14.ХХ ғ. Кеңестік қазақ жазушылары.
Қазақ кеңес әдебиетінің бастауында С.Сейфуллин, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды ақын-жазушылар және т.б. тұрды. Әдебиетшілердің шығармалары бүкіл Кеңес Одағында да, одан тыс жерлерде де үлкен танымалдылыққа ие болды. Шығармаларда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, Отанға деген махаббат, ана тілі мен дәстүрді бағалау, патриоттық сезім жырланды, біздің ата-бабаларымыздың өмірі, өткен жылдар өмірінің қиын кезеңдері, революциялар, көтерілістер және басқа да тарихи оқиғалар көрініс тапты.
Қазақ кеңес әдебиетінің әйгілі өкілдерінің бірі Сәкен Сейфуллин (1894-1939)– қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын әрі жазушы, мемлекеттік қайраткер, Коммунистік большевиктер партиясының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының негізін салушы.
Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық-саяси ұстанымы бедерлі айғақтайтын туындылары –”Жұмыскерлерге”, “Жолдастар” (саяси лирика), “Советстан”, “Көкшетау”, “Альбатрос”, “Социалистан”, “Қызыл ат” поэмалары, “Жер қазғандар”, “Айша”, “Біздің тұрмыс”, “Сол жылдарда” повестері мен “Тар жол, тайғақ кешу” атты мемуарлық роман. С.Сейфуллиннің “Бақыт жолында”, “Қызыл сұңқарлар” драмалары өз заманының революциялық рухын танытатын елеулі шығармалар болып табылады. 1923 жыл Сәкеннің ұлт мүддесін тереңінен ойлайтын, әсіресе, ұлт тағдырының тіл тағдырына тікелей байланысты екенін, онсыз тәуелділіктің толыққанды болмайтынын терең түсініп, күреске бел байлаған кезі болды.
Сәкен қазақ тілін кеңсеге, яғни мемлекеттік мекемеге енгізбей елде тұтастық болмайтынын, көсегеміздің көгермейтінін айтып, тікелей іске кіріседі. Қазақ тілінің беделін көтермей, қазақтың беделі көтерілмейтінін уағыздай бастайды. 1923 жылы 9 маусымда “Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек” деген мақаласын жариялайды. Жалпы тіл мүддесін қорғайтын 9 мақала жазған екен. Өзі басқарып отырған “Еңбекші қазақ” газетін тиімді пайдаланды. Сәкеннің ыждаһаттылығының арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдаған. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.
Сәкен – қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына айрықша еңбек сіңірді. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен – халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға.
Бейімбет Майлин (1894-1939)– қазақ кеңес жазушысы, драматург, қазақ кеңес әдебиетінің қалыптастырушылардың бірі. Жазушының балалық шағы кедейлік пен мұқтаждықта өтеді, сондықтан ол өз өлеңдерінде кедейлердің өмірі мен болашағы жайлы көптеп жазған.
Бейімбет Майлиннің шығармашылық жолы поэтикалық шығармалардан басталды. «Мұсылмандық белгісі», «Мұқтаждық», «Мал», «Байлық», «Жазғы кеш» өлеңдерінде Майлин өмір, әділетсіздік, еңбекші халықтың ауыр халі жайлы өз ойын берген
«Қанды тұман» өлеңі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғаларына арналған. Ақпан революциясына үлкен сенім арта отырып, «Далада», «Қазаққа» деген өлеңдер жазған. Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Күлтай болыс», «Кедейдің теңдігі» және басқа шығармалары оқырмандар арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Әсіресе Мырқымбайдың поэтикалық образы – бойына ұлттық мінез қырларын сіңірген қарапайым еңбекқор қазақ кедейінің образы оқырмандар назарынан кетпеді.
Бейімбет Майлиннің шығармашылық еңбекқорлығы таң қаларлықтай дәрежеде болды, ол 1923-1937 жылдар аралығында 55 кітап шығарған. 43 жыл ғана өмір сүріп, ол бірнеше роман, 10 повесть, 15 поэма, көп өлеңдер мен очерктер, фельетондар, 20 пьеса, либретто мен сценарийлер жазған. Бүкіл шығармашылық жолында ол жарқын болашақтың келетініне үлкен сеніммен қарады. Алайда, өз замандастарының көбі сияқты, ол да сталиндік репрессиялардың құрбаны болды.
1957 жылы Бейімбет Майлиннің жарқын аты қайтарылып, ақталды. Кітаптары оқырмандар ықыласына бөленіп, оларды қайта қуанта бастады. Қазақ әдебиетінің негізін салушы ретінде танылған Бейімбеттің есімі халық жадында мәңгі сақталмақ.
Қасым Аманжолов (1911-1955) – қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, ұлттық әдебиетіміздің заңғар аспанындағы жарық жұлдызы, мәңгі сөнбес шамшырағы.
Қасым Аманжолов Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол шығармаларын 1931 жылдан бастап шығара бастады және бірнеше өлеңдер жинағы жарық көрді: «Дауыл», «Балбөбек», «Өлеңдер», «Нұрлы дүние» және т.б. Қ. Аманжолов әдебиетке келген кезінен бастап дарынды ақын ретінде танылды. Ол өз елінің өмірін жырлады, өз замандастарының батырлық істері мен рухани дүниесін, олардың Отан қорғау мен еңбек етудегі жігерлігі мен төзімділігін көрсетті. Ақын қаламынан он шақты поэма, өлеңдер мен пьесалар оқырман назарына ұсынылды. Ақын шығармашылығын ондағы лиризм мен романтика үшін, оптимизм мен патриотизм үшін сүйеді және бағалайды.
Мұхтар Әуезов (1897-1961) – қазақтың ұлы жазушысы, драматург және ғалым, Лениндік сыйлықтың және бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты.
Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен “Абай жолы” романдарын Мұхтар он бес жылға жуық жазады. Жазушының өзі айтқандай, “Абай” және “Абай жолы” романдарын жазу жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады. Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жеңісі еді. Сол жеңісіне сай ол туған халқының құрметіне бөленді, өз заманының ең жоғары сыйлықтары КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықты иеленді
Сәбит Мұқанов (1900-1973) – қазақ әдебиетінің классигі, ақын, қоғам қайраткері, академик.
Жалпы қазақ оқырманына кеңінен тараған “Адасқандар” романы, “Сұлушаш” дастаны, бірінен кейін бірі жарық көрген “Майға сәлем”, “Сөз – Кеңестік армия” атты өлеңдері, “Ақ аю” поэмасы, “Жұмбақ жалау” романы және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады.
Жазушының шығармашылығында да, бүкіл қазақ прозасында да белгілі белес болған келелі туындысы кейіннен қайта өңделіп, “Ботакөз” деген атпен жарық көрген “Жұмбақ жалау” романы еді десек, оның саналы шығармашылық өмірін түгел дерлік қамтыған “Өмір мектебі” трилогиясы шын мәніндегі халық шежіресі болатын.
Ғабиден Мұстафиннің (1902-1985)шығармашылығыкеңестік дәуір талантының тағдырын үлкен драматизммен сипаттады десек те болады.
1941 жылы Ғ. Мұстафиннің «Өмір мен өлім» деген шығармасы жарыққа шығып, кейін ол әйгілі «Қарағанды» романының шығуына негіз болады.
Осыдан кейін лек-легімен романдар мен повестер жарық көре бастайды: «Шығанақ Берсиев», «Миллионер», «Қарағанды» және «Дауылдан кейін». Жазушының «Миллионер» мен «Қарағанды» шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылған
Ұлттық интеллегенция өкілдерін ортақ патриоттық сезім, туған жерге деген махаббат, дәстүр мен тілге деген құрмет біріктіреді. Олар қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан төл әдебиетіміздің негізін салушылар болып табылады. Өз заманында қиындық көріп, әділетсіздікке, теңсіздікке душар болса да, олар халқының көркеюі мен игілігі үшін өз ойларын жүзеге асырудан тартынбады.
Достарыңызбен бөлісу: |