2-модуль.Адамгершілік онтологиясы. Өнер онтологиясы. Этика мен эстетика категориялары. 5-лекция. Жақсылық пен жамандық, парыз, ұждан ұғымдарының мәні. Этикалық ілімдер тарихында бұл ұғымдар әр уақытта жан-жақты қарастырылған.
Жақсылық пен жамандық өте жоғары дәрежедегі жинақтаумен, тұжырымдамамен айқындалады. Өйткені олар этикалық сананың қарама-қарсы ұстанымдары. Біз олар арқылы адамның барлық іс-әрекетіне баға береміз.
Философия тұрғысынан, жақсылық дегеніміз – белгілі бір қоғам немесе қауымдастық жағымды, игілікті деп есептейтін адам іс-әрекетінің барлық түрін бейнелейтін ұғым.
Кей уақыттарда игілікті, жағымды деп бағаланған іс-әрекеттер моральдық сананың иелері үшін әртүрлі бағалануы жоққа шығарылмайды. Біреулер жағымды деп бағалаған іс-әрекет түрін басқа біреулер жағымсыз деп бағалауы да әбден мүмкін. Философиялық ұғым ретінде жақсылық салыстырмалы категория, өйткені ол субъективті көзқарас тұрғысынан туындайды.
Этикалық тұрғыдан, жақсылық – бұл негізгі моральдық құндылық, сондықтан біз оны адам іс-әрекетіне баға беру үшін қолданамыз. Жақсылықты моральдық қылықтардың негізгі өлшемі етіп алу жақсылық ұғымының салыстырмалы табиғатына қайшы келеді. Философия мен этика тарих осы қайшылықты түсіндіру барысымен тыныстырып отыратын болғандықтан, бұл сұрақтың шешімін табу жауапсыз қалуы да мүмкін.
Жақсылық жақсы өмір, риза болушылық сезімімен байланыстырылса, жамандық өмірге қауіп төндірумен, зиян келтіруімен ерекшеленеді. Жамандық – бұл әр уақытта жою, бүлдіру, төмендету. Жамандық бұзуға бағытталғандықтан деструктивті элемент болып табылады.
Әлемде орын алатын жамандық үш түрлі формада көрініс беруі мүмкін. Біріншіден, физикалық және табиғи жамандық. Бұған табиғи қара күштер: жер сілкіну, су тасқыны, қатты жел, жанартаулардың атылуы, эпидемиялар және кәдімгі аурулар жатады.
Екінші жамандық қоғамдық қатынастардан туындайды. Бұған басқаның жеріне көз салу, байлығын тартып алу сияқты іс-әрекеттер жатады.
Жамандықтың үшінші түрі – адамгершіліктің өзінен туындайды. Мұндай жамандықтың екі түрін анықтауға болады: біріншісі – жеккөрушілік, екіншісі – азғындық.
Жеккөрушілікке агрессияны, күш көрсетуді, ашу шақыруды, басқалардың мысын басуға ұмтылушылық жатқызады.
Бұл жамандық өте белсенді, өйткені ол басқа болмысты жоюға тікелей бағытталған. Басқа адамға теріс пиғылмен қарайтын адам еш нәрседен тайынбайды.
ХХ ғасырларда философия мен психология ғылымының ірі өкілдері агрессия, белсенді жамандық мәселелерімен көп айналысты. Мәселен, З.Фрейд адам болмысында о бастан-ақ өмірге құштарлық сезімімен қатар өлім инстинктісі танатос та бар деп есептейді.
Жеккөрушілік сезімі адам өзі ұмтылған бір мақсаттарды орындай алмай қалған жағдайларда туындайды.
Азғындық ұғымы адам табиғатынан туындап отыратын қорқақтық, ұсақтық, жалқаулық, өзінің сезімдері мен көңіл күйін тежей алмаушылықты бейнелейді.
Белгілі ғалым, сыншы С.Әшімбаев атап көрсеткен рухани тоғышарлықтың белгілері түп-түгел жамандық құбылысының бет пердесін аша алады. Олар: көзқарастағы тайыздық, мінездегі өзімшілдік, дүниетанымдағы дүмшелік, сезімдегі желбуаздық, сөздегі екіұштылық, ниеттегі арамдық пен ашкөздік, көңілдегі көрсеқызарлық пен пейілдегі тарлық, көкейдегі тойымсыздық, жүректегі сұйықтық, қарым-қатынастағы есеп пен пайдакүнемдік, позициядағы самарқау бейтараптық, әрекеттегі жалақтық, принциптегі солқылдақтық, мақсат-мұраттағы жер бауырлаған ұсақтық, сенімдегі немқұрайдылық.
