Екінші Балқан соғысы. Бірінші Балқан соғысы Балқандағы күштердің арақатынасының өзгеруіне әсер етті. Сербия күшейіп, Австрия мен Түркияның ықпалдары төмендеді.
Австро-Венгрия мен Германияның дипломатиясы славян мемлекеттері мен Греция Балқанды түрік езгісінен азат ету үшін құрған одақты бұзуға күш салды. Олар үшін басты мәселе – Болгария мен Сербияның одағын ыдырату еді. Бұл одақтың ыдырауына балқан елдерінің өзі, дәлірек айтқанда, олардың монархтарының шовинистік кеудем соқтығы себеп болды. Болгар патшасы Фердинанд «Ұлы Болгарияны» құруды армандады, сол себепті Македонияны бөлісер кезде қомағайлық көрсетті. «Ұлы Сербия» идеясын армандап жүрген Сербияның шовинистік билеуші топтары да осындай пиғыл білдірді. Грек монархистері де мұндай ойдан кет әрі емес еді. Көмек беруге уәде еткен Австро-Венгрияның айдап салуымен Болгария 1913 ж. 29 маусымында сербтер мен гректерге қарсы соғыс қимылдарын бастады. Сөйтіп, екінші Балқан соғысы басталды.
Кешегі одақтастарына шабуыл жасай отырып, Болгария Австро-Венгрия мен Германияның тарапынан уәде етілген көмекке сенген еді. Егер Болгария табысқа жеткен жағдайда Австро-Венгрия да соғысқа араласпақ еді. Бірақ Болгария тез жеңіліп қалды.
1913 ж. 10 тамызында Бухарестте бітімге қол қойылды. Сербия «Македониядағы талас территорияны» алып қана қоймай, Македонияның «болгарлық бөлігін» де алды. Греция Македониямен Салоникеге қоса, Батыс Фракияның бір бөлігін алды. Фракияның бір бөлігі мен Андрианополь Түркияға қайтарылып берілді де, Румыния оңтүстік Добруджаны иеленді. Балқан картасы тағы да қайта сызылды.
Достарыңызбен бөлісу: |