Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
М.әуезов атындағы оңтүстік қазақстан мемлекеттік университеті
Философия кафедрасы
Этика мен эстетика пәнінен лекция курсы
Шымкент-2010 ж.
1-лекция. Этика мен эстетиканың пәні.
Этика мен эстетика философия ғылымының құрамында пайда болып дамыған білім жүйелері. Адам - әлем қарым-қатынасының түпкі, әмбебап, жалпы қасиеттері мен қырларын философия зерттейтін болса, этика мен эстетика осы қатынастың адамгершілік пен әдемілік жақтарын қарастырып, адам дүниетанымын тереңдетеді, тұрақтандырады, кеңейтеді.
Көне дүниедегі философиялық ілімдердің бәрінде этикалық және эстетикалық білімдер кеңінен орын алған. Сондықтан этика да, эстетика да дәстүрі мол, тарихи тамыры терең гуманитарлық білімдер болып табылады.
Адам о бастан-ақ белгілі бір қауымда, қоғамда өмір сүрді, ол өзін қоршаған ортамен, сонымен қатар, өзімен бірге тіршілік етіп отырған басқа адамдармен ұдайы салыстырумен болды. Кез-келген нәрсенің, әрекеттің белгілі мағынасы, мәні, құндылығы бар. Маңызды немесе маңызды емес, орташа маңызды, тіпті бейтарап оқиғалар, заттар бар. Адам өз өмірінде бір нәрселерге қатты ынтығады, ұмтылады, ал бір нәрселерден қашық жүруге тырысады. Осы бағыттағы алғашқы бағаларды олардың сезімдері береді. Қоршаған ортаны не жақсы, не жаман, ыңғайлы, не ыңғайсыз, әдемі не болмаса ұсқынсыз, жарамды не жарамсыз деп бағалайды. Адамның эмоциялық іс-әрекеті дүниеге қарым-қатынасты білдіреді, алғашқы таңдаулар жүйесі мен өмірлік жолын анықтайды. Осындай объективті жағдай этика мен эстетиканың қалыптасуына негіз болған.
Этика сөзі грек тілінде «этос» сөзінен алынған, этос сөзі белгілі бір жерде болуды, мінез бен темпераментті білдірген.
«Никомах этикасын» жазған, Александр Македонскийдің ұстазы болған көне грек философы Аристотель «этос» сөзінен этикалық деп сын есім құрап, оны ізгіліктерді, адамгершілік қасиеттерді зерттейтін қолданбалы ғылым деп атады. Аристотель бұл терминді ендіру арқылы адамның ерлік, жомарттық, сабырлылық сияқты ерекше қасиеттерін айшықтап, оларды арнайы қарастыру қажеттігін ұсынған.
Этиканың мақсаты – адамды моральдық тұрғыда тәрбиелеу. Адам интеллектуалдық және этикалық қасиеттердің жиынтығы. Шынайы адамгершілік мінез-құлық, ақыл-ой мен сезімнің сәйкестенуі арқылы жасалады. Адам деген атқа лайықты болу үшін қайырымды болу керек. Әр істе ортаға сай бейімделе білу қиын, сондықтан лайықты, құрметті адам болу да оңай емес. Мәдениеттің негізгі қағидасы деп антикалық дәуірде «алтын ортаны», «ақыл мөлшерін» атаған.
Аристотель терминін грек тілінен латын тіліне дәл аудару мақсатында Цицерон «moralis» сөзін ұсынған. Ол оны мінез, темперамент, мода, киім өлшеу, дәстүрді белгілеген «mos» сөзінен алған.
Орыс тілінде этика мен мораль сөзіне жақын «нравственность» адамгершілік сөзі бар. Ол тек ақыл емес, адамгершілік қасиеттерді белгілейтін «нрав» сөзінен алынған. Алғашқы рет «нрав» сөзі Ф.Пиликарповтың «Лексикасында» 1704 жылы кездескен, ал «нравственный» сөзі И.Нордстеттің сөздігінде 1780 жылы, Ресей Академиясының сөздігінде 1793 жылы кездескен.
Қазіргі уақытта орыс тілінде этика, мораль, адамгершілік сөздері өте жиі кездеседі, бірін-бірі алмастырады, біз дәрігер этикасы, журналист этикасы, юрист этикасы немесе олардың мораль адамгершілігі деп те айта аламыз.
Дегенмен, тарихи, мәдени даму барысында бұл ұғымдардың мағынасы өзгеріске ұшырады.
Этика деп адам іс-әрекетінде көрініс беретін көптеген мәселелерді жақсылық пен жамандық тұрғысынан теориялық жағынан түсіндіретін ғылымды атаймыз.
Этика – жамандық пен жақсылықты теориялық жағынан түсіндіре отырып, оны сезіну мен толғанудың түрі – моральді арнайы зерттейтін философиялық ғылым.
Мораль – адам іс-әрекетін тудыратын және оның қылықтарының реттеушісі болатын құндылықтар мен қалыптардың жүйесі.
Мораль мен адамгершілік синоним ретінде жиі қолданылады, бірақ философия мен мәдениет тарихында бұл ұғымдарды бөле қарастыру да кездескен. Мысалы, Гегель «Құқық философиясында» адамгершілікті объективті, ал моральді субъективті категория деп қарастырған.
Адам биологиялық тұрғыдан табиғаттың бір бөлігі, бірақ ол тек тәннен ғана емес, жаннан, рухтан да тұрады. Яғни, адам моральды тіршілік иесі. Шығармашылыққа қабілеті болғандықтан, адам ерік еркіндігіне де ие, ол оған тән әртүрлі қуаттарды іске асыра отырып, әртүрлі адамгершілік қылықтарда оны көрсетуге жағдай жасайды.
Халықтардың мәдениетін оқып үйрену барысында біз құндылықтық, нормативтік, тарихи ұстанымдарды пайдаланамыз. Әрбір мәдениет өзіне тән этикалық нормалар мен ережелерді, қағидаларды пайдаланады, олардың астарында ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құндылықтарға негізделген идеалдар мен қалыптар жатыр. Этика философияның бір бөлігі болғандықтан, оларды философиялық тұрғыдан зерттеуге ұмтылыс бар. Дегенмен, философия мен этика олардан да жалпы құбылыс – мәдениеттің бөлігі болғандықтан, этиканы мәдениеттану тұрғысынан қарастыру да табысты болмақ.
Мәдениетті жасаушы да, өзгертуші де, жетілдіруші де, құрдымға кетіруші де адам болғандықтан, оның мәдениетпен қарым-қатынасын мәдени антропология деген дербес білім саласы зерттейді. Бізде этнография деп аталатын ғылым батыста антропология деп анықталады. Көне ғылым этика мен жас мәдениеттану арасындағы байланыстың бірден көзге түсетіні айдан анық.
Жер бетінде өмір сүріп жатқан әртүрлі халықтардың өзіндік дәстүрі мен салты бар, мұның өзі мәдени антропология мен этноэтиканың тығыз байланысын көрсетеді.
Адамды бағалау барысында мәдениетті, мәдениетсіз деген ұстанымдар да кеңінен тараған. Өйткені, мәдениет әлемі – адамның өз әлемі. Адамдар өздері өмір сүріп отырған табиғи және әлеуметтік ортаны өзгертеді, ол тарихи нақты процесс. Ортаны өзгерту арқылы өзі де өзгеріп, дамып отырады. Осы даму процесінің нақты мағынасы мәдениет болып табылады. Мәдениет адамның дамуымен барабар процесс.
Адамның рухани мәдениеті оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасында көрініс табатын қадір-қасиетінде, адамшылығында, ұяттылығында, тәрбиелілігінде. Осы моральдық сана ұғымы, осы адамгершілік қасиеттер адамның руханилығының негізін құрайды.
Кез-келген мәдениеттің маңызды жағы – дін, діни сана мен діни қатынастар. Діннің негізгі белгісі жаратылыстан тыс күшке: Құдайға, о дүниеге, көр азабына, жанның мәңгілігіне, өлілердің қайта тірілуіне сену болып табылады. Діни санада дүние рухани және материалдық, табиғи және жаратылыстан тыс күш, ақиқат пен жалған болып бөлінеді. Адамның жердегі болмысы уақытша, өтпелі нәрсе, басқа дүниедегі мәңгілік өмірге дайындық қана деп жарияланады. Құдайға сенумен қатар, дін, діни әрекеттердің, әдет-ғұрыптардың, діни сенімдердің жиынтығын біріктіреді. Адамның Құдаймен қатынас жасауының аса маңызды құралы болып саналатын дінге табыну мақсаты театрландырылған құралдардың көмегімен діни түсініктерді насихаттау, адамның ақыл-ойына, сезімі мен жан-жүйесіне әсер ету арқылы діни сенімдерді дарыту болып табылады. Бұл жұмысты атқаруда шіркеулер, мінәжат ету үйлері, мешіттер үлкен роль атқарады. Ал, бұл әрекеттер мәдениет пен этикамен тығыз байланысты.
Жекелеген адамдардың әрекеттерін қоса алғанда, қоғамдық құбылыстарға жағымды немесе жағымсыз баға беретін этикалық категориялар жақсылық пен жамандық ұғымдарын дінбасылары өз мақсатында ұтымды пайдаланып, уысынан шығармауға әр уақытта тырысып отырған.
Жақсылық пен жамандыққа түсінік этиканың пәні жалпы алғанда, адамның моральдық таңдау әлемі және оны іске асыру жолдарын қарастыруды оқып-үйрену болып табылады. Моральдық таңдауды іске асырудың объективті қоғам қабылдаған үлгілері, сонымен қатар, әр адамның жеке мүмкіндіктеріне байланысты жолдары бар. Әрине, жеке мүмкіндіктер әр тұлғаның өзіндік күш-қуаты болуына қарамастан, қоғамдық сана мен белгілі адамгершілік идеалдарға, рационалдық көзқарастарға негізделеді.
Этикалық білімнің объектісі оның практикалық, бағдарлық сипаты болғандықтан, екі түрлі мағынада анықталады. Бір жағынан, бұл зерттелетін арнайы байқаудан өтетін қоғамдық болмыс, екінші жағынан, жағымды адамгершілік қасиеттердің иесі адам.
Этиканың адам өмірінің іргелі белгілері мен заңдылықтарын білдіретін мынадай бөлімдері бар: аретология – игілік туралы ілім, деонтология – парыз туралы ілім, фелиология – бақыт туралы ілім, танатология - өлім туралы ілім.
Жақсылық пен жамандыққа түсінік. Қай діннің болса да маңызды бөлігі. Оның мәні шексіз қайырымды және өзі жаратқандарды сүйетін тіршілік иесі ретіндегі Құдай мен жамандықтың көрінісі шайтанға қарама-қарсы қойылуында жатыр.
Мәдениеттанудың діни санаға қарама-қарсы бағытталған ұғымдарының бірі – секуляризация. Секуляризация дегеніміз – қоғамның әртүрлі салаларының, жеке адамның, қоғамдық сананың діни ықпалынан арылу процесі.
Діннің рухани қуатын әр уақытта еске алып, оған сәйкес рухани мәдениетті дамытып отыру қажеттігін қазіргі мәдени-әлеуметтік жағдай еске салып отыр.
Этикалық зерттеулердің үш деңгейін атап көрсетуге болады:
1.Жалпы теория – этика философиялық ғылым ретінде.
2.Жекелеген этикалық теориялар - әртүрлі әлеуметтік топтардың адамгершілік ұстанымдарын зерттеу.
3.Қоғамда өмір сүріп отырған әртүрлі адамгершілік нормаларын баяндау. Бұған әртүрлі халықтар мен әртүрлі уақыттарда орын алған этикет нормаларын жатқызуға болады.
Мораль – қоғамдық сананың өте көне формасы, ол қоғамдық қарым-қатынастармен бірге туындап өсіп-өрбіп отырған адамдардың бір-бірімен әлеуметтік топтармен, қоғамның барлық жүйелерімен қарым-қатынасын реттейтін ұстанымдар мен іс-қимылдардың, нормалардың жүйесі. Моральдық нормалар адамдардың арасындағы қарым-қатынасты Ізгілік пен Зұлымдық тұрғысынан бағалауға сүйенген.
Адамдар іс-әрекетін мынау жақсы немесе жаман деп бағалаған. Алғашқы қауымдастықтарда адамдар өз арасындағы мәселелерді адамгершілік негізіне сүйеніп шешіп отырған. Рудың ертеден бері қалыптасып қалған әдет-ғұрыптары қоғам мүшелерінің еркіне сай келгендіктен, олардың қажетін өтейтін болғандықтан, әдет-ғұрыптарды мүлтіксіз орындау әркімнің үйреншікті дағдысына айналған.
Мораль барлық азаматтардың мүддесін, арман-тілегін, еркін білдіреді, қоғам мен адам мүдделерінің дұрыс ара-қатынасын бейнелейді, жеке адамның мүддесін жоғары қойып отырады, кез-келген азаматқа оның ұлтына, байлығына қарамастан басқа адамдармен тең екендігін көрсетеді, іс-әрекетті бағалау үшін бірдей өлшем ұсынады. Моральда қоғамдық қажеттілік, мұқтаждық, қоғамның немесе таптың мүддесі стихиялы жолмен қалыптасып, көпшіліктің мақұлдауына айналған мінез-құлық нормалары, талаптары түрінде көрінеді.
Олар көпшіліктің үлгі-өнегесі, әдет-ғұрып, қоғамдық пікірдің ықпалы арқылы нығая түседі. Сондықтан мораль талаптары жеке біреудің жарлығымен тағайындалмайды, ол адамдардың барлығы орындауға тиісті мінез-құлық формасы болып табылады. Бұл талаптар айтарлықтай тұрақтылық сипатқа ие болады. Олардың ең бастапқы ерекшелігі – олар адамның қалай өмір сүріп, қалай жүріп-тұруы керек екендігі жайлы түсініктер түрінде идеялық жағынан негізделеді.
Моральдық сананың мәнін терең түсіну үшін оны құқықтық санамен салыстырып көрейік.
Мораль мен құқықтың бір-бірінен айырмашылығы мынада:
1) қалыптасуы жағынан: мораль қоғамның пайда болуымен бірге қалыптасады, ал құқық мемлекетпен бірге туындайды;
2) айтылу түрі жағынан: мораль қоғамдық сананың түрі ретінде адамдардың іс-әрекетінде тікелей өмір сүреді, ал құқық арнайы нормативті актілерде көрініс табады;
3) әрекет ету аясы тұрғысынан: мораль барлық қоғамдық қарым-қатынасты реттей алады, ал құқық тек іргелі, өзінің шамасы келетін қатынастарды ғана қамти алады;
4) әрекет ету мерзімі жағынан: моральдық нормалар оларды түсіне бастаған уақыттан бастап іске қосыла береді, ал құқықтық нормалар арнайы белгіленген уақыттан бастап қана әрекет ете алады;
5) іске асыру тәсілі жағынан: моральдық нормалар қоғамдық ықпал арқылы іске асырылады, ал құқықтық нормалар арнайы белгіленген уақыттан бастап қана әрекет ете алады;
6) бағалау өлшемі тұрғысынан: моральдық нормалар қоғамдық қарым-қатынасты ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық тұрғысынан реттейтін болса, ал құқықтық нормалар заңды, заңсыздық тұрғысынан реттейді.
Моральдық нормалар мен талаптар заман ағымына, ұрпақ сұранысына, уақыт талабына қарай өзгеріп, ұлғайып, жаңара, жаңғыра береді.
Моральдық түсініктер, ұғымдар жеке адамнан бастап бүкіл адамзат ғұмырын жеке топтан бастап бүкіл халық өмірін, дара тұлғадан бастап тұтас қоғам дамуын барша қырынан қамтитыны рас. Әр заман, әр ғасыр, әр дәуір өз жаңалығын ала келеді. Дегенмен, моральдық нормалардың адамзатқа, адамға қатысты мәңгілік құндылықтары бар: олар шындық пен өтірік, әділдік пен әділетсіздік, адалдық пен арамдық, махаббат пен опасыздық, бейбітшілік пен соғыс, еңбек пен өнер, жақсылық пен жамандық, ерлік пен аярлық, батырлық пен ездік.
Қоғамдық өмірде моральдық тұрғыдан баға беру маңызды роль атқарады. Моральдық бағалау жасалған әрекеттердің адамгершілік талаптарына сәйкес келетінін немесе келмейтінін анықтайды.
Эстетика термині гректің «эстезис» яғни түйсік, сезімдік қабылдау деген сөзінен шыққан. Бұл терминді ғылыми айналымға Ағартушы дәуірінің философы Александр Готлиб Баумгартен (1714-1762) енгізген. Ол адамның рухани әлемінің үш маңызды құрамдас бөліктерін айқындаған: ақыл, ерік, сезім. Алдыңғы екі сфераны логика мен этика зерттеген.
М.С. Каганның пікірінше, А.Г.Баумгартен сезімдер туралы да ғылым болатынын қолдап, оны эстетика деп атаған. Баумгартен сезімдік қабылдауды сұлулықпен, өнермен тығыз байланыстыратын дәстүрдің негізін қалаған. Өнер мен сұлулық философтардың назарын әр уақытта өздеріне аударған. Сондықтан эстетиканың екі ғасырлық емес, екі мың жылдық тарихы бар.
Адамның әлемді бүтін, біртұтас қабылдауына мүмкіндік беретін сезімділік эстетиканың пәні болып табылады. Мұндай анықтама сұлулыққа да, биіктікке де, ұсқынсыздыққа да, торығуға, толғануға да қатысты және адамның осындай ерекше қасиетін тәрбиелейтін өнерді де енжар қалдырмайды.
Әлемді біртұтас қабылдау, қиялдау күші – адамды басқа тіршілік иелерінен ажырататын әмбебап қабілет. Ол ұғымдық ойлау әмбебап қасиеті сияқты адам баласына о бастан-ақ берілген.
Адамның осы екі әмбебап қабілеті бір-бірімен етене жақын және тығыз байланысты. Мұндай қабілеттің қарапайым формалары индивидте стихиялы түрде табиғи дами береді. Ал бұл қабілеттің жоғары жетілдірілген түрі өнерде дамиды.
Э.В.Ильенков диалектика деңгейінде ойланып-толғануды дамыту үшін философия тарихын, ал адам сезімталдығын жетілдіру, ұштау үшін әлемдік өнердің барлық байлығын бойға сіңіру қажет деген екен.
Адам сезімталдығын жетілдіру дегеніміз – индивидуалды, қайталанбайтын құбылыстардан әмбебаптық, жалпылықты көре білу. Мұндай өзіндік ерекшелігі бар, қайталанбайтын шығарманы тудыру – бұл суретшінің еншісі. Өнердің ерекшелігі – оның адамның жалпы, әмбебап қабілетін дамытуында. Сондықтан өнер эстетиканың пәніне кіреді.
Сұлулық – сезімдік қабылдаудың идеалы, басқа эститекалық феномендер сұлулық тұрғысынан бағаланады, қабылданады.
Сұлулық әр уақытта тарихи-нақты, әрбір тарихи дәуірдің өзіне тән сұлулық идеалы бар. Сұлулық әр уақытта ұлттық сипатта дамиды.
Сұлулықпен қатар эстетикалық санаға асқан сұлулық, торығу, күлу сияқты ұғымдар кіреді.
Эстетика теориясы эстетикалық іс-әрекет пен эстетикалық сананы оның әлемге қарым-қатынасы тұрғысынан зерттейді. Эстетикалық сана негізгі эстетикалық категорияларды түсіндіреді. Эстетикалық іс-әрекетті әдемілік заңдылықтарын сақтау тұрғысынан бағалау.
Эстетиканың табиғаттағы, материалдық және рухани іс-әрекеттегі, күнделікті тіршіліктегі бос уақыттағы әдемілік туралы ғылым ретіндегі құрылымы мынадай құбылыстарды зерттеуден тұрады:
1) эстетикалық сезім, көзқарастар, талғам, идеал, яғни эстетикалық сана;
2) адамның әлемге эстетикалық қарым-қатынасының жалпы заңдылықтары мен қасиеттерін бейнелейтін эстетикалық категориялар;
3) эстетикалық сана мен объективті реалдылық байланыстың көпжақтылығын анықтау.
Әлемді эстетикалық тұрғыдан игеру заңдылықтары өнерде жан-жақты толыққанды ашылады, эстетиканы өнердің мәні мен заңдары туралы ғылым деп те қарастыруға болады.
Көбінесе сұлулық туралы ғылыми деп анықталатын эстетика шындықты эстетикалық тұрғыдан, яғни сезімділік көзімен қабылдаудың жалпы заңдылықтары туралы да ғылым болып табылады.
Сезімділік пен сезінушілік мағынасы жағынан бір-біріне жақын ұғымдар.
Эстетиканың субъектісі – сезінгіш, қоғамдық адам.
ХХ ғасырда мәдениеттің адамның тікелей бақылау аясынан шығып кетуі оның өміріне қауіп төндіретін қателерді тудырды. Қоршаған ортаның ластануы, космосты милитаризациялау, табиғи ресурстардың азаюы, адамдардың мәдени деңгейінің төмендеуімен қатар дамып отырған бұқаралық мәдениеттің қанат жаюы жалпы адам болмысына кері әсер етуде. Сұлулыққа, Ақиқатқа, Игілікке енжарлық танытатын бұқара адамы феноменінде адам өркениетін құрдымға жетелейтін жаңа соғыс, жаппай бүлдіру қозғалыстары, техногендік катастрофалар дамып отырғаны бүгінгі күннің ащы шындығы.
Мұндай жағдайда дәстүрлі сұлулық философия аясында қалыптасқан эстетиканың мүмкіндігі жеткіліксіз. Эстетикалық ғылымда парадигма өзгерту қажеттілігі пісіп-жетілді.
Дәстүрі мол, тарихи тамыры терең эстетикалық ойлау процесінің көпөлшемділігі, көпжақтылығы бұл күндері ерекше көзге түсуде. Соңғы кездері «плюралистік эстетика» ұғымы пайда болды. Бұған ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында қанат жайған модернистік өнер бағыттарының дамуы әсер етті.
Достарыңызбен бөлісу: |