1. Ортағасырдағы Қазақстандағы түркімәдениеті және оның еуропалық және исламдықмәдениетке әсері


Құрманғазы, Тәттімбет, Жаяу Мұса және т.б. музыкалық шығармашылығы



бет12/31
Дата01.04.2023
өлшемі140,74 Kb.
#173470
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   31
Байланысты:
1. Орта?асырда?ы ?аза?станда?ы т?ркім?дениеті ж?не оны? еуропалы

11.Құрманғазы, Тәттімбет, Жаяу Мұса және т.б. музыкалық шығармашылығы.
Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) — қазақтың ұлы күйші-композиторы.Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі
Құрманғазының әкесі Сағырбай (шын аты Дүйсенбай деген сөз бар) өнерге мойын бұра алмаған, шаруа адамы болыпты. Құрманғазының бесінші атасы Балтабай әулеті шетінен домбыраға тіл бітірген өнерпаз болса керек. Ал жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ аңызды, сөз дарыған адам екен. Күні бүгінге дейін ел ішінде «Ершінің еркегін қойып, әуелі әйелімен айтысып ал» деген сөз бар. Құрманғазының нағашы жұрты - Беріш руы. Ерлік пен еркіндікті дәстүр еткен елдің қызы, Құрманғазының анасы Алқа да келін болып түскенше даланың ерке желіндей еркін өciп, еркек - шора болып, ойын - тойдың шырайын келтірген. Кейін Игіліктың қызы Әуеске үйленгенде Құрманғазы үшін Беріш руы енді қайын жұрты болады. Құрманғазының бала кезінен - ақ ең айткыш тілі, ең сезімтал тілі қос ішекті домбыра көмейінен шығатын күй тілі еді. Сондықтан да, ол сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанды алғаш көpiп тыңдасымен-ақ домбырасынын тілін мен дінін түсініп, ұйып тыңдайды. Сондықтан да, өзінің замандастары Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін құныра тартып, сол күйлерден уақыттың ең шыншыл сырын ұғады. Ал Құрманғазының ұстазы - Ұзақ болатын. 1830 жылы Беріштен шыққан Исатай Тайманұлы және оның жан досы, дауылпаз ақын, дәулескер күйші Махамбет Өтемісұлы бастаған Жәңгір-ханға шаруалар көтерілісінде Құрманғазы да болады. Сол жылдарында «Кішкентай» деген күй шығарады. 1857 жылы Құрманғазыны түрмеге отырғызады. Сібірге айдатайын деп жатқан жерден ол қашып құтылады. Екінші рет оны Орынбор түрмесіне қамайды, бірақ генерал-губернатор Перовскийдің қолдауымен құтқарылады. Түрме тақырыбына бірталай күй шығарады: «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Перовский маршы», «Не кричи не шуми», «Машина». 1880 жылы Астрахан түбіндегі Сақмар елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы Дина Нүрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де Құрманғазыны ұстаз тұтқан.
Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған.
Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған.
Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты
Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы. Сол сияқты «Айжан-ай», «Айда бұлбұл, «Алатау», «Амандасар», «Бас Ақжелең», «Демалыс», «Лаушкен», «Ойбай, балам», «Саранжап»«Теріс қақпай», «Ұзак Ақжелең» күйлері кеңінен танымал.
Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.

Тәттімбет Қазанғапұлы (1815 ж., қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, 1862 ж. қайтыс болған) – күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі.