Адамға оның өміріне қауіп төндіретін, оның қадір-қасиетіне кір келтіретін, мысын басатын, арын таптайтын нәрсенің бәрі жамандыққа жатады.
Жақсылық пен жамандық бір-бірімен тығыз байланыса, олар бірін-бірі анықтайды, жақсылық туралы білмей жамандыққа қарсы тұруға болмайды. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірін-бірі терістеу арқылы нақтыланады.
Жақсылық пен жамандық жекелеген адамдардың әрекеттерін қоса есептегенде қоғамдық құбылыстарға жағымды немесе жағымсыз баға берудің этикалық категориялары.
Жақсылық пен жамандық жекелеген адамдардың әрекеттерін қоса есептегенде қоғамдық құбылыстарға жағымды немесе жағымсыз баға берудің этикалық категориялары.
Жақсылық пен жамандық қай діннің болса да маңызды бөлігі, бірақ олар барынша абстрактілі түсініктер, өйткені олар тарихтан, таптан, топтан тыс ұғымдар ретінде түсіндіріледі және бір-біріне біржақты түрде қарама-қарсы қойылады.
Шын мәнінде жақсылық пен жамандықтың барлық кезең және барлық халықтар үшін жарайтын ешқандай ұғымы болған жоқ. Жалпы мораль сияқты бұл категориялардың нақты тарихи сипаты бар.
Жақсылық пен жамандық қатып қалған өзгермейтін қарама-қарсылықтар емес. Кешегі жақсылық бүгін жамандық бола алады.
Идеал ретінде жақсылық пен жамандық бөлінбеген біртұтастық. Шындықта олар бөлінген және бір-біріне қарама-қарсы. Өйткені адамдардың өзін-өзі сезінуі, бағалауы әртүрлі.
Өзін кереметпін деп ойлайтын адамдар тәкәппар болып келеді. Өзінің тәккәппар көңілінен туындаған талап-тілектері басқаның мысын басу арқылы іске асуы мүмкін екенін есепке алмауы салдарынан көптеген қиындықтар туындап отырады.
Жақсылықтың негізгі өлшемдері ретінде бүкіл адам баласына тән жалпы адамзаттық құндылықтар алынады. Бұларға гармония, сыйластық, барлық адамға деген игі тілек, адам өмірін, болмысын сыйлау, оны қастерлеу жатады.
Парыз, ұждан, ұят, күнә.
Парыз дегеніміз – әр адамның қоғамның моральдық идеалына сәйкес келетін моральдық нормалар мен құндылықтарды орындау қажеттілігін түсінуі. Әр адамның игілік, жақсылық жолында әрекет етіп, басқаның жағдайын жақсартуға ұмтылысы және жамандыққа қарсы тұруы оның негізгі парызы. Парыз ішкі қажеттіліктен де және сыртқы оқиғалар, факторлар әсерінен де туындап отырады.
Парыз – адамның моральдық міндеттерін жауапкершілікпен қарауының өлшемі. Сондықтан парыз бен моральдің императивтік функцисы тығыз байланысты. Парыз мемлекет, қоғам, адамдар және өзінің алдындағы міндеттерін орындауды түсінуі. Парыз бен жауапкершілік бір-бірімен тығыз байланысқан. Өйткені парыз алға қойылған міндеттен туады, яғни міндет адамға парызды жүктейді.
Парыз дегеніміз, Б.Момышұлының пікірінше, өзінің мағыналық аясына ақыл, сезім, ерік, абырой, ар-ождан, әділдік, шындық, махаббат тағы басқада мәселелерді қамтып, оларға адамның қызмет аясындағы қайшы құбылыстарды қарама-қарсы қоятын ең жоғарғы интеллектуалдық ұғым.
Парызға Момышұлы берген бұл анықтама адамның көптеген маңызды өлшемдерін біріктіретін тиянақты біртұтастық. Парыз мақсат пен міндетті, ұстаным мен дүниетанымдық құндылықтарды өзара байланыстырады, кіріктіреді, синтездейді.
Парыз - өте маңызды ар өлшемі. Өзінің парызын жақсы түсінген адам ғана қоғамның, таптың, өркениеттің мүддесіне еңбек ете алады, адам баласының өміріне қауіп төндіретін зиянды әрекеттерге қарсылық көрсетеді, гуманистік қарым-қатынастардың орнауына атсалысады.
Ұждан дегеніміз – адамның өз іс-әрекетіне сын көзімен қарап, өзіне-өзі баға беруі. Ұждан адамның адамгершілік принципі аясында тәрбиеленуінің негізі.
Ұждан мен парыз әр уақытта гуманизм принципіне сай болмауы да мүмкін. Егер жеке бастама мен шығармашылық жігерді басып тастаған жағдайда оған қарсы болуы да назарға алынады. Осы қайшылыққа сүйене отырып, неміс-американ философы Э.Фромм әмірлік және гуманистік ұжданның айырмашылығын анықтады: 1) әмірлік, өктемдік ұждан – сыртқы беделді, ықпалды өзінің адамгершілік тұлғасының негізгі принципі етіп алу. Оның себебі – жазаланудан қорқыныш немесе алғыс алуға үміт. Олар адам өмірінің ішкі реттеушісі ретінде алынады. Кез-келген тыңдамаушылық пен беделді сынау және оған қарсылық көрсету күнәлі болу сезімін тудырады. Күнә - өзіңе айналадағылардың риза еместігін сезінуді, оны өзін шығармашылық түрде көрсете алмайтын еркі жоқ жанға айналдырады.
2) гуманистік ұждан – тұлғаның дұрыс іс-әрекеттерге ұмтылысы немесе оны орындамауы. Адамның іс-әрекеті оның шығармашылық мүмкіндігін ашуға жағдай жасаса гуманды болып есептелінеді. Гуманистік ұждан біртұтас, толыққанды тұлғаның мүддесін қорғайды.
Адамгершілік императиві – іштей түсінілген парыз сезімінен туындайтын жалпы, моральдық заңдылық. Моральдық императивке жақындатылған адамгершілік құндылықтар бұйрық сипатына ие және орындалуы парыз деп есептелінеді. Адамгершілік императив парызбен барабар, сондықтан ол әр уақытта ұжданмен, парызды түсінумен бірге. Ол сыртқы бедел емес, адамды әр уақытта жағымсыз қылықтардан сақтандырып отыратын ереже, қалып.
Ұждан адамға әр уақытта өзі және басқалар адамда жауапкершілігін еске салып, оны орындап отыру қажеттігін алға тартып отырады. Моральді жауапкершілікті әр уақытта сездіріп отыратын екі маңызды тетік бар: ол ұят сезімі және күнә ұғымы. Көптеген авторлар ұятты басқалардың күнәлауынан қорқыныш деп бағалайды. Ұят дегеніміз – моральдық нормаларға сай келмеу жағдайын басқалардың біліп қоюы мүмкіндігін ойлап торығу, қобалжу сезімі.
Басқалардың алдында ұятқа қалудан байлық та, жоғары мәртебе де құтқара алмайды. Өзіне сын көзімен қарағандардың жымысқы күлкісі мен күнәлай көз тастауын бастан кешіру өте қиын жағдай.
Ұят сезімін қоғамдық ықпалдың әсері туындатады.
Қандай жағдайда адам өзін ұятты сезінеді? Ұятты сезінуді туындататын жағдайлардың бірінші тобы қоғамда қалыптасқан нормалар мен стандартқа сай келмеуді түсінумен байланысты.
Өзінің материалдық жағдайы мен білімінің ауқаттылар мен білімділер ортасына түсіп қалған жағдайда олардың стандартына сай еместігін сезінген уақытта ұялып қалу пайда болады.
Ұят сезімін тудыратын екінші жағдай қоғамда қалыптасқан стандарт нормаларын орындай алмай қалған уақыт немесе іс-әрекет.
Ұят сезімін тудыратын үшінші жағдай – белгілі бір мәдени ортада жоғары бағаланатын моральдық ұстанымдарға сай болмау.
Ұят сезімін тудыратын көптеген психологиялық, мәдени, рухани факторларды атап көрсетуге болады.