2.2 Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын арттыру
Егеменді елдің жас ұрпақтарын тәрбиелеу, талапқа сай білім беру, бүгінгі күннің уақыт күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады. Сондықтан да бастауыш мектеп алдында балаға жүйеленіп, дайындалып берген белгілі бір білімді ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс жеткізе білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.
Дамыта оқытудың да басты мақсаты - баланы оқыта отырып, оны шығармашылық бағытта жан - жақты дамыту.
Б. Д. Эльконин шығармашылыққа мынандай анықтама береді: «Шығармашылық - бұл ерекше тұрғыдағы жасампаздық, жаңадан жасалған нәрсе бұрынғы нәрселердің механикалық қайталануы емес, өзінің сонылығымен, біртумалығымен ерекшеленетін болса, өзін - өзі куәландыратын, дәлелдейтін болса, онда бұл нәрсені туғызған шығармашылық акт туралы сөз қозғауға болады.
Бір нәрсені жасауға, тудыруға деген қабілеттілік балаларда мектеп жасына дейін де көрінеді. Адам бойындағы қабілеттерді дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін - өзі табуына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да. Ол өзін - өзі шынайы болмысына бастайтын жол іздеуі керек. Адам өзін - өзі жетілдіруге де, сонымен қатар, сонымен қатар өзін - өзі жоюға да қабілетті болады. Адамның өз болмысын тануға ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан, талап тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады»-деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында. Кез - келген дамыған өндіріс қазіргі таңда шығармашылықпен жұмыс жасауды талап ететін адамды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамның негізгі іс - әрекеті ақыл - ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс - әрекетте тасымалдай алуға негіздейді.
Оқушының шығармашылық іс - әрекеті және оның мәнін түсіну үшін жеке тұлғаның ғылыми - педагогикалық зерттеулердің обьектісі ретінде анықталу сипатын білу қажеттілік болып табылады. Шығармашылық іс - әрекет тұлғаны құраушы және оны айқындаушы фактор ретінде де қарастырылады.
Жеке тұлғаның ерекшеліктеріне тән қасиеттер оның санасына, өзіне - өзінің сын көзімен қарауына, адам баласының есіне әсер ететін ішкі және сыртқы түйсік, түйсіктердің әсеріне және оның ерік - жігер күші мен әсерленушілік сезім дүниесіне байланысты құбылыс деген пікірді біздер қуаттаймыз. Оның себебі, ұлы ғұламаларымыз осы ой - пікірде болған деп білеміз.
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда сабақтарды түрлендіріп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап өтсек: сабақ құрылымының ұйымдастырылуы, сыныптағы оқушылардың іс - әрекетін бақылауға қолайлылық, оқу - танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқыту уақытының үнемделуі.
Мектептегі оқу процесі оқушылардың іздемпаздығын, танымдылық белсенділігін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуында жол ашуы қажет.
Оқыту процесі - екі жақты процесс болғандықтан, оқушының өзіндік жұмысы, дербес іс - әрекеті мұғалімнің басшылығымен қатар, олардың іздемпаздығын, белсенділігін, өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтармен психологтар оқушылардың өзіндік жұмыстарының негізгі ерекшеліктері олардың ықыласына және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп пікір айтады.
Оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары формасына олардың өз еркімен амал - тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады.
Оқушылардың шығармашылығын, іздемпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық, пәндік апталықтар мен ғылыми - шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық іздемпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану - олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай - ақ мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркем өнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді.
Шығармашылыққа үйрету тұлғаның интеллектуалдық аспектісі ғана емес, оның психологиялық, мінез - құлық ерекшеліктерін де көздейді. Оған жігерлілік, жаңа жағдайларға бейімделуге икемділік, қаржылық пен табандылық, тәуелсіздік пен адамгершілік сезімі, ынтымақтастық, қажырлы еңбекке қабілеті, белгісіз жағдайдағы өзіне сенімділік, ақиқаты іздеудегі және қарым - қатынастағы адалдық жатады. Әр сыныптағы әр оқушыға байланысты мұғалім өзінің мақсатқа жету жолдарын іздейді. Ол оның үстіне басты шарты аталған қасиеттерді көрсетуге тырысады.
Оқушылардың жоспарлы жұмыс істеуге және өз жұмысының нәтижесін өзі тексеруге, оларды тапсырманы орындаудың тәртібі мен әдістерін анықтай білуге, сабақта, бір күнгі, апта ішіндегі, ай ішіндегі өз жұмысын жоспарлай білуге ұсынылған критерийлер негізінде өз жұмысының нәтижесін талдау мен бағалауға, сондай - ақ мұндай критерийлерді өздері жасауға үйретуді көздейді.
Ұжымдық танымдық іс-әрекеттің мазмұны: барлық оқушылар, мұғалімдер, тәрбиешілер бірлесе отырып жоспарлайды, оқушылардың танымдық іс-әрекеттері оқу процесінде, еңбек процесінде дамиды.
Бастауыш сыныпта ұжымдық танымдық іс-әрекеттер сабақта және сабақтан тыс уақытта дамиды. Оқу процесінің негізгі түрі – сабақ. Сабақта мұғалім оқушыларды ұжымдастыра отырып олардың танымдық іс-әрекеттерін (оқу, еңбек, ойын) дамытады. Мұғалім сабақта түрлі диагностикалық тесттер негізінде көптеген мәліметтер алады, соның негізгі жемісі түзету арқылы – оқушылардың ұжымдық танымдық іс-әрекеттерін дамытады.
Ал сабақтан тыс уақытта, яғни бастауыш сынып оқушыларының ұжымдық танымдық іс-әрекеттері – экскурсия, интеллектуалдық ойындар, көңілді кештер, ұлттық меркелер, эстафеталық жарыстар негізінде жүзеге асады. Сабақта және сабақтан тыс уақытта мұғалімдер ұжымдаса отырып жұмыс істесе, бастауыш сынып оқушыларының ұжымдық танымдық іс-әрекеттері біршама дамиды. Мұғалімдер бірлесе істейтін жұмыс түрлері мыналар
логикалық тапсырмалар, есептер;
интеллектуалдық сұрақтар;
сурет салу;
ХХІ ғ көшбасшысын ұйымдастыру;
Жеті өнер үйірмесі;
Жиналыстар жасау;
Кітап, газет, журналдар оқыту.
А лайда бұл істер күнделікті тәжірибеде көрініс таба бермейді. Бастауыш сынып оқушыларының ұжымдық танымдық іс-әрекеттерін дамытатын мұғалім болғандықтан, мұғалім бастауыш сынып оқушысына ұжымдық танымдық іс-әрекеттің мақсатын таңдауға нақтылы қатыстырып, оны өмірде іске асырып, көпшіліктің пікірін ұйымдастырып отыруы қажет.
Барлық жұмыстар оқушылардың қалауы бойынша жүргізіледі, оған әртүрлі сынып оқушылары қатыстырылуы мүмкін.
Осындай жүргізген жұмыстар арқылы оқушылар өздерінің әртүрлі танымдық және шығармашылық сұраныстарын қанағаттандырады. Сонымен қатар, мектеп ішіндегі оқушылардың арасынан дарынды балалардың шығуына ықпал етеді.
“Баланың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін ең бастысы жағдайлар жасау қажет”.
Оқушының дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы көбінесе мұғалімнің кәсіби біліктілігіне, және оның тұлғалық қасиетіне байланысты екені айдан анық.
Көбінесе “дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологы П. Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П. Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты - олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Дарынды оқушымен жұмыс жүйесіндегі мұғалім маңызды орын алады. Оқушының болашақтағы мамандығына байланысты, яғни кәсіби тағдыры тек қана жақсы мұғалімге байланысты.
Бұл контексте болашақ мұғалімді жаңашыл педагогтердің инновациялық тәжірибесін шығармашылық ынтамен меңгеру және пайдалану арқылы даярлаудың келешегі зор деп ойлаймыз.
Жаңашыл педагогтер оқушының жеке тұлғалық абройын барынша құрметтеуге, оның шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін, өздігімен ойлау қабілетін дамытуға, жағымды эмоциональдық педагогикалық үрдісті қалыптастырып, одан педагогикалық зорлықтың барлық түрін аластатуға бағытталған ізгіліктік стратегиясымен сипатталады.
Сондай - ақ дарынды оқушылармен нәтижелі жұмыс жасайтын мұғалімнің кәсіби “бейнесі” мынадай қасиеттерден тұрады: жоғары кәсіби біліктілік, даралық қасиет, білімпаздық, ойлап табуға және ғылыми зертеу жұмысына қабілеттілік, кәсіби қызметін өздігінен жетілдіруге ұмтылушылық. Дарынды оқушымен жұмыс мұғалімнің өзіне, қызметіне және кәсіби біліктілігіне жаңа, жоғары талаптар қояды. Тіпті оның кәсіби жетілуіне өзгеше емтихан болып табылады.
Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай депті: “Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұпарды есекке айналдырып құртып тынады”. Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, ынталандыру үшін сабақтарды мынадай жолдармен өткізуге болады:
1. Сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану;
2. Сабақты түрлендіріп өткізу;
3. Сабақта оқушылар өздері жасаған суреттер, схемаларды пайдалану;
4. Техникалық құралдарды тиімді қолдану;
5. Сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету.
Дарынды балалардың психологиялық ерекшеліктері немесе «дарындылық белгілері» психологтар арасындағы пікір таластардың негізі болып табылады.
Талантты балалардың өмірінде және іс - әрекетінде байқалатын ерекшелік белгілері айқындалған. Мұндай белгілерді балалардың іс - әрекет ерекшеліктерін бақылаған кезде баяндауға болады. Шығармашылық дарындылықтың белгілері әртүрлі болатындығы қиындық туғызады және де олар әлеуметтік ортамен тығыз байланысты.
Бастауыш мектепте шығармашылық қабілеттілікті оқу әрекетінде көрінеді.
Сондықтан әр бала бойындағы шығармашылық қабілеттері оқу әрекетінде көрінеді. Сондықтан әр бала бойындағы шығармашылық қабілеттерін бағыттап, тәрбиелеу қазіргі таңдағы ата - ана мен мұғалімнің тарапынан қолдау тауып отыруы қажет.
Оқу іс әрекетінде мұғалім мен оқушы тығыз байланыста болуы керек. Ол үшін мұғалім бар күш - жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы қажет. Ал оқушы өз тарапынан белсенділік, дербестілік көрсетуі, өзіне деген сенімділігі арқылы шығармашылық әрекетті қалыптастыра алады. Менің байқағаным, бастауыш сыныптарда шығармашылықпен жұмыс істеуге үйренген оқушы жоғары сыныптарда шығармашылық жұмыстың қай түріне болсын бейім болады және дұрыс жол табу үшін дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелдеді шешімдер қабылдай білуге тырысады.
Бастауыш сыныпта «Ана тілі» және «Қазақ тілі» сабағында ұтымды уақыт тауып, шығармашылық жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Ол үшін мұғалім мәтіннің, жаттығудың өн - бойынан шығармашылық тапсырмаға лайықты жағдайлар іздеп табуы керек. кейбір практикалық тапсырмаларды да шығармашылық арнаға бұрып, өзгертуге болады.
Бастауыш сынып оқушыларының қиялы әдеттегіден тыс, ерекше. Олар естіген әңгімелер, ертегі желісімен өзі де оларды құрастыра алады. Сондықтан мұғалім ертегіні немесе әңгімені бастап беріп, оны аяқтауға оқушыға тапсыратын болса, балалар оны аяқтаудың түрлі жолдарын қарастырады.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін шығармашылық қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытуда мен мынадай әртүрлі әдіс - тәсілдерді қолданамын.
Олар мыналар:
1. Мәтін, ертегіні, әңгімені өз ойларымен аяқтау. Мысалы; Қайсар атасымен қыдырып жүреді. Кенет қой қора жақтан түтіннің иісі келді.
Қараса, қой қора өртеніп жатыр екен.
- Қайсар не істеді?
Бұл мәтінді бір - екі бала былай деп аяқтапты.
Қайсар жүгіріп барып, өрт сөндіргіш машинасын шақырды. Жан - жақтан көмекке адамдар да келді. Өрт сөндірушілер мен көршілердің көмегімен өртті шығынсыз өшіріп алды. Қайсардың елгезектігіне атасы риза болды.
Қайсар ойланбастан қораға жүгіріп кірді де, қойларды айдап шықты. Сол кезде қораның үсті құлап түсті. Қайсар қойларды аман алып қалды. Шопан Қайсарға риза - шылығын білдіріп, қошақан сыйлады.
2.Ақын, жазушылардың мәтіндерін басқаша аяқтау.
Мысалы: Шона Смаханұлының (Тәкаппар) мысалын Әлібек былай аяқтады:
Балықты жағада ойнап жүрген Асқар тауып алды. Оның жағдайын көріп аяп кетті.
Оны жүгіріп барып теңізге салып жіберді. Содан бері балық өзінің туған теңіңзін ешқашан жамандамайтын болыпты.
3. Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.
4. Мәтін бойынша мақал құрастыру.
5. Табиғат құбылыстарына, заттарға жұмбақтар құрастыру.
Сабақтан тыс уақытта оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін әр түрлі кездесулерден, саяхаттардан, жураналдардан оқығандардан алған әсерлерін әңгімелету. Шығарма ретінде жаздыруға, (Ана тілінен) оқытылып отырған шығармалардың авторлары туралы толық мағлұмат жинап, реферат жазғызуға болады.
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Шығармашылық тапсырма түрлерін сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне, психологиялық таралым, шығармашылық қабілетінің даралығына қарап, әр сынып бойынша әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |