М.Ганди және гандизм. Ганди ілімінің тамырлары Үндістанның ежелгі тарихына, бірегей үнді мәдениетінің терең қабаттарына кетеді. Гандизм саяси, моральдық-этикалық және философиялық тұжырымдарды біріктірді. Ганди Л.Н.Толстойдың зорламау ұстанымымен таныс болған. Гандидің әлеуметтік мұраты да терең ұлттық сипатта болды. Бұл «жұрттың барлығы үшін береке» қоғамын, индуизмнің қасиетті кітаптарында ғажайып суреттелген Құдай патшалығын жердің өзінде орнату туралы шаруалар қиялын жүзеге асыру болатын. Сонымен бірге ганди ілімінің осы тұста капиталистік өмір қалпына қарсылық, Еуропа өркениеті дамыған капиталистік жолдың прогрессивтік сипатын және оның Үндістан үшін қажеттілігін теріске шығару болды.
Гандизм шаруалар мен қала кедейлерінің қалың бұқарасының арасында кеңінен қолдау тапты, себебі онда әлеуметтік мұрат пен британ үстемдігіне қарсы күрес біздің төл ісіміз, бұл тәуелсіздік үшін күрес деген сеніммен ұштасты. Ганди мәдени-тарихи және діни дәстүрлерден шаруалар мен қолөнершілерге жақын да түсінікті ұрандар, бейнелерді пайдаланды. Сондықтан да дәстүрлі бейнелер арқылы жеткізілген елдің тәуелсіздігін және қоғамды қайта құру туралы талаптар ондаған миллион қарапайым адамдардың жүрегіне жол тапты. Гандидің жеке басы мен идеяларының қалың халық бұқарасына танымал болуының сыры осында.
Гандизмнің ұлт-азаттық қозғалысында қолданған тактикасында, яғни күш қолданбай қарсылық көрсету әдісінде (бойкот, бейбіт шерулер, ынтымақтастықтан бас тарту, т.б.) үндінің ертеден келе жатқан дәстүрі мен шаруалардың психологиясын түсіну ізі жатты. Бұл әдісте төзімділік пен қарсылық, консерватизм мен стихиялы революцияшылдық ерекше үйлесім тапты. Бұл үнді шаруасының ғасырлар бойына қалыптастырылған фаталистік, діни көзқарасына тән еді.
Күш қолданбай ынтымақтастықтан бас тарту науқанын ганди 1919-1922 жж. ұйымдастырды. Науқан Роулеттің жазалаушы заңына қарсылық ретінде 1919 жылы 6 сәуірде басталды. Ганди харталға (дүкендерді жауып, барлық белсенді әрекеттерді тоқтатуға) шақырды. Отаршылар күш қолданды. 13 сәуірде пенджаб провинциясының Амритсар қаласында ағылшын отаршылары бейбіт митингіге қатысушыларға оқ атты. 1 мыңнан аса кісі өліп, 2 мыңдайы жарақат алды. Бұл қанды қырғын бүкіл елде жаппай ашу-ыза туғазды. Ганди жедел түрде Пенджабқа аттанып, наразылықтың стихиялық бүлікке айналып кетпеуінің алдын алды.
1919 ж. күзінде дәл осы Амритсарда Үнді ұлттық конгресінің съезі болып, Монтегю заңы бюойынша алда өткізілмекші асйлауға бойкот жасау туралы шешім қабілдады. Бойкот сайлауды мүлдем болдырмай тастады.
1919 ж. қозғалыстардың тәжірибесі Гандиді тәуелсіздік үшін күресті біртіндеп өрістетудің қажеттігі туралы ойға алып келді. Бұл тәжірибе негізінде Ганди күш қолданбай қарсыласу тактикасын тұжырымдады, оған сәйкес қозғалысты біртіндеп, екі кезеңде дамыту қарастырылды. Күресті күш қолданбау шеңберінен шығармау, сонымен бірге оның өрістеуін қамтамасыз ету үшін бірінші кезеңде отаршылдық режимге бойкот жасау: құрметті атақтар мен лауазымдардан бас тарту, ресми қабылдауларға бойкот жариялау, ағылшын мектептері мен колледждеріне, ағылшын соттарына, сайлауларға, шетел тауарларына бойкот жасау; екінші кезеңде – мемлекеттік салықтарды төлеуден бас тарту қарастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |