2.3 Бастауыш сыныпта оқушылардың ұжымдық-шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмыстарын ұйымдастыру
Шығармашылық – ойлау қабілетінің ең жоғарғы қасиеті. Шығармашылық арқылы оқушының жолдасына, өмірге, білімге деген сенімі, көзқарасы өзгереді.
Ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері негізінде қабілеттің мұндай дәрежесіне белгілі бір шарттар орындалған жағдайда кез келген баланы шығармашылыққа бейімдеуге болатыны көп айтылуда. Адамның шығармашылыққа ынтасы оның өз даралығын, өз қабілеттерін іске асыруға жол ашады.
Бастауыш сынып оқушылары жалпы алғыр, шапшаң, сезімтал, ештеңені жасырмай, нені болсада ашық,еркін айтады. Олар мұғалімнің жетегіне тез ілескіш, үлкендердің ой – пікіріне қатты сүйенеді. Сондықтан баланың шығармашылығын дамытуда ұстаз көп еңбек сіңіруі керек. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – оқушыға оның бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету.
Шығармашыл тұлғаның ерекшелігін И. Андреев «белсенді, шығармашыл тұлға өзімен және қоршаған ортамен қайшылыққа келуге қорықпайды, негізгі ерекшелігі - батылдығы, мәселені қоя және аша білетіндігі, мақсатқа жету жолындағы табандылығы, өзіндік пікірі мен жолы, бай қиялы» деп сипаттайды. Шығармашылығы дамыған тұлғаның ерекшелігі- жалпы зерделілігі, өзіндік ой түюі, мақсат қоя білетіндігі.
Бастауыш сынып оқушыларында жаңа, өзі білмейтін іске деген қызығушылық басым болады. Ондай істер баланың бар ақыл – ойын, ішкі күштерін жұмылдырады және ерекше қуат береді. Ал, сол баланы шығармашылыққа үйрету үшін мынадай жағдайларды ескеру тиіс:
- мұғалім ең алдымен, сыныпта шғармашылық көңіл – күй тудыру үшін баланың назарын бір нәрсеге бағыттауы керек;
- әрбір шығармашылық тапсырманы ұсынудың мазмұны баланың жас ерекшелігіне, қызығушылығына үйлесу керек;
- қолайлы жағдай жасау;
- шығармашылық бағытқа баланы жүйелі, сапалы түрде қалыптастырып отыру
Мұғалім оқушы үшін тек ұстаз ғана емес, сенімді досы болмағы ләзім. Егер мұғалім шығармашылықпен айналысатын болса, балалармен пікір алмасатыны заңды. Шығармашылықты тежейтін үш нәрсе бар: біріншісі — «сәтсіздікке ұшыраймын, қолымнан еш нәрсе келмейді» деген тыс қорғаныш сезімі, екіншісі — өзіне-өзі тым риза болмаушылық сезімі, үшіншісі-жалқаулық. Ондай жағдайда баланы құтқарудың жолы жағдай жасау, қолдау және дұрыс бағыт беру.
Бастауыш мектепте шығармашылық қабілеттіліктері оқу әрекетінде көрінеді. Оқу әрекетінде мұғалім мен оқушы тығыз байланыста болуы керек. Ол үшін мұғалім бар күш – жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы қажет. Менің байқағаным, бастауыш сыныптарда шығармашылықпен жұмыс істеуге үйренген оқушы жоғарғы сыныптарда шығармашылық жұмыстың қай түріне болсын бейім болады және дұрыс жол табу үшін дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге тырысады. Оқушы не нәрсені болса да білуге құмар, қызыққыш, қолымен ұстап, көзбен көргенді жақсы көреді. Оқушылардың қызығуын арттыру жақсы тақырыптық концерттерге де байланысты. Мысалы 22 наурыз мерекесіне арналған мерекелік кештің үлгісін қарастыра отырып, әр оқушы осы мерекелік іс шарада белсене қатысып, өз үлесін қосқысы келді.
Достарыңызбен бөлісу: |