3. Жоғары сынып оқушыларына стереометрия бөлімін оқытуда білім
берудің компьютерлік ресурстарын қолдану.3.1.Геометрия сабағында көпжақтарды оқып-үйрету үдерісінде интерактивті технологияларды қолдану
Орта мектепте матеметика курсын оқытуды бір жүйеге келтіріп жинақтайтын бөлім - бұл стереометрия. Стереометрияның теориялық бөлімін оқып білу мен есептер шығаруда арифметика, алгебра, тригонометрия және
планиметриядан алған білімдер толығымен қайталанып, қолданылады.
Стереометрия курсы оқушылардың кеңістікті елестету дағдыларын шыңдауда да маңызы ерекше болып табылады.Геометрия курсын оқытуды әртүрлі құруға байланысты анықталмайтын ұғымдар да, әрқилы болуы мүмкін, біреуінде анықталмайтын ұғым екіншісінде анықталуы да мүмкін. Қазіргі мектеп курсындағы негізгі анықталмайтын ұғымдар: «нүкте», «түзу», «жазықтық», «жиын», «тиісті» және «қозғалыс»[130]. Ал енді геометрияның негізгі нысандарына тоқталып өтелік.
Геометриялық дене. Ең маңызды кеңістіктік форма геометриялық денеболып табылады, ал кеңістіктік қатыстың бір түрі – геометриялық денелердің өзара орналасуы. XX-ғасырдың ең ірі математиктерінің бірі А.Пуанкере «Табиғатта қатты денелер болмаса, геометрия да болмас еді», –деген екен.Сабақ барысында оқушылардың әрқайсысы қоршаған ортадан түрлі денелерді мысалға келтіре алады: тұрғын үй, тас, зауыт трубасы, т.с.с. Сондай-ақ, сабақта
геометриялық мүсіндер өте көп болуы керек. Оқушылар оларды сәйкестігіне,
пішініне қарай (куб, цилиндр, параллелопипед т.б) ажыратып, топтау керек.
Мәселен, куб пішіндес, цилиндр пішіндес және т.б. Оқушылар әрбір пішіндес заттардың мүсіндері бірдей болып, өлшемдері әр түрлі болатындығын айтуы
керек.Мұғалім: егер заттың пішіні мен мөлшері зерттелетін болса, онда ол геометриялық дене деп аталатындығын айтады. Сыныпта мұны былай көрсетуге болады: саз балшыққа немесе пластилинге ағаш қаданы тығып, қайтадан суырып алса, алынған орнына әйнек жапсырса, онда саз балшықта немесе пластилинде ағаш қаданың көлеміндей бос орын пайда болады. Мұғалім
оқушыларға осы бос орынның көлемі мен мөлшерін геометрия зерттейді деп
түсіндіреді. «Геометриялық дене» дегенде біз дененің физикалық қасиеттерін:
массасын, түсін, қандай материалдан жасалғанын, тағы да басқа сипаттарын мүлдем ескерусіз қалдырамыз да, сол дененің пішімі мен өлшемдерін ғана қарастырамыз деуге болады. Геометриялық дененің үш өлшемі болады. Олар –дененің ұзындығы, ені,биіктігі (немесе қалыңдығы). Біз өмір сүріп отырған кеңістіктің өзі де үш өлшемді кеңістік деп аталады. Геометриялық дененің үш өлшемінің болуы оны сипаттайтын негізгі қасиеті. Осыны қалай түсінуге болады. Кез келген параллелепипедтің ұзындығы, ені, биіктігі қайсы екенін көрсетіп беру қиын емес. Жердің немесе үстелдің бетіне
қарағанда параллелопипедтің қалай орналасқанына байланысты оныңұзындығы, ені, биіктігі ретінде қай өлшемі алынатынын көрсетуге болады. Көп
жағдайда параллелопипедтің ұзындығы ретінде үлкен өлшемі алынады, биіктігі
ретінде ең кіші өлшемі алынады. Параллелепипедтің қай өлшемін ұзындығы
немесе ені етіп алғанда тұрған ешнәрсе жоқ. Ең бастысы - өлшем санының
үшеу болатындығы.
Зерттеу барысында өткізілген тәжірибелік сабақтар оқушының жеке және
топтық жұмыс жасауының мүмкіндігін қарастырды. Тәжірибелік жұмыстағы
жеке жұмыстың ерекшелігі оқушылар оқу тапсырмасын жеке орындайды,
сөйтіп ол оқытушының көмегін тікелей және жанама қолданады. Бұл – әр
оқушының білім алуындағы қарқынын реттеуге мүмкіндік берді.
Стереометрия бөлімін білім берудің компьютерлік ресурстарын қолданып
оқытудағы топтық жұмыстар келесідей сипатталады: сыныптағы оқушылар
барлық тақырыптар бойынша бірнеше топқа бөлінеді, бірдей немесе түрлі
тапсырмаларды орындайды. Бірігіп жұмыс жасау үшін топты құру
оқушылардың танымдық деңгейлеріне қарай емес, олардың өз қалаулары мен
қызығушылықтары бойынша жинақтау жүзеге асырылды. Мұндай
демократиялық жолмен құрылған бірлескен әрекет олардың тиімді жұмыс
жасап, нәтижелі болуын қамтамасыз етті. Кейбір зерттеушілік жұмыстарды
орындауда ұжымдық әдістер қолданылды. Біздің жағдайымызда оқушылар
бірлесіп бағдарлама тақырыптары бойынша шағын зерттеулер, топтық
презентациялар дайындау, тақырыптық электрондық журналдар әзірлеу
жұмыстарымен айналысты. Бұл ұжым мүшелерінің түгел қатысуларын,
өздеріне жүктелген тапсырмаларын жауапкершілікпен орындауларын
қамтамасыз етті.
Жоғары сынып оқушыларына стереометрия бөлімін оқытуда мынадай
жағдайларды ескерген жөн:
- топтардың бірлігі;
- оқушылардың дербес ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеру;
- топтарда жағымды психологиялық ахуал туғызу;
- ашық пікір алмасуға жағдай жасау.
Осылайша оқушылардың өзара әрекеттесу кеңістігін құру арқылы
олардың мәдени-құндылық пен қызығушылықтары және мүмкіндіктері, жеке
ерекшеліктерін ескеру маңызды.
«Көпжақтар» тақырыбы стереометрияның мектеп курсының, мүмкін, айналу денелерін оқытудан басқа барлық тақырыптардан гөрі әр түрлі көрнекілік құралдарды қолданудың кең мүмкіндігін жасайды.Көпжақтарды зерттеуде, көлемдік модельдер негізгі көрнекі құралдар болып табылады.
Роберт И.В. мен Якобсон Л.Л. мектептің геометрия курсында көпжақтарды оқып-үйрету үдерісінде «Көпжақтар» оқыту бағдарламалық-әдістемелік жүйесін пайдалануды ұсынады, ол үш өлшемді геометриялық фигуралардың экрандық екі өлшемді көрінісін жасауды, нысандарды трансформациялауды, нысандардың қайта құрылуын басқаруды,ақпараттық алмасуды, кері байланысты қамтамасыз етеді.Осының барлығы оқушыларға стереометриялық нысандардың жылжымалы және жылжымайтын екі өлшемді көріністерін, яғни динамикалық стереометриялық сызбаның формасын талдауға және олардың элементтерінің өзара орналасуын салыстыруға мүмкіндік береді.
Бүгіннің өзінде интерактивті технологиялар өмірімізге терең еніп үлгерген педагогикалық құралдардың бірі, әрбір адамға өз шығармашылық потенциалын барынша ашып, оқуда және жұмыста табысты жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.
Заман ағымына қарай күнделікті сабаққа бейне, аудио қондырғылар мен теледидарды, компьютерді қолдану айтарлықтай нәтиже беруде.Кез келген сабақта электронды оқулықты, интерактивті тақтаны пайдалану оқушылардың белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды.
Көпжақтар тақырыбын қарастырғанда, интерактивті тақтаны кеңінен пайдалануға болады. Ол айналу үрдісін көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік береді.Көрнекіліктен өзге , көп жағдайда бұл маңызды рөл атқарады. Мысал ретінде, көпжақтардың түрлері бейнеленген және олардың әр түрінің көлемдері мен беттерінің аудандарын есептеуге арналған формулалар көрсетілген «Көпжақтардың аудандары мен көлемдерін есептеу» кестесін атауға болады. Бұл кестелер оқушыларға негізгі фактілерді, формулаларды, графиктерді және т.б. жаттату мақсатында мәжбүрлі түрде әсер етуге арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |