2. Пән туралы деректер


Ботаникалық жалпы ерекшеліктері



бет3/8
Дата22.06.2017
өлшемі9,69 Mb.
#19751
1   2   3   4   5   6   7   8

Ботаникалық жалпы ерекшеліктері. Астық (дәнді) дақылдарының қара құмықтан басқасы қонырбастар (Роdсеdе) тұқымдастарына жатады (ескі аты дәнді астық— Graminеdе). Сондықтан олардың сыртқы құрылысында көптеген ұқсастық кездеседі.

Астық дақылдарының тамырлары — көптеген тамыр шашақтарының, тамыршалардың, түйін тәріздес тараған жанама тамырлардың жиынтығы болып, шашақты тамыр түрлеріне жатады.

Астық дақылдарының сабағы — түтікше тәрізді немесе өзектенген, сабақты буынаралықтан (жүгері, құмай) ұзына бойына 5 - 6, кейде одан да көп (23-25) буындарға бөлінген.

Астықты дақылдардың жапырағы — жапырақ қынабынан және жапырақ алақанынан немесе тақтасынан құралады.

Астық дақылдарының гүл шоғыры екі түрлі болады:

1) масақты - бидай, қара бидай және арпа,

2) шашақ басты - сұлы, тары, күріш және сорго.

Гүлшелер төменгі, сыртқы және жоғарғы, ішкі гүл қабыршақтарынан, олардың аралығында орналасқан екі қауырсынды аналық және үш аталық (күріште алты) орналасқан гүл табанынан құралады.

Астық тұқымдастарының жемісі, тұқым қабығы жемісімен бірігіп кеткен, құрғақ, тақ дән. Қауызды астық тұқымдастарында (күріш, сұлы, сорго және арпаның кейбір түрлерінде) жемістері тұқым қабығының сыртынан гүл қауызына оранады, сондықтан оларды қауызды дақылдар деп атайды.

Ұрық - дән өне бастаған кезде күрделі қосылыстардан ферменттер арқылы қоректік заттар алуды қамтамасыз ететін ұрық қалқаншасынан, алғашқы тамырша, сабақша және жапырақшаға оралған өсу бүршігінен тұрады.



Дәннің химиялық құрамы. Астық дақылдары дәндерінің құрамына су, органикалық және күл құрамындағы элементтер кіреді. Бірақ төменгі

-таблицада көрсетілген дәндердің химиялық құрамы өсімдік өскен орта жағдайына, топырақтың өңделуіне және осы дақылдардың сортына байланысты өзгеріп отырады.

Дәнде негізгі органикалық және күл құрамындағы элементтерден басқа ферменттер мен витаминдер кездеседі. Дәннің негізгі салмағы көмір сутектерінен және азотты қосылыстардан (белоктардан) құралады.

Азотты заттар. Дәннің тамақтық және мал азықтық қасиеттерінің бірі — онда азотты заттардың — белоктардың болуы. Белок адам мен жануарлар тканьдары құрамының негізі болып саналады, ол өзінін калория бөлуі жағынан крахмал, көмір сутекті қосылыстардан артық, тек майдан ғана кем түседі. Белок химиялық құрылысына байланысты жай (протеин) және күрделі (протеинді) болып бөлінеді.

Суда ерімейтін, құрамында аздаған крахмал, май және күлі және т. б. заттары бар белоктарды — клейковина деп атайды. Нанның дәмі, көлемі, байламдылығы, созылғыштығы клейковинаның саны мен сапасына тікелей байланысты.

Жақсы клейковина созылғыш, үзілмейтін қамыр береді. Сондықтан бидай клейковинасы, басқа астық дақылдарындағы байламы аз, нан пісіруге сапасы төмен клейковиналардан артық бағаланады.

Сонымен қатар белоктардың сапасы, құрамында кездесетін амин қышқылдарына да тікелей байланысты. Теңдесі жоқ, адам организмінде синтезделмейтін — валин, лизин, триптофан және тағы басқа да амин қышқылдарының белоктар құрамында болуы, олардың тамақтық, мал азықтық бағасын жоғарылата түседі.

Топырақ құнарлылығына, ауа ылғалдылығына және тағы басқа факторларға байланысты дән құрамындағы белоктар солтүстіктен онтүстікке, батыстан шығысқа қарай ұлғайып отырады.

Азотсыз сығынды заттар — дәннің органикалық құрамының негізі болып саналады. Оларға көмір сутектері қосылыстарының 90% жуығы болатын крахмалдар жатады. Дәндегі сығынды заттардың негізің көмір сутекті қосылыстардың бастысы — қанттар құрайды.

Май — негізінен дәнде және оның алейрон қабатында кездеседі. Майлы дәндерге жүгері, тары, күріш, сұлы жатады.

Клетчатка — клеткалар қабырғаларының және дән қабыршағының негізі. Клетчатка қауызды дақылдарда көбірек болады.

Су — дән құрамында болатын басқа да маңызды заттардан кем емес. Жай дән құрамына кіріп қана қоймай, су оның тіршілігін сактайтын басты факторлардың бірі. Астық дақылдары дәніндегі су мөлшері орташа 14% болса, егінді жинау және тұқымды сақтау жағдайларына байланысты ол 11-15% шамасында ауытқып отырады.

Ферменттер — өнуге бағыт алған дәнді қоректік заттар қорымен тиімді мөлшерде қамтамасыз ететін органикалық қосылыстар. Мысалы амилаза крахмалды қанттарға, липаза - майларды глицерин және май қышқылдарына, басқа ферменттер белоктарды - амин қышқылдарына, одан да әрі дән пайда-лануға жарамды жай қосылыстарға ыдыратады.

Витаминдер — адам мен малдың тіршілік әрекетіне өте қажет, химиялық құрамы күрделі органикалық заттар. Астық дакылдары дәнінің құрамында негізінен А, В1, В2, С, Д, РР, Е және басқа да витаминдер кездеседі.

Тамақтағы витаминдердің жетіспеуі немесе жоқ болуы зат алмасуын бұзады және авитаминоз ауруына ұшыратады.


Астықты дақылдарды бірінші және екінші топқа ажырату белгілері

Астық дақылдары сыртқы белгілері, биологиялық ерекшеліктері және шаруашылыққа пайдалануына байланысты екі топқа бөлінеді.

Географиялық ендіктерде өсуіне байланысты өсімдіктер түсетін күн сәулесінің белгілі бір ұзақтығына бейімделген. Күннің түсетін жарығының ұзақтығына байланысты астық дақылдары екі топқа бөлінеді: 1) ұзақ күннің өсімдіктері, күннің қысқаруына байланысты нашар гүлдеп, кей жағдайда гүлдемейді (бидай, қара бидай, арпа, сұлы) және 2) қысқа күннің өсімдіктері күннің қысқаруына байланысты ерте гүлдейді, немесе ерекше мол гүлдейді (тары, жүгері, күріш, сорго). Бірақ та астық дақылдарының бұлайша бөлінуі шартты нәрсе.

Астық дақылдары егілу мерзіміне, өнім беруіне байланысты күздік, жаздық болып және екі сатылы биологиялық түрлерге ажыратылады.

Күздік дақылдарды күзде ексе, өнімін келесі жылдың жазында алады. Олар көктемде себілгенде, көп жағдайда шоқтанады да, сабақ және масақ бермейді. Ал, сабақ және масақ пайда болу үшін, күздің әлсіз жарығында, 0-10°С температура 30-60 күндей сақталуы шарт.

Жаздық дақылдарды көктемде сеуіп, осы жылдың күзінде орады.


Астық дақылдарының өсуі мен даму кезеңдері
Дәннің ісінуі және өнуі. Дәннің өнуі үшін, оның бойына белгілі мөлшерде су сіңіп, ісінуі қажет. Суды сіңіріп, ісінуіне байланысты тұқым бойында биохимиялық және физиологиялық процестер жүреді.

Ферменттердің (амилаза, диастаза және тағы басқалардың) әсерінен күрделі химиялық қосылыстар — крахмал, белок, май және басқалар дәннің қажетіне жарайтын ерімелі жағдайда болады. Ал, тіршілік қабілеті бар дән тыныштық кезеңінен, жігерлі тіршілік әрекетіне көшіп, ылғал, ауа және белгілі жылу жағдайы болған кезде өне бастайды.

Осы кезде ылғалдың жетіспеуі, температураның төмен, топырақтағы ауаның аз болуы тұқымның өнуін және көктеуін бөгеп кідіртеді.

Түптену. Астық тұқымдас өсімдіктердің, жер асты буындарынан жаңа сабақтың көктеп шығуын түптену деп атайды. Алғашында сабақтың жер бетіне жақын орналасқан қолтықтық буындарынан жанама тамырлар, соңынан бас сабаққа ұқ-сас бүйірлік көктер пайда болады.

Сабақтың бүйірлік көктері жер асты буындарының қайсысынан болса да пайда болуы мүмкін, оның ішінде көп жағдайда мол түптену, әдетте жер бетінен 1-3 см тереңдікте жатқан, ең жоғарғы буында пайда болады. Ол буын, өзінің күшті дамуына байланысты - түптену түйіні деп аталады.

Түптену түйінінен бүйірлік көктердің және астық тұқымдастардың шашақты тамырларының негізін құрайтын, жанама тамырлардың көпшілігі пайда болады.

Қара бидайдың, арпаның және бидайдың алғашқы жер асты буыны, көктеп шыққаннан кейінгі 5-7 күндері, ал тары тәріздес астықтарда және сұлыда көктеп шығумен қатарлас пайда болады.

Түптену түйіні - өсімдіктердің басты, тіршілікке қажетті органдарының бірі. Оның даму дәрежесі тамырларының жуандығына, сабақтың шоқтануына, құрғақшылыққа, күздік дақылдардың суыққа төзімділігіне, т. б. белгілеріне тікелей әсер етеді.

Түптену түйінінің тіршілікке қабілеттілігі көп жағдайда себілген дәннің ірілігіне, тұқымның себілу және топырақтың жыртылу тереңдігіне, ылғалдылығына, механикалық құрамына (тығыз топырақтарда жер бетіне жақын орналасады), ауада көмір қышқыл газының болуына, жарықтың күштілігіне, топырақтың жылылығына, түрдің және сорттың ерекшеліктеріне тікелей байланысты (тары тәріздестерде түптену буыны жоғарыда көрсетілген жағдайлардың өзгеруіне қарамастан тығыз жатады).

Жапырақтың әлсіздігі немесе қысқа болуы түптену түйінінің тайызда жатуына, ал жапырақтың күшті немесе ұзын болуы түйіннің тереңге орналасуына байланысты.

Сабақтың масағы жетілмесе «тықыртпа масақ», ал масағы болмаған жағдайда «қосымша сабақ» деп атайды.



Түтік шығару. Түтік шығарудың бастамасы, басты сабақ буын аралықтарының ұзарып, топырақ бетінен 5 см биіктегенде, жапырақ сабағының ішінде түйіннің пайда болуымен анықталады.

Бас алу. Температураның 15°С да жоғары көтерілуі масақтың әр түрлі бөлшек-терінің ерекшеленуін тездете түседі.

Гүлдену және тозаңдану.

Гүлдену сипатына қарай астық тұкымдастарын өздігінен тозаңданатындар (бидай, арпа, сұлы, тары, күріш) және айқас тозаңданатындар (жүгері, қара бидай, сорго) деп бөлуге болады.



Дәннің толысуы және пісуі. Құрғақ, ашық ауа райында, ерте, қалың себілген және фосфорлы-калий тыңайтқыштары берілген егістіктерде дәннің толысуы, әсіресе пісуі тезірек жүреді. Дәннің толысуы мен пісу кезеңінде температура жоғары болуы, аңызақтың соғуы, топырақ ылғалының жетіспеуінен дән уақ, қатпарлы, толық болмайды, соған байланысты өнімнің мөлшері мен сапасы төмендейді. Керісінше ауа райының тым жаңбырлы және жылы болуынан дән бойындағы крахмал жеткіліксіз болады.

Күздік дақылдар

Дәнді дақылдардың биологиялық бұл тобына күзде себіліп, өнімін қыстап шыққаннан кейін беретін күздік бидай, күздік қара бидай, тритикале және күздік арпа жатады. Көктемде себілген жағдайда бұл дақылдар түптену фазасынан өткенмен, сабақтанбайды, себебі түптенуден толық өту үшін, күздің әлсіз жарығында 35-60 күннің шамасындай уақыт, температураның басында 10-12°С, соңында 0-3°С төмен болмауы қажет. Ал жаздық дақылдар көктемде себіліп, өнімін күзде береді. Бірақ оларға көктем күндерінің жоғарғы температурасы мен жарығы түптену және сабақтануына жеткілікті болады.

Күздік және жаздық дақылдармен қатар, екі аралық, күзде сепсең де (қыстың жылы болуына байланысты), көктемде сепсең де өнім беріп үлгеретін түрлер де кездеседі.

Қыстың қолайсыз өзгермелі жағдайларына төзімді болу үшін, дақылдар күзде шынығу кезеңдерінен өтуі тиіс.

Шынығудың бірінші кезеңі күздің ашық күндерінде, 10-12°С жылылықта, өсімдіктің әлі үсімеген, фотосинтез құбылысы жай жүретін кездерінде өтеді. Осы кезде өсімдіктің бойында суыққа төзімділігін арттыруға бағытталған, қорғаныш қанттар қосындысының көбеюіне жағдай туады.

Екінші шынығу кезеңі өсімдік клеткаларында бос сулардың азайып, жай қанттардың күрделенуіне, тканьдардың сусыздануына тікелей байланысты. Сондықтан бұл процесс күннін, жылуы – 2-5°С төмендеген кезінде, түнде де жүруі мумкін.

Күздік дақылдардың жақсылап шынығуы күздің ашық күндерінде, шамалы аязды түндерде жақсы жүреді, қолайлы жағдайда бірінші шынығу кезеңінің өтуіне 12-14 күн, екіншісіне – 21-24 күн қажет болады.
Бидай

Дәнді дақылдардың ішіндегі әлемге кең тараған және өте бағалы дақыл. Бидай наны жоғары дәмділігімен және жақсы қорытылатындығымен басқа дақылдардың көбінен жоғары тұрады. Бидай дәнінде орташа есеппен 13,5% немесе 11-ден 25% дейін белок, 63—74% клетчатка, 2% май болады.

Егер нан ретінде пісіруге белоктың көрсеткіші – 14-15% кем соқпауы керек болса, макарон жасауға – 17-18% кем болмауы шарт. Осы көрсетілген тағамдармен қатар бидай дәнінен спирт, крахмал және декстрин де алуға болады.

Аса бағалы бидайға, қатты және күшті бидай түрлері жатады.

Күшті бидай тек жұмсак, бидай түрінен алынады. Дәндеріндегі белок 14%, шикі клейковина 32%-тен кем болмауы шарт. Күшті бидайды нандық қасиеті төмен, әлсіз бидайға қосу арқылы, нанның дәмін, көлемін, көтерілгіштігін арттыруға болады. Қазір СССР-дің Краснодар өлкесінде, Еділ бойында, Қазақстан және Батыс Сібірде егілетін жұмсақ бидай өнімі күшті бидай қатарына жатады.

Бидайдың түрлері және түршелері. Бидай (Тгiticum) жер жүзінде аз да болса маңызын жоймағандарын қосқанда 22 түрден тұрады. Солардың ішінде әлемдегі және біздің еліміздегі өте маңызды түрлеріне жұмсақ немесе кәдімгі (Тгiticum destivum) бидай және қатты бидай (Тгіticum durum) жатады. Қалған түрлерінің тарау мөлшері шамалы және тек селекциялық қана маңызы болып отыр.

Қатты бидай - әлемде және елімізде (6 млн гектар) жұмсақ бидайдан кейінгі кең тараған түрі. Біздің елімізде оның тек жаздық түрлері егіледі, ал күздік түрі Азербайжан ССР-ы, Дағыстан АССР-ынын, кейбір аудандарында, Грузин ССР-ы мен Одесса облысының шығыс аудандарында аздаған көлемде егіледі. Масағы ірі, тығыз, мұрты ұзын және масақты сағалай орналасады. Айдары жетілмеген, дәні төменгі жағынан қусырылған және сабағының масакқа өтер жерінің іші бітеу болып келеді. Қатты бидайдан пісірілген нанның көтерілуі жұмсақ бидайдікінен кем болады. Сондықтан бұл ұнды макаронның және тағы басқа да тағамның жоғары сапалы түрлерін жасауға пайдаланады.

Бидай түтікшелері. Бидайдың кең тараған екі түрі де дәннің, масағының түсіне қарап, мұртты, мұртсыз болуына байланысты көптеген түршелерге бөлінеді. Солардың ішінде біздің елімізде жұмсак бидайдан тарағандары лютесценс, эритросперум түршелерінің күздік және жаздық сорттары. Ал, мильтурум, феригинеум, грекум түршелері аздап кездеседі.

Күздік бидай

Қазақстанның суармалы жерлерінде күздік бидайдың негізінен Безостая I, Мироновская 808 және Днепровская 521 сорттары себіледі.



Жаздық бидай

Жаздық бидайдың негізгі ерекшелігі - оның әлсіз түптенетіндігі, тамырларының, әсіресе негізгі тамырларының жай өсетіндігі. Сондықтан егістікті баптаудағы негізгі максат оның тамыр жүйесінің өсуіне қолайлы жағдай жасау болып саналады.

Жаздық жұмсақ бидай дәнінде орташа есеппен 12% белок (ең көп болғанда 25,8%), қатты бидайда-13,8% углевод және 1,7% шамасындай өсімдік майы болады. Оңтүстік-Шығыс, Сібір және Қазакстанда өсірілетін астық дәндеріндегі белок көрсеткіші 17-18% дейін көтеріліп, құрғақшылық жылдары 20-21%, кейде одан да жоғары болады.

Арпа

Арпа — мал азықтық құнарлы дақыл. Малдың барлық түрі де сүйсіне жейді. Оның дәнінде 7-15% белок, 65% азотсыз экстрактивті және 2% майлы қосылыстар бар. Елімізде жаздық арпа кең тараған, ол - басты, бағалы дақыл ретінде мал шаруашылығы үшін егіледі. Арпа дәні - сыра өнеркәсібінің негізгі шикізаты. Арпа дәнінің тамақ өнеркәсібінде маңызы зор, одан ұн, жарма, спирт алынады және дәрі шығаруда қолданылатын кейбір күрделі экстрактылар алуға, тоқыма және тәтті тағамдар өндірісінде пайдаланылады.

Жаздық арпаның (Ноrdeum Sativum) кептеген жабайы түрлері бар, олардың гүлдеуі гүл жарғағы жабық тұрғанда, масақ жапырақ қынабынан шықпас бұрын жүреді. Арпа өздігінен тозаңданатын өсімдік, күн ыстықта арпа ашылып, гүл-дейді, мұндай жағдайда арпаның айқас тозаңдануы да мүмкін.

Гүл шоғыры тік белдіктерден, иіндерде орналасқан масақшалардан тұратын күрделі сабақ.

Дән қауызы гүл қабығымен көбінесе тұтасып, кейде жаланаш жалпақтау, арқа жағы басыңқы болып келеді. 1000 дәнінің салмағы 30-50 г, қауыздылығы сортына және өскен ортасына байланысты 8-17% дейін жетеді.

Арпаның бір ерекшелігі — бидай мен сұлыға қарағанда түптенуі өте мықты болады, әр дәннен 2-3, кебіне 4 сабақ құрылады. Аса үлкен арпаның түрі Ногd Sativum тағы үш тармаққа: көп қатарлы арпа, екі қатарлы арпа және аралық арпаға бөлінеді.

Көп қатарлы арпаның әрбір масақ иінінде қалыпты түрде дамитын үш масақша, екі қатарлы арпада масақ иініндегі үш масақшаның тек ортаңғысы дамып дән береді де, бүйір масақшалары дән бермейді.

Аз тараған арпа тармағы - аралық арпада, масақтың бір иініндегі дән беретін масақшаларының саны үшке дейін болады.

ТМД-елдерінде көп және екі қатарлы арпа тармақтарының өндірістік маңызы бар кең таралған түрлеріне паллидум, нутанс, медикум және басқалары жатады.

Арпаның вегетациялык өсіп және даму мерзімі қысқа болып, тез пісуіне, ыстыққа шыдамдылығына байланысты, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарда сұлы мен жаздық бидайға қарағанда өнімді көп береді.

Кеш себілген арпа егістігі швед және гессен шыбындарынан көп зақымдануы мүмкін.

Елімізде жаздық арпаның 70-тен астам сорттары аудандастырылған. Солардың ішіндегі көп тарағандары — нутанс айырым түрінен Винер, Московский 121, Луч, Нутанс 244 және Дворан, медикум айырым түрінен Донецкий 4 сорттары.



Сұлы

Сұлы дақылы барлық малдың, оның ішінде жылқының сүйсініп жейтін жемі. Жемдік құнарлылығы да жоғары. Сұлымен қоректенген сиырдың сүттілігі мен тауықтың жұмыртқалағыштығы артады. Сұлы дәнінің жармасы, талқаны басқа да мал азықтық өнімдер жасауға пайдаланылады.

Сұлы дәнінде 10,2% белок, 5,4% майлы заттар болады, 100 кг сұлыда 99,7 азық өлшемі бар. Сонымен бірге оның құрамы аса қажетті кобальт, цинк, марганец сияқты микроэлементтерге, В1 В2 витаминдеріне, кальций және фосфор элементтеріне өте бай келеді. Сұлы ұны құрамында клейковинаның жоқтығы-нан нан пісіруге жарамайды.

Сұлының бірнеше ботаникалық түрлері бар. Бірақ біздің елімізде тек оның екі түрі ғана: кәдімгі екпе сұлы (Аvena sativa) және византио сұлысы (Аvenа Вyzantinа) егіледі.Кәдімгі екпе сұлы шашақ бастарының ыдыранқылығына қарап шашырап шығатын шашақ басты (V. diffusae) және бір жалды сұлы (V. orientalis) түрлеріне бөлінеді.

Арамшөп түрінде көп кездесетін қара сұлыны (Avena fatua) және құм сұлысын да (Аvеnа sfrigosа) айта кетуге болады.

Сұлының қауызды және жалаңаш дәнді болып бөлінетін түрлері кездеседі. Жалаңаш дәнді сұлы көбіне қауыздарға қарағанда өнімді аз береді, өсетін орта жағдайына зор талап қояды.

.

Жармалық тары тәріздес дақылдар

Нандық екінші топтағы тары тәріздес дақылдарға — тары, қонақтары (чумиза), сорго, жүгері және күріш жатады. Қуаңшылық қаратопырақты аймақтарда тары көп тараған болса, суда өсетін күріш біздің елімізде азырақ тараған. Ал сорго егісінің көлемі аз, өте қуаң құмды және сортаң топырақты жерлерде егіледі.

Тары тәріздес дақылдар өздерінің биологиялық және морфологиялық ерекшеліктерімен, кәдімгі астық дақылдарынан оңай айырылады. Бұл дақылдардың барлығы жарық және жылу сүйгіш қысқа мерзімдік өсімдіктер қатарына жатады да күріштен өзгелері қуаңшылыққа, топырақ, және ылғалдығының жетіспеушілігіне төзімді келеді.

Жармалық дақылдардың бидай мен арпаға қарағанда, топырақтың құнарлылығына талғамы аз. Ал жақсы күтім жасалса бұл дақылдар жоғары түсім бере алады.



Тары

Тары жармасы ерекше тағамдық қасиетімен және дәмділігімен құнды. Тары ұны нан пісіруге жарамсыз.

Тары жармасын алу кезінде бөлінетін қауызы, ұнтағы мал азығы ретінде пайдаланылады. Тары дәні тұтастай немесе ұнтақталған күйінде үй құстары мен шошқаға беріледі.

Шашақты тары (Раnісum miliacum)—бір жылдық өсімдік. Сабақ тармағының ұзындығына, жиілігіне қарап тары: өте шашыраңқы тармақты, шашыраңқы тармақты, жиі тармақты, жартылай ұйық тармақты және ұйық тармақты болып бес түр тармақтарына бөлінеді.

Тары дәні айдарсыз, бауыр ойықсыз, ұсақ, 1000 дәнінің салмағы 5-10 г. Гүл қауызы дән салмағының 15—25% жетеді.

Жиі тармақты, ұйық тармақты түрлерінің дәні ірілеу, гүл қауызы да аз, ақталған тарыны көп беретін, құрғақшылыққа төзімді, кеш пісіп және піскен кезде шашылмайтын қасиеттерімен ерекшеленеді.

Тамырының ерекше дамуы, түптенуі мен бас салу аралықтарында жүреді де, жақсы өткізгіштік қасиеті бар, топыраққа 150 см тереңдікте, жан-жағына 120 см ыдырап жатады. Жоғарғы топырақ қабаты құрғап қалған жағдайда негізгі тамыр жүйелері нашар дамиды, сондықтан қатты желдің әсеріне төтеп бере алмайды.

Ең көп тараған тары сорттарына Волжское 3, Саратовское 858 және т. б. жатады.

Ыстыққа шыдамдылығы жағынан тары бидайдан, арпадан және қара бидайдан асып түседі, 48 сағат бойы 38-40°С ыстықтың өзінде өнім беру қасиетін жоймайды.

Тәжірибе станцияларының зерттеулері бойынша тарының транспирациялық коэффициенті 126-360 арасында бидайға қарағанда көп төмен. Тары, әсіресе, оның жиі тармақты және ұйық тармақты түрлері аңызаққа, шөлге, төзімді келеді.

Топырақтың құнарлылығына талғампаз болғанмен, жеңіл құмды, ауыр сазды топырақтарда да өсе береді.

Сорго

Сорго тағамдық, техникалық және мал азықтық дақылдарға жатады. Соргоның дәнін шошқаны, мүйізді ірі қараны, жылқыны және құсты қоректендіруге пайдаланады. Жұғымды мал азығын әзірлеуте сорго дәні өте бағалы.

Көктей алынған немесе шөп ретіндегі сорго сауын сиырларының бағалы азығы. Сорго сүрлемі сапасы жөнінен жүгері сүрлеміне жақын. Шабылып алынған сорго танабында оның қайта өскен өскіні жайылым ретінде де пайдаланылады.

Сорго жапырақтары мен сабағы дымқылдылығын дәні толық піскенше сақтайды.

