14-САБАҚ ЕСІМДІК ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ 35-жаттығу. Мәшһүрдің Жүсіпбекке Аймауытовқа жазған хаты «Шымкенттен почтаменен бір хат келді.
Саналы жан сағынбақ жер мен елді.
Жүсіптің көйлегінен иісін танып,
Сайрамақ көзі ашылып Жақып енді
Белгі алған шаршы топты озып аты.
Танымал болған жұртқа қиянаты.
Мәшһүрді өліп қалған бір тірілткен -
Шымкенттен Жүсіпбектің жазған хаты.
Аман бол! Аман болсаң, сен аман бол!
Сен аман жүрсең, маған дүние мол.
Жүсіпбек, Бектұр, Жанақ үшеуіңе
Тұрайын тілеулес боп көтеріп қол.
Алашқа аты шыққан Ақан сері
Жүйріктің көзге түскен о да бірі.
Илаһи жаңа талап жүйріктерді,
Ақанның қыла көрме Құлагері,
Бұралқы болмайтын мен еркек қой ма,
Бұл жалған айтшы маған айт пен той ма.
Неге ерте мезгілі жоқ қартайдың деп,
Әмінді көрген болсаң кінә қойма».
Бұл арада бірер жайға түсінік бере кету қажет. Мәшһүрдің хатында аталған Бектұр, Жанақ – Жүсіпбектің балалары. Олардың анасы кім, ол қайда! Әзірше белгісіз. Екі ұштылау бір дерекке қарағанда, Бектұр бір жылдарда Семейде халық соты болып қызмет істеген. Бектұр жайлы соңғы деректі журналист А.Тасымбеков жеткізді. Ол амалсыздан Викторға айналып кеткен, Жүсіпбектің ұлы әкесі ақталған соң, көп ұзамай Москва түбіндегі Коломна қаласында қайтыс болғанын айтты...
Жүсекең С. Сәдуақасовқа жазған хатында үш ағайынды едік дейді. Үлкені – Ахат, ортаншысы – өзі. Кіші інісін атамайды. Сол екі ұштылау дерек бойынша, кішісі – Жақыпбек. Көп жыл Қарағандыда тұрған, ұрпағы әлі сонда.
Мәшһүр хатындағы Әмін (Мұхамет Әмин) өзінің ортаншы баласы, оқыған, ақын адам болыпты. Жүсіпбекпен жасты, Керекудегі екі кластық училищеде онымен бірге оқыпты. Ташкенде интернат ашып, соған төңіректегі жетім балаларды жинап оқытып, тәрбиелеп жүргенде, өштескен біреулер пышақтап өлтіріп кеткен. Мәшһүрдің соған арнап, «Қан түсті алпыс үште аяғыма» деген үлкен толғауы бар...
Жүсіпбек 1930 жылы Москваға апарылып, Бутырка түрмесіне қамалған екен. Бұл түрме сонау XIX ғасырдағы Александровский централдан кейінгі «Барса келместің» нағыз өзі. Оған бір кірген адам жарық дүниеге қайта шығуы неғайбіл. Соны білетін қайран Жүкең он шақты шумақ толғау жазып қалдырыпты. Соның ішінде:
Шықпаса жаным денемнен,
Не салса тағдыр көрем мен,
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған көнем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар. Соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар.
Өлсе де денем, мен өлмен!.. -
деген жолдар бар. Бұған түсінік берудің қажеті болмас.
Зейтін Ақышев жазушы, аудармашы Тапсырма: 1.Мәтіннен кірме сөздерді теріп жаз. 2.Есімдіктерді анықтап, мағыналық түріне талдау жаса. 3.Әскерге кеткен ағаңа немесе алыста жүрген туысқаныңа хат жаз. Жазған хатыңның құрамында есімдіктің барлық түрлері кездесетін болсын.
36-жаттығу.1.Күрделі сөздің анықтамасын жаз. Мәтіннен мысал келтір. 2.Мәтінде есімдіктің қай түрі кездеседі? 3.Ақын ізімен өлең немесе өтірік өлең шығар. 4 . Ауыз бен асқазанның биологиялық қызметін біліп ал.