«Жасыл» экономиканы дамытудың 7 негізгі бағыты: 1) жаңартылатын энергия көздерін енгізу; 2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі; 3) ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы; 4) қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру; 5) су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру; 6) «таза» көлікті дамыту; 7) экожүйелерді сақтау және тиімді басқару.
1-ші бағыт - жаңартылатын энергия көздерін енгізу. Пайдалы қазбаларды ары қарай сақтау туралы мәселе қазіргі кезде өте маңызды. Біздің мемлекет табиғи қорлары өте бай ел ретінде танылған. Мұнай, газ, көмір – бүкіл дүние жүзінде кеңінен қолданылатын, ең ірі энергетикалық қорлардың бірі ретінде қарастырылады, бірақ олардың өзі уақыт келе сарқылады: ғалымдардың болжауынша мұнай қоры – 40-50 жылдан кейін, газ – 80 жылдан кейін мүлдем жоқ болуы мүмкін, бүгінде өндірілетін энергияның 85 пайызы осындай органикалық отын түрлерінен алынады), демек өмір үшін жаңа ресурстар табу қажет. Жаңартылатын энергия көздері дегеніміз, бұл – күн жарығы, жел, су, су толқыны, геотермиялық жылу (Жердің жылу өрісі сыртқы - Күн сәулесі және ішкі энергия көздері - радиоактивтік элементтердің ыдырауының әсерінен түзіледі) сияқты сарқылмас, қайта қалпына келетін табиғи ресурстардан түзілетін энергия. Бұл ретте Қазақстаннның жақсы экожүйеге, жер қыртысына және орманға ие болуы фактісі басқа елдер алдындағы өзінің позициясын айтарлықтай арттырады.
2-ші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі. Қалалық тұрғын үй қорының маңызды бөлігі кеңестік дәуірден кейінгі уақытта салынғандықтан, тұрғын үй кешендерінің көпшілігі тиімсіз жылу изоляциялық құрылымдармен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерімен жабдықталған, ол біраз жылу шығындарына алып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету аспаптарының жұмысының істен шығуы саласындағы іс-шараларды жүзеге асыратын энергия сервистік компаниялары әрекет етеді.
3-ші бағыт – ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы.Бұл бағыт әр түрлі азық қоспаларынан, синтетикалық тыңайту өнімдерінен (пестицидтерден) бас тартуды қарастырады. Дақылдық өсімдіктердің шығымдылығын, өсуін қамтамасыз ету үшін органикалық тыңайтқыштарды пайдалану туралы сөз болып отыр. Ауыл шаруашылығын «көгалдандыру» табиғи қорларға зиян келтірместен, халыққа азық-түлікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан мынадай бағыттар бойынша әрекет етуді жоспарлайды: 1) жердің құнарлылығын басқару; 2) суды тиімді пайдалану; 3) өсімдіктер және жануарлар денсаулығын басқару; 4) фермаларды механикаландыру.
4-ші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Қалдықтарды басқару мәселесі ерекше танымалдылыққа ие болды. Лас көшелер, үйінділер және қандай да бір болып жатқанға бақылаудың жоқтығын жиі кездестіреміз. Қалыптасқан жағдайларға байланысты қалдықтарды өндірістік өнімнің қайталама өнімі ретінде пайдалану ұсынылған. Осылайша, мысалы қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді қайта өңдеу және балама отынды алу технологиясы Алматыда іске асырылуда. Елімізде жоспар бойынша 40-тан астам қоқыс өңдеуші кешеннің құрылысы басталды. Астанада Испан технологиясы бойынша пайдалануға берілген зауыт жылына 400 мың тонна қоқысты қайта өндеп, қала қажеттілігін өтеуге қауқарлы екен. Егер дәстүрлі экономика – бұл тауарлар мен қалдықтардың өндірісі болса, «жасыл» экономика қалдықтарды кері өндірістік циклға қайтаруы тиіс.