Тәттімбеттің кең таралған күйлерінің кейбіреулері:
Сары жайлау
Композитор “Сары жайлау” күйін Майдасары жайлауына қоныстанған кезінде, күз мезгілінде шығарған. Мұнда табиғаттың әсем суреті, жаз-сайрандағы рахатты шақтар бейнеленеді. Күйдің ішкі философиясы табиғатты суреттеу арқылы жаз думанын бастан кешкен адам өмірінің қайта оралмас бұралаң жолдарын табиғат мезгілімен салыстыруды мегзейді. Күй табиғаты сыршыл, қиялшыл, мөлдір лиризмге толы. Нәзік нюанстар мен әсем ырғақты иірімдер тыңдаушысын бірде желпіндіріп, енді бірде тәтті мұң толқынымен тербетеді.
Былқылдақ
Тәттімбет күйлерінде негізінен өмір тартысы, тағдыр тауқыметі, сұлулыққа құштарлық, алыс арман, сарғайған үміт, өкініш сарыны баяндалады. Ал “Былқылдақ” күйі жер атына байланысты (елінде Былқылдақ атты сазды жайлау болған) шыққан. Күйдегі романтика – мың бұралған өзен ағысы, бұлақтың қоңыраулы сыңғыры, тоғайдағы құстың әсем үні сұлу табиғат тынысымен ұласып жатыр.
Көкей кесті
Тәттімбет шығармаларының ең биік шыңы – “Көкей кесті” күйі. Бұл күйді сазгер өмірінің соңғы жылдарында шығарған. Мұнда халық шежіресінің ұлылығы мен ұлағатты ақыл-ойдың парасаты толғанады. Домбыра орындаушылық шеберлігінде кездесе бермейтін екі қолға бірдей вибрациялық діріл толқынын түсіру арқылы және саусақтардың қарымен жоғары қарай орап қағу “Көкей кестінің” өте күрделі туынды екендігін көрсетеді. Күйдегі орындаушылықтың жаңа пошымы, яғни шерту тәсілдерінің сан қырлы өрнегі – Тәттімбеттің күйшілік мектебін даралай түседі.
Сылқылдақ
Сөйтіп, ол домбыра үніне “жан бітіреді”, күйдің табиғатын, сырын ашады. Тәттімбет лирикасының тағы бір қырын ашатын “Сылқылдақ” күйі. Бүл күйді композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер көрсеткен домбырашы қызға арнап орындаған. “Сылқылдақ” күйінің музыка тіліндегі күміс қоңырау үні, әдемі әуені тыңдаушыға ерекше әсер қалдырады. Күй бойынан жастық жалын мен өмірге құштарлықтың лебі еседі. Күй сарыны Тәттімбетке тән композициялық ерекшелік қолтаңбасын даралап, оның шертпе күйдегі нақышын танытады.
Қосбасар
Тәттімбеттің “Қосбасар” күйінің бірнеше түрі бар. Осы аттас күйлер Тоқа, Әбді, т.б. халық күйшілерінде де кең өріс алған. Әр “Қосбасардың” өз тарихы, айтары бар. Тәттімбет “Қосбасарлары” туған жер табиғатын, халық өмірін суреттейді.
Бес төре
Тәттімбет тек күйші ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын жанды сері адам болған. Композитор “Бес төре” күйін халықты қыспаққа алып, жәбірлеген атқамінерлерге арнап шығарған. Бұл юморға толы туынды. Тәттімбет қоғамдық болмысқа сын көзімен қарап, өзінің шығармалық туындысы арқылы әлеуметтік бағытын аңғартады.
Тәттімбеттің жалпы бізге белгілі 40-тан астам күйі бар.
Жаяу Мұса Байжанұлы (30 шілде 1835, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жасыбай көлінің жағасы, Ақшоқы алқабы—1929) — қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақыны.
Алыста жүріп, туған жерін сағынып «Сүйіндік» әнін шығарады. «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндеріне өмірден көрген сондай қиындық қиянаттар арқау болады.
Өмірдің көп тауқыметін бастан өткеріп, еліне оралған Жаяу Мұса әлеуметтік-саяси теңсіздікке арналған әндер шығаруды одан әрі жалғастырады. Ақмола уезіне қарасты Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен көңіл жарастырып, ұрпақ құрып, саясатшылықпен айналысады.
Жаяу Мұса қазақтың ән өнерін мазмұн, түр жағынан байытып, шығармашылық жаңалықтар енгізіп, әуен сазын жаңа биіктерге көтерген аса дарынды композитор. Ол өз шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман-аңсарын әнмен бедерлей білді. Оның әлеуметтік көзқарастары, азаматтық ұстанымдары сол кездің демократтық-ағартушылық озық идеяларымен астасып жатты.
Жаяу Мұса әндерін күні бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайды. Оның алуан нақысты асқақ әндері Қазақстан композиторларының көптеген шығармаларына арқау болған. Мұса атақты "Ақ сиса" әнін шығарған:
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себепті "Жаяу Мұса".
Жаныма батқандықтан ашынамын,
Мен неге жаяумын деп басыламын?
Малым жоқ Шорман айдап алатұғын,
Қылығын Мұстафаның паш қыламын!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет