38.Қазақстан және Халықаралық қоғамдастық (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ).
. Жаңа онжылдықтың басында еліміздің әлемдегі қауіпсіздік жөніндегі ең ірі халықаралық ұйымдардың бірі-Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету тізгінін өз қолына алуы, тек қана қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл посткеңестік мемлекеттер үшін де тарихи маңызды оқиға болды. Құрамында Еуропа, Кавказ, Орталық Азия, Солтүстік Американың 56 мемлекеті бар осындай саяси беделді ұйымға Қазақстан Республикасы 1992 жылдың басында-ақ мүше болып, Хелсинкидегі Соңғы Актіне қол қойғаны белгілі. Тәуелсіздік алғанан бергі он тоғыз жылдың ішінде халықаралық қоғамдастықта қазақ халқы қашан да болсын бейбітшілікті жақтаушы, қолдаушы ел ретінде танылғаны белгілі. Оған бір-ақ қана мысал келтіруге болады. 2003 жылдан бері қазақ жерінде үш мәрте әлемдік және дәстүрлі дін басшылары бас қосқан болатын. Елбасы бастамасымен 2003, 2006, 2009 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өткізілді. Жалпы, Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаев еліміздің алыс-жақын шет елдерімен қарым-қатынас орнатуда үнемі көптарапты бағыттарды ұстанатынын атап өту қажет. «Географиялық жағынан алғанда біздің еліміз аса ықпалды үш геосаяси орталықтардың: Ресейдің, Қытайдың және мұсылман әлемінің ортасында тұр. Оған қоса Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан географиялық жағынан неғұрлым шалғай жатқан орталықтардың да ықпалын сезініп отыр. Мұның өзі көп жағдайда еліміздің сыртқы саясатының мазмұнын айқындап келді және келешекте де айқындай беретін болады. Қазақстанның бас халықаралық ұйымға мүшелікке кіруге деген ұмтылысын 1991 ж. БҰҰ-на Республиканың осы ұйымға кіруін дайындау, БҰҰ саяси, экономикалық, экологиялық, гуманитарлық-құқықтық және т. б. қызметтерінде елдің мүддесін жүзеге асыру жүктелген арнайы өкілін жолдауынан аңғаруға болады. 1991 ж. 31 желтоқсанда Қазақстанның өкілі А.Х. Арыстанбекова БҰҰ Бас хатшысына Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы туралы өтінішін жеткізді. 1992 ж. 2 наурызында «Қазақстан Республикасын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдау» резолюциясында Бас Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесінің 1992 ж. 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы ұсынысын және еліміздің өтінішін қарастырып, Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы шешім шығарады. Осылайша еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі халықаралық тұрғыдан танылды. Әлемнің картасында Ұйымның 168-ші мүшесі болып кірген жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі халқымыздың ғасырлар бойғы тәуелсіздік пен еркіндікке ұмтылуының жүзеге асырылуы және әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесінің мойындалғанын дәлелдей түсті. Республика халықаралық қатынастардағы лайықты серіктес ретінде әлемдік қауымдастыққа етене араласуға мүмкіндік алды.