5-ші бағыт – су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру. Су адамзаттың өмір сүруін және экожүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің шешуші табиғи құрылымы болып қала береді. Осыған байланысты су қорларын тиімді пайдалану орасан ауқымға ие болатын мәселе болып қала береді.
Ғалымдардың есебінше, ауа температурасы жарты градусқа жылыныпты. Соған байланысты, Мұзды мұхиттағы мұздықтар еріп жатыр. Бұл түптеп келгенде неге әкеп соғуы мүмкін? Бұл әлем бойынша ауыз су тапшылығына әкеп соғады. Әлемдік ақпарат бойынша, 20 жылдан кейін дүниежүзіндегі ауыз судың тек 60 пайызы халыққа жетеді. Бұл үлкен проблема. Оның ішінде, Қазақстан территориясы құрылықта орналасқандықтан, су тапшылығы күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазір біз ауызсумен көлікті де жуамыз, үйдегі тіршілікке де пайдаланамыз.
6-шы бағыт – «таза» көлікті дамыту. Қазақстандағы тасымалдардың көпшілігі дизелде/бензинде жүргізіледі. Қазіргі уақытта тасымалдардың басым бөлігі бензин (дизель) негізінде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте бұл парник газдарының жоғары шығарындыларына жағдай жасайды.
7-ші бағыт – экожүйелерді сақтау және тиімді басқару. Осы бағыттағы қызмет басты түрде біздің елдің бірегей табиғат байлығын сақтауға бағытталған.
«Жасыл» экономиканы дамыту бағдарламасы аясында Қазақстан экономиканың 10 шешуші секторына ресурстарды инвестициялауды жоспарлайды: 1) ауыл шаруашылығы; 2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; 3) энергетика; 4) балық аулау; 5) орман шаруашылығы; 6) өнеркәсіп; 7) туризм; 8) көлік; 9) қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу; 10) су қорларын басқару.
2015 жылғы БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне байланысты Париж конвенциясына еліміз қол қойды. Әлемнің 170-тен астам елі мақұлдаған құжат – адамзаттың Жерді болашақ ұрпақ үшін қазіргі күйінде сақтап қалуға жасалған үлкен қадамы болмақ.
Бұл тарихи құжатқа сәйкес, дүниежүзінің 196 мемлекеті 2100 жылға дейін Жер температурасын цельсий бағамы бойынша 2 градустан асырмай ұстап тұруы керек. Бұл арада энергетикалық үнемділік мәселесі, әсіресе, дамушы елдерге салмақ болмақ. Себебі, бүгінде ауаны ластайтын, экологияға көп залал келтіретін мұнай-газ бен көмір жағу арқылы энергия өндіріп отырған елдердің дені – дамушы мемлекеттер. Бірақ экология алдындағы жауапкершілікті дамыған мемлекеттердің мойнынан алып тастауға тағы болмайды. Дамыған елдердің индустриялық даму жолында экологиялық талаптарды ескермей, Жердің ластануы мен ысуына қаншалықты кері әсер еткені тарихтан белгілі. Бүгінгі таңда көмірқышқыл газын көп шығаратын Қытай, Үндістан, т.б. алпауыт әрі халқының әл-ауқаты төмендеу елдердің экологиялық таза энергия көздеріне көшуі үшін қандай шаралар қолданылуы керек әрі бұл үшін кім ақша шығындайды деген сауал ғалымдарды қатты мазалайды. Түптеп келгенде, мәселенің бір қыры қыруар қаржы мен жеке мүдделерге байланып тұрғандай.
Біздің еліміз бұл экономика түріне көшуді сол шетелдерден тәжірибе алмасып, үлгі алып, оң тәжірибелерін жүзеге асыруы керек. 2017 ж. елімізде өткен «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі де осы жасыл экономика тақырыбында өткізілді. 2018 ж. 17-18 мамырда өткен Астана экономикалық форумында экономикалық өсу, ресурстық тұрақтылық, цифрландыру, адамдардың ұзақ өмір сүруі, қарды төңкерісі, жаһандық қауіпсіздік сияқты жаһандық үрдістер сөз болды.