Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 ж. Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім (Шанхай қаласы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылды. Ұйымның негізгі мақсаттары – 2002 ж. 7 шілдеде қабылданған ШЫҰ Хартиясына сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау. ШЫҰ мүше мемлекеттері – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан болып табылады. ШЫҰ-ның қазіргі кездегі негізгі мақсаттары – өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту.ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет басшыларының кеңесі - ШЫҰ жоғары органы болып табылады. Кеңес басымдылықтарды белгілеп, Ұйым қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды, оның ішкі құрылымы мен жұмыс істеуінің негізгі мәселелерін шешеді, басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын реттейді, сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерді қарастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |