Азаматтық іс жүргізу құқығының қайнар көзі деп азаматтық процессуалдық нормалар бекітілген нормативтік құқықтық актілерді айтамыз. Бұл актілер ҚР азаматтық іс жүргізу заңдарын құрайды. Заңды күшіне қарай оларды былай жіктейміз:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30.08.1995 жылы қабылданған. Негізгі заң соттардың ұйымдастырылуы мен қызметтерінің қағидаларын, тәуелсіздігін, судьяларға қойылатын талаптарды анықтайтын жалпы нормалардын тұрады; жоғары заң күшіне ие және бүкіл Қазақстан Республикасының аумағында әрекет етеді.
2. ҚР конституциялық заңдары. ҚР конституциялық заңы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» 25.12.2000 ж. Аталмыш заң сот өндірісінің жекелеген қағидаларын, сот жүйесін ұйымдастыруды нақтылайды, әр деңгейдегі соттардың өкілеттігін, құқықтық мәртебесін, тағайындау тәртібін анықтайды.
ҚР Президентінің конституциялық заң күші бар Жарлығы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 29.12.1995 ж. Жарлық Конституциялық Кеңестің мәртебесін, құзыретін анықтайды. Конституциялық Кеңес соттардың нормативтік құқықтық актілерді конституцияға қайшы келеді деп тану туралы өтініштерін қарайды.
3. Қарапайым заңдар. - Азаматтық іс жүргізу кодексі. 13.07.1999 ж. АІЖК азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүргізу тәртібін толығымен реттейді және азаматтық іс жүұргізу құқығының негізгі қайнар көзі болып табылады.
- Қазақстан Республикасының салық кодексі. 12.06.2001 ж. 90-тарауында сотқа қойылған талап арыз, арыз, шағымдар үшін төленетін баж салығының мөлшері, оны төлеу, есептеу және қайтару тәртібі, жеңілдіктер берілген тұлғалардың тізімдері бекітілген.
- ҚР «Прокуратура» туралы заңы. 21.12.1995 ж. Прокуратура органдарының мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғап сотқа жолдану негіздері мен формалары, заңдылықты қадағалау бойынша құзыреті анықталады.
- ҚР «Адвокаттық қызмет туралы» заңы 5.12.1997 ж. Заң адвокаттардың азаматтық істер бойынша өкіл ретінде қатысу негіздерін, білікті заң көмегін көрсету бойынша қызметін бекітеді.
- ҚР «Атқару өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңы 30.06.1998 ж. Заң сот актілерін мәжбүрлеп орындау тәртібін және орындау өндірісіне қатысушылардың құқықтық жағдайларын реттейді.
- ҚР «Сот приставтаы туралы» заңы 7.04.1997 ж. Заң сот приставтарының соттарға процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыруы үшін көмек көрсетуі мен сот ғимаратын, судьяларды және процесске қатысушыларды қорғауды қамтамасыз етуін, сондай-ақ сот орындаушыларына орындау әрекеттерін жүзеге асыру барысында көмек көрсету қызметін анықтайды.
4. Заңға бағынышты нормативтік құқықтық актілер.
- ҚР Президентінің , ҚР Үкіметінің нормативтік құқықтық актілері. Мысалы, ҚР Үкіметінің 26.08.1999 жылғы №1247 қаулысы «Адвокаттармен көрсетілетін заңды көмекке ақы төлеу және республикалық бюджеттің есебінен қорғау мен өкілдік етумен байланысты шығындарды өтеудің тәртібі туралы».
- ҚР Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары. Конституцияның нормаларына ресми түсінік беру туралы қаулылары.
- ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары. Нормативтік қаулы республикасынң барлық соттары үшін міндетті болып табылады және заңдардың нормаларын сот тәжірибесінде ұолдану мәселелері бойынша шығарылады. Ондағы соттық тәжірибеге түсініктер құқықтық норма болып табылады.
Азаматтық іс жүргізу құқығының қайнар көзіне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге міндеттемелері де кіреді. ҚР ратификацияланған халықаралық шарттар АІЖК-мен салыстырғанда басымдыққа ие. Мысалы, Азаматтық, отбасы және қылмастық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы Конвенция. Минск, 2004 ж. ; Сыртқы сауды арбитражы туралы Европа Конвенциясы. 1961 ж. ( 4.10.1995 ж. ҚР Президенті Жарлығымен қосылды); Шетел арбитраждық шешімдерін тану және орындау туралы Конвенция. 1958 ж. (4.10.1995 ж. ҚР Президенті Жарлығымен қосылды); Шет елде алиментті өндіріп алу туралы Конвенция (30.12.1999 ж. ҚР Заңымен қосылған).
ҚР нормативтік құқықтық актілерінің әрекет етуі ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларына, сондай-ақ ҚР аумағында жүрген шет ел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға да әрекет етеді.