Байланысты: 1курс сессия. «?аза?стан тарихы» п?нінен мемлекеттік емтихан жау
36. Бұрындық хан тұсындағы Қазақ хандығының Сырдария бойындағы қалалар мен өңірлер үшін күресі және оның барысы, қорытындысы. Бұрындық хан — 1480-1511 жж. аралығында Қазақ хандығында билік құрған Керей ханның үш ұлының бірі.
Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Орта ғасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.
Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге болады.
Оның Қазақ хандығы құрылуының екінші кезеңдегі атқарған рөлі, бұл шамамен 1469-1472 жылдарда болған;
1472-1473 жылдардан XV ғасырдың 90 жылдарының ортасына дейін, қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күрестегі атқарған рөлі;
XV ғасырдың 90-жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі.
Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіне қатынасуы 1469-73 жылдардағы оқиғалардан көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынандай оқиғалар болған еді: 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болды.
Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрды. Жәнібек ханның қашан қайтыс болып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны белгісіз. Ол туралы ешбір дерек жазбаған.
Сыр бойы деп отырғанымыз — Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғғ. жазба деректер өңірді Түркістан аймағы деп атайды. Аймақ — ХІ ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бөлігі және онымен бірге біртұтас шаруашылық, мәдени, этникалық, діни, тілдік кеңістікті құраған. Тек кей тарихи кезеңдерде Сыр өңірі саяси жағынан Мәуереннахрға уақытша қарады. Дешті Қыпшақ пен Мәуереннахр билеушілері арасындағы XI-XV ғ.ғ. қарым-қатынастың негізгі нысаны Түркістан аймағы болып саналады. Дәлелді болуы үшін ХІ-ХІІ ғасырлардағы қыпшақ хандығы мен Хорезм мемлекеті, ХІІІ ғасырдағы Орда Ежен ұлысы мен Шағатай ұлысы, Орыс хан мен Әмір Темір, Тоқтамыс хан мен Әмір Темір, Барақ хан мен Ұлықбек, Әбілқайыр хан мен Әмір Темір ұрпақтары арасындағы саяси қатынастарды айтсақ та жетіп жатыр. Саяси қатынастар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Аймақ үшін күрестің басталуы Бұрындық ханның билігі тұсына сай келеді. Оның қазақ тарихында алатын рөлі де осы Сыр бойы үшін күресте көрінеді.
Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің себебін айттық, ал басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхамед Шайбани ханның Мәуереннахрдың қол астындағы Түркістан аймағына келіп бекінуі болды. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мәуереннахр билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтан оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шайбанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.