Тақырыбы. Кәсіпорынның айналым капиталы Сағат саны - 2 Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары: Айналым капиталы: оның маңызы, құрамы мен құрылымы.
Айналым құралдарының айналымдылығын және пайдалануын сипаттайтын көрсеткіштер.
Айналым құралдарына қажеттілікті анықтау.
Кәсіпорын жұмысының нәтижесіне айналым капиталын басқарудың әсері.
Кәсіпорынның айналым қаржыларды пайдалануды жақсартудың негізгі бағыттары.
Дәріс тезисі Үздіксіз өндірістік процесті қамтамасыз ету үшін негізгі өндірістік қорлармен қатар оған еңбек заттары мен материалдық ресурстар қажет. Еңбек заттары еңбек құралдарымен бірге өндіріс процесіне қатысып, олардың құны өндірілетін өнімнің материалдық негізін жасап, өнімнің өзіндік құнын құрайды.
Айналым қорлары – бұл өндірістік процестің міндетті, ал өнімнің өзіндік құнының негізгі элементі.
Айналым құралдарының мәні олардың экономикалық ролімен, ұдайы өндіріс процесін қамтамасыз ету қажеттілігімен анықталады. Өндірістік процеске көп мәрте қатысатын негізгі құралдардан ерекшелігі, айналым құралдары тек бір өндірістік циклда әрекет етіп, өзінің құнын дайын өнімге толығымен көшіреді.
Айналым қорына қарағанда айналым капиталы экономикалық категория ретінде кең мағынаны білдіреді. Ол айналмалы қор мен айналыс қорынан тұрады.
Айналыс қоры қызмет барысында сатуға шығарылған дайын өнім, тауарлар, сондай-ақ кәсіпорын кассасындағы немесе банктің есеп айырысу шотындағы қаржылар мен дебиторлық қарыздар түрінде көрінеді. Айналыс қорлары құн түзуге қатыспайды, бірақ түзілген құнды жеткізуші болып табылады. Айналыс қорының негізгі қызметі – ақшалай қаражат арқылы айналымның үздіксіздігі мен бірқалыптылығын қамтамасыз ету.
Сонымен айналым капиталы деп өндірістік айналмалы қор мен айналыс қорларына арналған кәсіпорынның ақшалай қаражаттарын айтамыз.
Айналым капиталы дегеніміз өндірістік айналым қорлары мен айналыс қорларын құруды және олардың үздіксіз айналымдылығын қамтамасыз ететін алдын-ала бөлінген ақшалай қаражаттардың жиынтығы.
Өндірістік айналым қорлары – бұл еңбек заттары мен аяқталмаған өндіріс өнімдері. Өндірістік айналым қорлары өндіріске өзінің табиғи-заттық күйінде қатынасады да, өнім дайындау процесінде толығымен тұтынылып, өзінің құнын жасалатын өнімнің өзіндік құнына өткізеді.
Кәсіпорынның шаруашылық қызметін жүргізу шарты айналым құралдарының (айналым капиталының) болуы болып табылады.
Өндірістік негізгі қорларға қарағанда өндірістік айналым қоры әрбір өндірістік циклда жұмсалып, олардың құны еңбек өнімінің құнына бірден толығымен өтетін заттық элементтердің бөлігі болып саналады. Заттық элементтер еңбек процесі барысында табиғи формасы мен физикалық-химиялық құрамы жағынан біраз өзгеріске ұшырайды. Өндірісте тұтынылу барысында олар өздерінің тұтыну құнын жоғалтады. Ал жаңа тұтыну құны олардың өнімі түрінде пайда болады.
Кәсіпорынның айналым капиталы өндіріс сферасында және айналым сферасында әрекет етіп, жабдықтау, өндіру, өткізу сияқты үш кезеңнен өтеді және осы кезеңдер ішінде әртүрлі табиғи күйге енеді.
Бекіту сұрақтары «Айналым құралдары», «айналмалы өндірістік қорлар», «айналыс қорлары» түсініктеріне анықтама беріңіздер. Олардың өзара байланысы мен айырмашылығы неден көрінеді?
Айналым құралдарының құрамы қандай? Олардың жіктелімін келтіріңіздер.
Айналым құралдарына деген қажеттілікті жоспарлау әдістерін атаңыздар.
Ағымдағы, сақтандыру, транспорттық, технологиялық және дайындық запастары бойынша күндердегі запас нормасы қалай анықталады?
Айналым құралдарын пайдалану тиімділігінің көрсеткіштерін атаңыздар және оларға сипаттама беріңіздер.