17.Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары. 1925 жылы Москавада желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде индустрияландыру бағыты белгіленді. Сьезде елде капиталистік шаруашылықтан ерекше, елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, өзіндік машина, станок жасау, металлургия, химия, қорғаныс және басқа да ірі өнеркәсіптері бар жүйе құру қажет делінді. Шаруашылықтың барлық салаларын соның негізінде техникалық қайта жасақтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін бүкіл экономиканың негізі ретінде ең алдымен ауыр өнеркәсіпті дамыту, оның шаруашылықтағы жетекшілік рөлін бекіту арқылы шет елдермен экономикалық жарыста озып шығу мақсаты қойылды. Қазақстандағы индус¬трияландыру ісі патриархаттық-феодалдық қатынастарды, яғни дәстүрлі шаруашылық жүйесін біржолата жою, феодализмнен капитализмге соқпай социализмге жедел қарқынмен өту сияқты ұрандармен басталды. 1926 ж. 27—30 сәуірде сол кездегі республика астанасыҚызылордада өнеркәсіптің дамуы мәселесіне арналған арнайы өлкелік мәжіліс өткізілді. Онда Қазақстанның орасан зор табиғат байлығы атап өтіле отырып, зерттелмеген аймақтардағы қазба байлықтарын кең түрде барлау қажеттігі көрсетілді. Қазақ АКСР-нің ХШК (Халық шаруашылығы кеңесі) мен Мемлекеттік жоспарлау Комитетіне республиканы өнеркәсіптік аудандастыру мен өнеркәсіптің, ең алдымен түсті металлургияның дамуының перспективалық жоспарын жасау тапсырылды. Қазақстанды индустрияландыру мәселесі бойынша бірнеше бағыттағы көзқарастар арасында қызу пікірталас жүрді.Бірінші бағытты жақтаушылар — Қазақстан экономикасының орталыққа тәуелділігін, шикізат көзі ретінде дамуын жақтады. Олар мемлекеттік саясат негізінде, республиканың ерекшеліктерін ескере отырып, “партияның ауыл шаруашылығы шикізат базасы есебінде оның өнімдерін өңдеумен ғана шектелуін, ұсақ өнеркәсіпті дамыту жолын ұстануы бірден-бір дұрыс бағыт” деп мәлімдеді.Екінші бағыт бойынша— Қазақстанды тек шикізат базасы ретінде пайдалану дұрыс емес екендігі, мұндағы индустрияландыруды жоғарғы жақтағылардың талабы бойынша жүргізбей, жергілікті қажеттілікті ескере отырып, өнеркәсіптер салу негізінде іске асыру керектігі баса айтылды.Үшінші бағыттағылар— қазақ жерін индустрияландыруға қарсы болды. Олар көшпелі өмір — қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшелігі. Ал қарқынды түрде индустрияландыру оның ұлттық болмысын бүлдіреді, “түйеден социализмге” тікелей өту мүмкін емес деді.Келесі, төртінші бағыттыжақтаушылар шовинистік көзқараста болды. Олар қазақ халқының индустрияландырудың қарқынына ілесе алатынына күмән келтірді. Қазақтармен “өнеркәсіп-қаржы жоспарын орындай алмайсың”, “өндірісті қазақтандыру пайда бермейді”, “қазақтандыру өндірісті қымбаттатып жібереді”, “қазақ бәрібір жұмыс істемейді, ол қайтсе де далаға қашады” және т.б. деп санады. Ал алғашқы екі бағытты жақтаушылар арасында күрделі тартыс жүрді. Бірінші бағытты Голощекин мен оның төңірегіндегілер ұстанды. Олар Сталин мен орталықтағы кейбір үкімет мүшелерінен қолдау тапты. Екінші бағытты жақтаушылар ой-тұжырымдарының тереңдігімен ерекшеленді. Қазақстанда “Кіші Қазан” науқанын жүргізуге ұмтылған Голощекин мен оның төңірегіндегілер қазақ жерінде ірі өнеркәсіп орындарын салуды жақтамады.Индустрияландырудағы голощекиндік бағыттың біржақты отаршыл бағытын айқын көре білгендердің алдыңғы қатарында тағы Смағұл Сәдуақасов тұрды. 