Басқару туралы ғылым және өнер ретінде менеджмент табысты еңбек етіп отырған кез келген ұйым үшін аса маңызды. Білім беру саласы да бұдан шетте қала алмайды, себебі қазіргі нарықтық және бәсекелестік жағдайда басқару ісі жаңа ғылыми ережелер мен заңдылықтарға негізделуі тиіс. Ғылым мен білімнің қазіргі даму кезеңінде тұтас педагогикалық процесті басқару ісіне ғылыми негізделген сипат беруге деген ұмтылыс күшеюде. Шындығында, басқару тек техникалық және өндірістік процестерге ғана емес, сонымен қатар педагогика сияқты күрделі әлеуметтік жүйе үшін де қажет. Сондықтан басқару теориясында педагогикалық менеджмент ерекше орын алады.