Бақылау Бұл — педагогикалық мәселелерді зерттеуде жиі қолданылатын әдістердің бірі. Бақылау деп әдеттегі жағдайда педагогикалық құбылыстарды қабылдау арқылы тануды айтады. Ғылыми бақылау арнайы жоспар бойынша жүргізіледі. Жоспарда баңылаудың мақсаты мен міндеттері, объектісі (сабақ, экскуреия, зертханадағы, шеберханадағы, оқу-тәжірибе учаскесіндегі оқушылардың жұмыстары), жүргізілу әдістері мен техникасы дұрыс көрсетілуі тиіс. Ғылыми негізде шеберлікпен жасалған жоспар зерттеу жұмысының нәтижелі болуына игі әсер етеді. Ғылыми бақылау зерттелетін педагогикалық құбылысты дұрыс және шын дәлдікпен жазып алуды талап етеді. Сондықтан бақылаудың нәтижесі зерттеушінің педагогикалық іскерлігіне, қабілетіне және оның жоғары дәрежелі сауаттылығына байланысты. Педагогикалық бақылау — бұл белгілі бір құбылысты ұзақ және жоспарлы түрде зерттеудің танымдық әдісі. Зерттелетін тақырыптың мақсаты мен мазмұнына қарап, бақылауды жаппай және ішінара жүргізуге болады.
Бақылаудыңтүрлері:
жаппай, ішінара, ашық, жасырын, тікелей, жанама, ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді.
1)Жаппай бақылау - оқу-тәрбие процесіндегі жалпы мәселелерді зерттеу. Жаппай бақылауда барлық оқушылардың іс-әрекетін бақылайды. Мысалы: сабақ үстіндегі оқушылардың танымдық әрекетін, оқушылардың зейінін бақылау, т.б.
2)Ішінара бақылау - жеке мәселелерді зерттеу. Жеке бақылауда оқушылар ұжымынан бір баланы таңдап, оның қызметін бақылауға болады.
3)Ашық бақылау - оқушылар өздерінің зерттеліп отырғанын біледі.
4)Жасырын бақылау - оқушылар өздерінің зерттеліп отырғанын білмейді. Жасырын бақылауда зерттеуші жасырын видеокамера немесе магнитофон қолданады.
5)Тікелей бақылау - зерттеуші бақылауды өзі жүргізеді.
6)Жанама бақылау - зерттеуші бақылауды басқа адамның көмегімен жүргізіп, артынан одан барлық мәліметтерді алады.
7)Ұзақ мерзімді бақылау - оқушыны бір тоқсан. жарты жыл не бір оқу жылы бойы бақылайды.
8)Қысқа мерзімді бақылау- оқушыны бір сабақта, үзілісте не бір күн бойы бақылайды.