Басқа жіктелу бойынша клиникасы. Жасырын кезең 2-35 күн аралығы (көбінесе 10-12 күн) болып есептеледі. Аурудың дамуы 4 кезеңде өтеді. 1. Препаралитикалық кезең - 1-6 күнге созылады. Клиникалық белгілері жоғарғы тыныс жолдарының қабыну белгілерінен жедел басталады - дене қызуы көтеріледі, мазасыздық, ұйқысы нашарлайды. Кейде гастроэнтерит белгілерінен жедел басталуы мүмкін. Содан кейін барып, нерв жүйесі тарапынан өзгерістер қосылады: Керниг-Брудзинский симптомы, мойын етінің тартылуы, гиперестезия (тері арқылы сезінудің күшеюі), үш аяқты ошақ симптомы (симптом треножника). Жұлын-ми сұйықтығын тексергенде: плеоцитоз (нейтрофилдер саны 100-ге дейін 1мкл-де көбеюі) белок нормада, түсі мөлдір, қысымы жоғары екені анықталады. 2. Паралитикалық кезең- бірнеше күннен 1-2 аптаға созылады. Дене қызуы төмендейді, бірақ аты айтып тұрғандай бұлшық еттердің парез, параличтері басталады. Бұл өзгеріске барлық бұлшық еттер ұшырамауы мүмкін, дегенмен көбінесе аяқ бұлшық еттерінің парез, параличтері байқалады. Сезімталдық жоғалмайды, ұстап көргенде, қимылдатқан кезде ауырсынады. Бұлшық еттерде қимыл болмағандықтан, олар біртіндеп атрофияға ұшырайды, рефлекстері де төмендеп, жоғалады. Дем алысына қатысатын бұлшық еттер зақымданған жағдайда, тыныс тапшылығының белгілері пайда болады, баланың дауысы өзгереді, жүрек жұмысы нашарлайды. Осы кезеңде бала өткір тыныс тапшылығы мен жүрек жұмысының жетіспеушілігінен өліп кетуі мүмкін. Жұлын сұйықтығында: белок жоғарылайды 1,5-2%, нейтрофильдер азаяды 5-10 1 мкл-де. 3. Орнына келу кезеңі - жұмысы бұзылған бұлшық еттерде қимыл пайда бола бастайды, ауырғаны басылады, рефлекстері орнына келеді, дем алысы жақсарады, дауысы шығады, жұтыну т.б қимылдар орнына келеді. Орнына келу кезеңі бірінші 3-6 айға дейін жақсы қарқында өтеді де, одан кейінгі мерзімде баяу жүреді, барлығы 2-3 жылға созылады. Ал жұлындағы өзгерістер үлкен болса, көп жерді зақымдаса, балада өмір бойына мүгедектік қалып қояды. 4. Қалдық өзгерістер кезеңі - парез параличтер қайтпаса, бұлшық еттер атрофияға ұшырап, контрактуралар мен деформациялар баланы мүгедектікке әкеледі.