13-лекция. Қазіргі заман және этикалық нормалар. Адамның моральдық еркіндігі бүкіл адам баласына тән жалпы адамгершілік қалыптарды өзінің қоғамдық және жеке өмірінде орындай отыруымен тығыз байланысты. Әрекеттері басқалардың құқығына, өмір сүру кеңістігіне залалы тимеген сайын адам өзін мораль тұрғысынан еркін сезінеді. Моральдық еркіндікті осылай түсініп, оған әр уақытта сай болуға тырысып әрекет ету жауапкершілік сезімімен тығыз байланысты.
Адам әр уақытта өз әрекеті үшін жауап береді.
Жауапкершілік сезімінің маңызды алғышарты іс-әрекет еркіндігі. Егер адам байлаулы болса, есінен адасып қалса немесе түрмеде отырса одан жауапкершілік күтуге болмайды. Мұндай жағдайдағы оның іс-әрекетін адамгершілік тұрғысынан ақтап алуға болады. Бірақ, өкінішке орай тіпті осындай интуицияны да өз пайдасына шешіп, моральдық азғындыққа баратын адамдар жиі кездесіп отырады.
Жауапкершіліктің келесі алғышарты – іс-әрекеттің алдын-ала ойластырылуы. Алдын-ала жоспарлап, ойластырып, одан шығатын салдарға дейін білетін адам үлкен жауапкершілік сезімінде болады.
Моральді жауапкершілік - өте қиын шаруа, одан бас тартуға, қашып кетуге немесе құтылып кетуге болмайды. Ол адамды іштей де сырттай да жаулайды. Сондықтан еркіндік жоғары құндылық пен игілік болып табылады.