Ахмет Байтұрсынұлы: Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.
Ғұмар Қараш: Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп...соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.Жалпы өнер білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім өнерді таратуға мүмкін емес.Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады.
Халел Досмұхамедұлы: Мәдениетіміздің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады. Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек. Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі қор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек.