғы-қасіретін өзіңдікіңдей қабылдауға мәжбүр етеді. Грек трагедиясы – бұл жанқиярлық пен адамгершілікке үндейтін игілік мектебі.
Француз ағартышулығы эстетикасының көрнекті өкілі – Д.Дидро. Атақты өнер, ғылым, қолөнер энциклопедиясын жасаушы Д.Дидро философ, жазушы, өнер теоретигі және сыншы болған.
Неміс ағартушылары А.Баумгартен, И.Винкельман, Лессинг ағартушылық реализмнің негізгі принциптерін жасады.
Эстетиканың дамуында И.Кант ерекше орын алады. 1790 жылы жазылған «Критика способности суждения» деген кітабында Кант толған пікірі болып табылатын эстетикалық пікірді арнайы талдайды. Эстетикалық пікірдің ерекше түрі – сұлулық. Сұлулықты субъективті қабылдаудың 4 аса маңызды қыры бар.
1.сұлулық - практикалық қызығушылықтан ада; 2.сұлулық – жалпы сипатта және әркім үшін маңызды; 3.сұлулық заттық мақсаттылықтың түрі; 4.сұлулық оның ұғымынсыз-ақ қажетті сүйіспеншіліктің предметі.
«Критика способности суждения» кітабының «Аналитика возвышенного» деп аталатын бөлімінде биіктіктің төрт белгісін атап көрсетеді. Биіктік те қызығудан ада, барлығы үшін маңызды, мақсатты және қажетті. Сонымен қатар, Кант биіктіктің екі типін, яғни «математикалық биіктік пен динамикалық биіктікті» атап көрсетеді.
Біріншісінің мысалы уақыт пен кеңістікте орналасқан – аспан мен теңіз, ал екіншісі күш пен мықтылық өлшемдері: су тасу, жер сілкіну, дауыл соғу.
Кант көркем өнермен айналысатын данышпанның төрт белгісін көрсетеді: