Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қараудың негіздері. Соттың қаулысы заңдық күшіне енгеннен кейін бұрын сотпен анықталмаған және іс үшін маңызды мән-жайлардың болуы мүмкін. Мұндай мән-жайлар жаңадан ашылған мән-жайлар деп аталады. Жаңадан ашылған мән-жайлардың мәлім болуына байланысты бұрынғы сот шешім шығарылған сәтте мәлім болған және сотпен анықталған мән-жайлар енді дұрыс емес болып, күшінде қалдырылмауы тиіс. Олардың күшін жою үшін ерекше тәртіп бар – жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау (ҚР АІЖК 404-409-бап).
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қараудың объектісі болып заңды күшіне енген сот шешімі, сонымен бірге бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерткен немесе жаңа шешім шығарған апелляциялық немесе қадағалау сатыларындағы ұйғарымдар және қаулылар табылады.
Жаңа мән-жайлар бойынша сот шешімдерін қарау - азаматтық процестің дербес, ерекше сатысы. Ол бойынша заңды күшіне енген сот актісінің заңдылығы мен негізділігі істі қарастыру сәтінде болған және істі шешу үшін мәнді маңызға ие болатын, жаңадан пайда болған мән-жайларға байланысты тексеріледі. Бұл сатының айрықша болуы сот актілерінің күшін жою негіздері мен оны қайта қарау негіздерінде болады.
Сонымен, заң бұл жерде жаңа емес, жаңадан ашылған мән-жайлар туралы қарастырады, яғни істі қарастыру кезінде болған іс үшін маңызды дерек, бірақ арыз берушіге, сотқа мәлім болмаған немесе мәлім болуы мүмкін емес болған, солардың болуы іске қатысушы тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің пайда болуы, өзгеруі немесе тоқтатылуына әсер етеді. Шығарылған шешімге күмән келтіретін жаңа дәлелдемелердің табылуы оны соттық қадағалау тәртібінде қайта қарауға негіз болып табылады. Шешімді қайта қарау үшін жаңадан ашылған мән-жайлар іс үшін маңызды болуы тиіс.
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралатын сот актісінің заңсыздығы мен негізсіздігі қаулыны қабылдау сәтінде арыз берушіге, сотқа белгісіз болған, кейін акті қабылданған соң мәлім болған мән-жайлардың ашылу салдарының болуымен сипатталады. Сондықтан да қаулыны жаңадан ашылған мн-жайлар бойынша қайта қарау туралы сұрақты шешу үшін апелляциялық сатыдағыдай немесе қадағалау тәртібінде қайта қарау сияқты іс бойынша соттың құқық нормаларын дұрыс қолдануын немесе процессуалдық әрекеттердің дұрыс жүзеге асырылуын тексеруді қажет етпейді. Мұндағы соттың басты міндеті – жаңадан ашылған мән-жайлардың бар-жоғын білу және де олардың сотпен қабылданған қаулыға әсерін анықтау (мысалы, нотариуспен куәландырылған өсиет).
Жаңадан ашылған мән-жайларды сот шешімінен кейін пайда болған заңды фактілерден айыра білу қажет.
Сот шешімі ол шығарылғанға дейін болған фактілерге сай келуі тиіс. Кейін пайда болған фактілер шешімнің дұрыстығына әсер ете алмайды. Олар жаңа талап қоюға негіз болып табылады. Шешім шығарылғаннан кейін мәлім болған, сотпен зерттелген фактілерді нақтылаушы немес жоққа шығарушы дәлелдемелер жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға негіз болып табылмайды.
Сот қаулыларын қайта қарау негіздері ретінде басқа топтарын заңды күшіне енген сот үкімімен анықталған, тараптардың, басқа да іске қатысушылардың қылмыстық әрекетімен немесе судьяның қылмыстық әрекетімен байланысты мән-жайлар бола алады. аталған субъектілердің қылмыстық әрекетінің фактілері әрқашан да жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қараудың негіздері болады.
ҚР АІЖК 404-бабына сәйкес шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін:
арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі бола алмаған іс үшін елеулі мән-жайлар;
заңдық күшіне енген сот үкімімен белгіленген, заңсыз не негізссіз шешім шығаруға әкеп соққан, куәнің көрінеу жалған жауаптары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленген тараптардың, іске қатысушы басқа адамдардың не олардың өкілдерінің қылмысты әрекеттері немесе судьялардың сол істі қарау кезінде жасаған қылмыстық әрекеттері;
белгілі бір шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің немесе қаулысының не өзге де орган қаулысының күшін жою. Бұл сатыдағы іс жүргізуге тән негіз болып, арыз берушінің белгілі болмаған және белгілі бола алмаған іс үшін елеулі мән-жай табылады;
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің соттың сот актісін шығаруы кезінде қолданған заңын немесе өзге нормативтік-құқықтық актісін конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.