1928 жылдың 1 қазанынан шартты түрде басталатын бірінші бесжылдық жылдарында Қарсақбай, Риддер сияқты кәсіпорындар, Ембі мұнай өндірісі, Степняк алтын кені қайта қалпына келтірілді. Өңдеу өнеркәсібінің Семей тері, кірпіш, Петропавл ет комбинаты сияқты байырғы түрлері жөнделіп, қайта іске қосылды. Ал бес жылдың ішінде жаңадан салынғандары: Іле ағаш тілу, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын, Ақтөбе фосфор тыңайтқыштары, Орал мен Алматыда ет комбинаттары, Гурьевте (қазіргі Атырау) балық консервілеу комбинаты, Мерке, Жамбыл және Талдықорғанда қант зауыттары ғана болды. Кеңес үкіметінің басшылары да патша заманындағыдай Қазақстанға бай шикізат көзі ретінде қарады. Табиғат байлықтарының күрделі ошақтарын табу мақсатында бірінші бесжылдық жылдарында КСРО Ғылым академиясы кешенді ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Академик Н.С.Курнаков басшылық еткен Орталық Қазақстандағы геологтар мен геофизиктер тобы Қазақстан Республикасы “Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы” болып табылады деген тұжырым жасады. Ал Орал-Ембі аймағын зерттеген академик И.М.Губкин бастаған топ оның мұнайға аса бай екенін дәлелдеді. Кеңес үкіметі осы байлықтарды пайдалануға баса көңіл бөлді. Соның барысында соғыс басталғанға дейінгі кезеңде Қарағанды шахталары, Ембінің мұнай кәсіпшіліктері, Алтай мен Ащысай кәсіпорындары қайта жабдықталып, Зырянов, Риддер полиметалл, Балқаш пен Жезқазған кен-металлургия комбинаттары салынды. Қазақстандағы түсті металлургия өнеркәсіптің жетекші саласына айналдырылды. Бірақ олар негізінен руда күйінде қазып алынған түсті металдарды өңдеумен айналысты. Тазартылып, өңделіп дайындалған түсті металл өнімдері шикізаттар ретінде орталықтағы ірі өнеркәсіп орындарына жөнелтіліп отырды. Мысалы, Орталық Қазақстан Оңтүстік Оралдың ірі кәсіпорындарын рудамен, металмен, көмірмен жабдықтады.Индустрияландыру кезіндегі Қазақстандағы ең күрделі құрылыс — Түрксіб темір жолын салуды аяқтау болды. Бұл жолды салу 1927 жылы қолға алынып, оған екпінді құрылыс айдары тағылды. Орталық үкімет оған үлкен мән беріп отырды. 1929 ж. 3 мамырда КСРО ХКК Түрксіб құрылыс басқармасының есебін тыңдады. Кеңес үкіметі құрылыстың оңтүстік және солтүстік бөліктерін 1930 ж. аяқтап, 1932 ж. пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.Түрксіб құрылысының бастығы болып В.С.Шатов тағайындалды. РСФСР үкіметі жанынан Түрксіб құрылысына көмектесетін арнайы комитет құрылды. Оны РСФСР Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов басқарды. Құрылыс жұмыстарына бірнеше ұлт өкілдерінен құралған 100 мыңдай адам тартылды. Қысы-жазы, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан еңбек еткен олар, сөз жоқ, ерліктің үлгісін көрсетті. Түрксіб темір жолы жоспарда белгіленген бес жылдан екі жыл бұрын, яғни үш жылда салынып бітті. Түрксібтің оңтүстік және солтүстік бөліктері 1930 ж. 28 сәуірде Айнабұлақ станциясында түйісіп, жол уақытша пайдалануға берілді. Ал 1931 жылдың қаңтарынан бастап тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Жалпы ұзындығы 1445 километрге созылған бұл темір жолдың ел өміріндегі маңызы зор болды. Қазақстан сонымен Кеңес Одағының да шикізат дайындайтын шеткері аймақтарының бірі болып қала берді. Ал салынған өнеркәсіп орындары мен темір жолдар еліміз аумағынан шетке тасылатын шикізат көлемін көбейте түсті.