Интерактивті қарым-қатынас – адамдардың өзара бірі-бірімен тығыз әрекеттестік байланыста болуы. Адам өзінің қабілеттерін тек өзін еркін сезінетін ортада ғана жақсы көрсете алады. Сондықтан педагогикалық үрдісте толыққанды қарым-қатынас орнату үшін ынтымақтастық (коллаборативті) ортаның атқаратын рөлі өте жоғары.
Тұлғаның дамуына қатысты ұжымның атқаратын екі қызметі анықталған.
1) Ұжымның өзі тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеу үрдісін ұйымдастыруға жалпы жағдайлар туғызады (ұжым тұлға бойында жағымды әлеуметтік іс-әрекеттерге деген оң көзқарастарын, ұжымдық іс-әрекетке қатысуға деген қызығушылықтарын, қоғамдық борыш, белсенділік т.б. қасиеттерді дамытады).
2) Ұжым осы үрдісті тікелей ұйымдастырады (тұлғаның санасын қалыптастырады, өзін-өзі жетілдіруге ынталандырады, өз талаптарының нәтижелерін жоспарлап бағалауда көмек көрсетеді).
Педагогика ғылымында жеке тұлғаны ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеудің жүйелі теориясы құрастырылып, оның даму заңдары тереңінен теория және практика тұрғысынан зерттелген. (А.С.Макаренко).
Интерактивті қарым-қатынастың екі түрі болады:
Кооперация – топ ішіндегі адамдар бір-біріне көмектесе отырып ортақ мақсатқа жетуді көздейді.
Конкуренция – топ ішіндегі адамдар бәсекелестік жағдайында бірі-бірінен озып шығуға тырысады. Бұл бәсекелестікке таласуды шиеленіске бармайтындай қылып ұйымдастыру мұғалімнің құзырында.
Перцептивтік қарым-қатынас – кез келген қарым-қатынас барысында адамдардың ішкі жан дүниесін түсіне алу, көңіл-күйлерінің қандай деңгейде екенін сезіне білу.
Перцептивтік қарым-қатынас - басқа адамның ішкі жан дүниесін сезіне алу (perceptio - қабылдау, сезіну, психикалық түйсіну қызметі).
Перцепция – сезім органдары арқылы алынған ақпараттарды өңдеу мен танудың, түйсінудің психикалық қызметі.
Адамның өзін басқаның орнына қоя алып оны сөзсіз түсіне алуы, сезінуі эмпатия деп аталады.
Жеткіншек шақтағы оқушылармен педагогикалық қарым-қатынас ерекшеліктері:
Жеткіншектердің ерекшеліктерін олардың дамуындағы физиологиялық және психологиялық өзгерістермен, сонымен қатар әлеуметтену мәселелерінің күрделенуімен байланыста қарастыру қажет;
Жеткіншек шақ - адам өміріндегі өтпелі кезең, себебі балалық шақтан ересек шаққа өту барысында баланың санасында, мінез-құлқында, қарым-қатынастық жүйесінде күрделі өзгерістер пайда болады;
Жеткіншектер өздерінің жеке тұлғасының ерекшеленуіне, әлеуметтік ортада өзіндік мәртебе мәселесіне көбірек көңіл аударады;
Жеткіншек шақта оқушыларды «Мен қандаймын?» деген сұрақ көбірек мазалайды, өздерінің жан дүниесін іштей зерттеп-тануға талпынады. Осы шақта оқушылардың «Мен» жүйесінің негізі қалыптаса бастайды;