Аурудың қоздырғышы – энтеровирустар туыстығына жататын поливирус, 3 серотипі бар. Күн сәулесі және жоғары температураға төзімсіз, ал суықта ұзақ уақыт тіршілігін сақтайды. Дезинфекциялаушы ерітінділерден тек хлор мен формальдегид қана әсер етеді. Эпидемиология.Аурудың көзі - ауру бала және вирус тасымалдаушылар жұқпалы болып саналады. Ауру жаз, күз айларында жиірек кездеседі. Патогенез. Вирус организмге тыныс жолдары және ас қорыту ағзаларының шырышты қабаттары арқылы еніп, сол жерде өсіп-өніп көбейеді. Одан әрі қанға өтеді де, қан арқылы жұлынның сұр затына шоғырланып, оны зақымдайды. Соның салдарынан жұлыннан тарайтын нерв талшықтарының қызметі бұзылып, бұлшық еттерінің парез, параличтері басталады. Патологиялық өзгеріске сонымен бірге сопақша ми, орта және аралық ми да ұшырайды.