Алайда, бұл сырт көрiнiсi ғана едi, Конституция қағидаларының қолданылуы 70-80 жылдардың басынан басқаша сипат алды. Кеңестердiң есептiк қоры болмады, ендеше олар нақтылы мүмкiндiктермен қамтамасыз етiлмедi. Сөз жүзiнде бүкiл билiктi жүргiзушi құқығы таңылғанымен, iс жүзiнде әрекетсiз қалды.
Толыққанды Кеңестердiң қызмет атқармағандығының бiр ғана дәлелi ретiнде 70-80 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң алдында мемлекеттiң атқарушы органдары – министрлер мен ведомстволардың – жылына бiр рет атқарған қызметтерiн баяндауға тиiстi есептер берiлмегендiгiн айтсақ та жеткiлiктi.
► Саяси жүйенiң бiртұтас элементтерi болып табылған Кеңестер, кәсiподақ, комсомол ұйымдары, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар партиядан бұқараға бағытталған «белдiктер» ретiнде ғана қарастырылды.
30-жылдардан бастап қоғамдық ұйымдар бiржақты қаралды; партиялық - мемлекеттiк басқару аппаратының тапсырмаларын мүлтiксiз орындайтын құрылым санатынан орын тептi, мұның өзi ұйымдардың азаматтық қоғам құралы тұрғысындағы мәнiн бұрмалады. 70 - 80- жылдардың басында партиялық - мемлекеттiк аппараттағы бюрократиялық үрдiс комсомолға, кәсiподаққа, қоғамдық ұйымдарға да ауысты.
Көптеген танымал бүкiлодақтық қоғамдық ұйымдар мемлекеттiк өкiлеттiлiкке ие болып, өздерiнiң қызметтерi жағынан министрлiктер дәрежесiне дейiн жеттi. Мысалы, «Шетелдермен мәдени және достық одағы» кейiнде Шетелдермен мәдени байланыс Мемлекеттiк комитетi болып қайтадан құрылды. «Бiлiм қоғамы», жазушылардың, сазгерлердiң, суретшiлердiң, сәулетшiлердiң шығармашылық одақтары да зор төлемдi аппаратты иемдендi.
Жоғарғы билiктiк сипат алған Кеңес әйелдерiнiң комитетi, Соғыс ардагерлерiнiң комитетi, КСРО жастар одағы т.б. қоғамдық ұйымдар әрекет еттi. Жергiлiктi жерде ұйымдары жоқ бiрқатары шетелдерден келетiн өкiлдердi қабылдау үшiн құрылды.
70 - 80 -жылдарда әрекет еткен қоғамдық ұйымдардың көпшiлігi – тиесiлi министрлiктер мен ведомстволарға таңылып, олардың қосалқы бөлiктерiне айналды; мысалы, Өнертапқыштар iсi Мемлекеттiк комитетiнiң жанындағы «Өнертапқыштар мен рационализаторлардың Бүкiлодақтық қоғамы»; Қорғаныс Министрлiгiнiң жанынан құрылған «ЦСКА»; КГБ мен МВД -ның жанындағы «Динамо» т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |