15-жаттығу. Мәтінді оқып шығып, түсінгеніңді баянда.
Сәбит Дөнентаев (1894-1933) – қазақ ақын.
Сәбит кемеңгер Абайдан көп үйренген
ақындардың бірі.
«Абайға» деген өлеңінде былай деп жазады:
«Қараңғыда туып ең,
Қара бетті жуып ең.
Таба қылмай дұшпанға,
Қолға ұстаған туымыз,
Қанат-құйрық, бойымыз.
Қонғанда да ұшқанда.
Құрмет етіп затыңды,
Бетке ұстаймыз атыңды...»
Тұтастай алғанда бұл өлеңнен Сәбиттің Абай поэзиясының идеялық бағытын, әлеуметтік сырын дұрыс бағдарлағанын көреміз. Сонымен бірге Сәбиттің Абайдан тікелей үйренгендігінің де айғағы, яғни бұл елең Абайдың «Сегіз аяғының» үлгісінде, соның өлшемін, ұйқас түрін сақтап жазылғандығы даусыз. Тек бұл емес, «Атылғандарға», «Жүрекке», «Ескі болыстың тәубасы», «Темірге», «Ерікті Айша», «Кемшілікте», «Бір жыл етті» тәрізді және басқа да көптеген өлеңдерін Сәбит Абай поэзиясындағы әр алуан формаларды пайдалана отырып жазған. Мысалы, «Кемшілікте» деген өлеңінің ұйқасы мынадай:
«Тағдырда жазған соң алла,
Мен түстім мынадай халға...
Етерлік жәрдемің бар ма,
Жақындап, жанассаң нетер?
Талай күн жүріп ек бірге,
Талай бір кіріп ек түрге,
Тұрғанда мен мұндай күйде,
Қайырылып қарасаң нетер?..»
Мұнда әр шумақтың алғашқы үш жолы қатарынан ұйқасып, сол шумақтардың соңғы, төртінші жолдары бірыңғай үйлеседі. Бұл - «Білімдіден шыққан сөз...» деп басталатын өлеңінің негізгі шумақтарында Абай қолданған ұйқастың үлгісі. Сәбит осындай ұйқасты 11 буынды қара өлеңге де пайдаланған («Балалық» т. б.). Абай бірсыпыра өлеңдерінде («Қансонарда бүркітші шығады аңға...», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» т. б.) белгілі бір ұйқас жүйесін өлеңнің ұзына бойына дерлік сақтап отырады. Осындай тәсілді «Ұлтшылға», «Қазақтарға қарап» атты өлеңдерінде Сәбит те бекем ұсынады.
Дөнентаев поэзиясының өзіндік бір ерекшелігі – юморлық бағытына, сатиралық өткірлігіне байланысты. Ол Абай мен Сұлтанмахмұттан кейінгі ірі сатирик ақын болып табылады.
Тапсырма: 1. Өлең құрылысы жайында әңгімеле. 2. Зат есімдерге сатылай кешенді талдау жаса (5 сөзге). 3. С.Дөнентаевтың сатираға, юморға құрылған туындыларын жинастыр. 4. Юморға құрылған шыған әңгіме жаз.
Достарыңызбен бөлісу: |