4-лекция. Модернизм эстетикасының негізгі бағыттары. Модернизм - әлемді көркемдік танудағы дәстүрлі методтардан бас тартқан ХХ ғасырдағы өнер бағыттарының шартты атауы.
Модернизм көркемдік жүйе ретінде өзінің дамуындағы декаденттік және авангард деп аталатын екі процесінің пісіп жетілуі нәтижесінде қалыптасты.
Декаденттік шынайы өмірдің көркемдік сипатынан бас тартып, әлеуметтік негізі жоқ сұлулықты дәріптеумен айналысса, ал авангардтық бұрынғы заманның дәстүрінен бас тартып, одан қайтып келетін тың формаларды іздестіруді ұсынады.
Кубизм, экспрессионизм, футуризм, конструктивизм, имажининизм, сюрреализм, абстракционизм, поп-арт, гиперреализм – модернизмің негізгі бағыттары.
Кубизм дүниенің көркемдік жағын, сезім байлығын, алуан сирек жаратылыс жылуын жадағай геометриялық пішіндер қисынымен алмастырды. Ол техникалық ойдың қозғау салуы арқасында дүниеге келген ағым.
Кубизм Францияда 1907 жылы пайда болды. Кубистердің алғашқы тобына француз суретшілері П.Пикассо, Ж.Брак, А.Глез, Ж.Метсенже, Ж.Виллон, испандық Х.Грис кірді. Кубизм ХХ ғасырдағы көптеген модернистік бағыттардың бастауы болды. Ол Қайта Өркендеу дәуірінде қалыптасқан реалистік өнер дәстүрінен бас тартып, алдыңғы қатарға реалды заттық түрдің қарапайым көлемдік бөлшектерін айшықтауды шығарды: куб, шар, цилиндр, конус. Жазықтықта осы көлемдердің әртүрлі жиынтығынан өнер туындыларын шығаруға кірісті. Пикассо өз шығармаларында геометриялық фирмалар арқылы әлемнің күйреген трагикалық образын жасады.Экспрессионизм діни, мистикалық көзқарасқа негізделді. Бұл бағыт ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Германияда қалыптасты. Оның бастау алуына Э.Кирхнер, Э.Хекель, О.Мюллер кірген Дрезден суретшілерінің «Көпір» тобының шығармашылығы әсер етті. Олар әлемді құрдымға кетіп бара жатқан, құр сүлдері қалған әлсіз құбылыс немесе өзін-өзі өзгертіп, түлеуге, қайтадан жаңғыруға дайын құбылыс ретінде көрсетті. Матис, Дерен шығармашылығында көрініс берген бояу төңірегіндегі экспериментті одан әрі жалғастырды.
Сюрреализм - өнердің негізгі мақсаты бейсаналылықты бейнелеу деп есептейтін көркем мәдениеттегі авангардты бағыт. Жеке бағыт ретінде Францияда ХХ ғасырда 20-жылдарда пайда болған. 1924 жылы Парижде Сюрреалистердің алғашқы манифесі жарияланды. Оның авторы француз ақыны А.Бретон З.Фрейд пен К.Г.Юнгтің психоанализіне сүйеніп, сюрреалистердің бастапқы эстетикалық моделін жариялады.
Сюрреализмнің өзекті ұғымы – мұң, қиял, түс. Түс көру, галлюцинациялар, сандырақ, мистикалық көріністер секілді бейсаналылық тәжірибелері сюрреалист-ақындардың шығармашылығының негіздері.
Футуризм – 1909 жылы қалыптасқан модернистік бағыт. Футуристердің пікірінше, өнер туындысы шындықты бейнелейді, оның объектісі заттық әлем емес, суретші уақытын, орнын, түрін, бояуын, пішінін жинақтау жолымен материяға енгізетін қозғалыс.
Футуристік өнер күшті пірге айналдырды.
Абстракционизм нақтылық, көрнекілік қасиеттің бәрінен айрылып, жаратылыс құбылысын бейнелемей, тек бұлдыр бір белестерді айшықтайды.
Дәйексіз пішіндер көмегімен жаратылыс сырын ашу жолындағы ізденістер әсте ізгілікті аластау болып табылады.
Әлем құбылыстарын жете сезіну жылдарындағы тынымсыз талпыныс кейде бір салалар, сәттер мәнін тым асыра бағалап, бейнелеуді қарадүрсін қайталаумен шатастырған, жаза басқан, қателескен уақыттар да болған. Мұның бәрі заңды. Ол іздену қиыншылықтары мен бұлтарыстары. Ал абстракционизм саналы түрде ақиқат, әлем шындығынан бас тартты.
Модернизм өзінің көркем өнер символикасын шындыққа иек артпай, өзінің ішкі ресурстарын пайдалану арқылы жасады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген модернистік бағыттар өзінің авангардты маңызынан айрылып қалды. Соғыстан кейінгі Европа мен Америкада тобырлық және ақсүйектік мәдениет өзіне сай құрылымдарымен дами бастайды. Осы уақыттан басталған даму кезеңін постмодернистік дәуір деп анықтайды.
Постмодернизм – бірін-бірі заңды ауыстырып жатқан қазіргі өнер бағыттарын білдіретін жалпы ұғым.
Постмодернизмнің негізгі белгілері:
постмодернистік мәдениеттің элитаға да, бұқараға қатыстылығы;
өнердің одан басқа мәдени іс-әрекет түріне ықпал етуі;
стильдік плюрализм;
өнер шығармашылығында өткен дәуір шығармашылығын кеңінен пайдалану, яғни цитациялау;
өткен мәдени дәстүрдің көркем шығармашылығына ирониямен қарау;
өнер шығармаларын жасауда ойын әдісін кеңінен қолдану.
Постмодернизмде көркем өнер шығармасы тумайды немесе туындамайды, ол құрастырылады.
Постмодернизм теориясы Ж.Бодриягердің «Заттар жүйесі» (1969), Ж.П.Лиотардың «Постмодернисті білім» (1979), «Бәстесу» (1984), П.Слобирдийскаяның «Ғажайып ағымы» (1988) сияқты еңбектерде негізделген.
Қазақ тіліндегі әдебиеттерде постмодернизм бағытының мәнін Ә.Қодар ашып көрсеткен.
«Постмодерн» - белгілі бір құбылыстарға баға беруден гөрі жеке тәжірибе жинақтауға бейім. Сонда ғана әрбір тұлға жалпы нобайды, саяси науқанды күйттеуден гөрі әрбір құбылыспен бетпе-бет кездесуге, жеке-дара сырласуға мүмкіндік алады.
Осыдан туындайтын постмодерннің екінші қасиеті – философиядағы бүкіл классикалық схемаларды бұзу. Өйткені әрбір құбылыс белгілі бір уақыттың жемісі, келесі дәуірге ол қажетті бола бермейді. Әрбір уақыттың өзінің ниеттенуі, талпынысы болады.
Осыдан постмодерннің үшінші қасиеті - өзінше сөйлемей, тек цитата келтіру тәсілі туындайды.
Мәдениеттанушы Ә.Қодар атап көрсеткен осы үш белгі қазіргі постмодернизмнің бітім-болмысын анық көрсетеді.