2. Мюнхен келісімі. Австрияны қосып алғаннан кейін Германия Чехословакияны жаулап алуға дайындалды. Оған сылтау есебінде гитлершілдер халықтың көпшілігі немістер болатын судет облысындағы жағдайды және ол жерде әрекет жасаушы судет-неміс партиясының атын жамылған гитлерлік агентураның көмегін пайдалануды ойластырды. Гитлер бұл облысты Чехословакиядан бөліп алып, Германияға қосуды талап етті.
Англия мен Франция Чехословакияға Германияның айтқанына көнуге кеңес берді. «Тыныштандыру» саясатының мәні осында болды. Оның түпкі мақсаты Германияны Шығысқа айдап салу еді. Чехословакияның тізе бүгуі ағылшын үкіметінің басшысы Чемберленнің, француз үкіметінің басшысы Даладьенің және фашистік диктаторлар Муссолини мен Гитлердің 1938 ж. 29 қыркүйектегі Мюнхенде өткен кеңесінде құжаттанды. Кеңесте чехословактардың өкілдері болған жоқ. Қабылданған келісім бойынша чехословакия онкүндік мерзім ішінде Судет облысын ондағы барлық иеліктерімен қоса Германияға беруге міндетті болды. Бұл Чехословакиядан оның территориясының бестен бірін, халқының төрттен бірін, соғыс және ауыр өнеркәсібінің негізгі бөлігі орналасқан бай облысын тартып алу еді. Германия Англия мен Францияға бұдан былай талас мәселелерінің барлығы келіссөздер жолымен шешіледі деп уәде берді. Бірақ бұл уәде орындалмады.
Достарыңызбен бөлісу: |