37-БИЛЕТ.Абайдың махаббат лирикасы: өлеңдерін талдау Алып ақын Абай өзінің саналы ғұмырында махаббат тақырыбында кең жазып, айтып әндер шығарып кетті. «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол...» — Абайдың 1889 ж. жазған өлеңі. 4 тармақты 3 шумақтан тұрады. Көлемі - 12 жол. Ақынның шабыттана көп жазған махаббат лирикасына жатады. Абай бұл өлеңде екі жастың сүйіспеншілігі мәселесіне үңіліп, философиялық салмақты тұжырым жасайды. Ақынның ұғымынша, ғашықтық пен құмарлық - екеуі екі нәрсе, екі жол. Жақсы көргеннің бәрі ғашықтық емес. Құмарлық пен ғашықтықтың арасы жер мен көктей. Ақын құмарлықты - нәпсі құмарлық деп түсінеді: «Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол». Ал, ғашықтық - ерекше, жоғары сезім. Ғашықтық пен көрсе қызар құмарлықты ажырата білу керек. Абай ғашықтықты ауруға, ғашық адамды ауру адамға теңейді. «Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып» деп жырлайды. Ғашығыңнан үміт үзсең, «тұла бой тоңар, суыр», ал «Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып» дейді. Абайдың лирикалық кейіпкері ғашығына «Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, мен не болсам болайын, сен аман бол» дейді. Бұл - шын ғашықтың ғана айтатын сөзі. Ғашығына «сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!», «Жасырынба, нұрыңа жан қуансын» деп тіл қатады. Өлеңнен Абайдың ғашықтықты аса жоғары бағалағанын аңғаруға болады. Келесі өлең «Айттым сәлем, қалам қас...» -Абайдың 1889 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақтан тұрады. Шығарма Абайды дүниежүз. әдебиеттің өресіне көтерген туындыларының бірі. Өлеңде ақын жастықты, сұлулықты, ғашықтықты жырға қосып, бірін-бірі сүйген екі жастың сүйіспеншілігін, ішкі сезімдерін ашып көрсетеді. Кейіпкер монологы арқылы оның жан-жүрегін, кіршіксіз ақ махаббатын сөйлетеді. Туындыдағы сүйген қызына сәлем жолдаушы жігіт - Абай тұсындағы оқыған өмірден тоқығаны көп жаңа тұрпатты азамат. Жігіт үшін бүл дүниеде сүйгенінен артық ешкім жоқ. Бәрін соның жолына құрбан етуге әзір. Сол антының растығын сағынғанда көзіне келетін ыстық жасымен дәлелдейді. Өлең бірте-бірте ыстық ләззат сезімін тербеп, жан мен тән іңкәрлығына жетелейді. Дегенмен, ақын өлең¬де анайы ашықтыққа, тәтті сезімді селт еткізіп түршіктірер тұрпайылыққа бармайды.“ Иығымда сіздің шаш,Айқайласып тай-талас,Ләззат алсақ болмай ма,Көз жұмулы, көңіл мас?”— деп, көркем сурет жасайды. Ақын жанды ләззатқа бөлер тәттіні сарқа ішкізбейді, тағы түбінде не бар дегізіп, ынтықтырып қояды,яғни әдептілік шегінен өтіп кетпейді. Бірақ айтайын дегенін барынша жеткізіп айта біледі. Өмір сыйына сол сыйлықты ұсына білген ғана лайық дегізеді.