Дәнге егілген сорго әр гектарынан тұрақты 25-50 центнерге дейін өнім береді. Көктей шабылған сорго әр гектардан 120-300 ц дейін, суарылған жағдайда 800-1000 ц дейін мал азықтық өнім береді. Қантты сорттарынан алынатын қант мелшері 10-15%, сабағынан сорго сиропын жасайды. Сыпырғышты соргоны түрлі сыпырғыш тазалағыш және т. б. дайындауға пайдаланады. Дәннен жарма алынса, ықтырма дақыл ретінде себуге де сорго кеңінен қолданылады.

Кәдімгі – Sorghum Vulgare, гаолян —S. Cernum, джугара— S. cernum және судан шөбі — S. Sudanense Pers

Шашақбасының түріне қарай сорго шашақбасты, қысылған басты және кесек басты болып үш түр тармағына бөлінеді. Соңғы түр тармағының дәндері қысқа және калың шашақбасқа жиналған.

Күріш

Дүние жүзі халқының жартысынан астамы күріш жармасымен тамақтанады, сондықтан бидай сияқты күріш те тағамдық маңызы зор дақылдар қатарына жатады. Алдын ала масақ және гүл қауызынан аршылған күріш дәнінен, құрамында крахмал көп жарма алады. Онда 88% көміртегі, 6% белок, 0,5% май болады. Тамағының қорытылуы және дәмділігі жөнінен көптеген жармалар ішінде күріш жармасы бірінші орынға шығады, диеталық тағам ретінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар күріш дәнін ұнға және крахмалға айналдырады да, тоқыма өндірісінде кеңінен пайдаланады.

Күріш сабағы жай және қатты қағаздар шығаруға, үйде киетін аяқкиім, бас киім, тоқыма ыдыстар жасауға және мал азығы үшін де пайдаланылады.

Күріштің суда өсуіне байланысты баптау ісі басқа астықты дақылдарға қарағанда бөлектеу. Егістікті жер бетінің тегістігіне қарап, ұзындығы 500-1500 м және ені 150-300 метрлік танаптарға бөледі.

Танаптың негізгі бөгеттері биіктеу болып бірнеше жылға жасалады, көлденең бөгеттері аласалау, биіктігі 30-40 см, бұлар әр күз сайын жаңартылып отырылады. Жал аралығындағы жерді «атыздар» деп атайды. Су беті өте жақсы тегістелғен атыздардан суарылатын танаптарға беріледі.

Жүгері

Тағамдық, мал азықтық және өндірістік-техникалық дақыл ретінде жүгерінің халық шаруашылығындағы маңызы өте зор. Оны дән және сүрлем алу мақсатында өсіреді. Жүгері дәнінде 70% көміртегі, 5-6% май және 12 -13% шамасындай белок болады.

Құрамында бағалы қоректік заттардың көп болуына байланысты, ол ірі қараны, шошқаны, құстарды семіртуде теңдесі жоқ азықтың бірі, 100 кг жүгері сүрлемі құрамынан малға 21-36 азық өлшемі алынады.

Жүгері дәнінен ұн жарма (64%), крахмал, май және басқа да тағамдық және техникалық заттар алынады.

Жүгері сабағы — қағаз, целлюлоза, жылу ұстағыш материал, тақтай жасауға пайдаланылады, жасанды қарамай өндірістерінің шикізаты болып саналады. Собығының өзегін линолеум, желім, тығын, пластмасса және басқа зат орайтын материал жасауға пайдаланады. Отамалы дақыл ретінде, топырақты арамшөптерден жақсы тазалайды. Көптеген өсімдіктер үшін жақсы алғы дақыл.

Басқа дақылдарға қарағанда жүгері зиянкестер мен жазда болатын мұздақтан да зақымданады, аса пісіп кеткенде шашылмайды, жаздың екінші жартысында жауатын жауын-шашынды бойына тез сініреді.


Қарақұмық

Қарақұмық (гречиха) бағалы жарма беретін дақыл. Оның жармасы дәмділігімен, тез қорытылғыштығымен диет тамағына жатады. Жарма құрамында тез қорытылатын белок, көміртегі және май, минералдық тұздар— темір, фосфорлы кальций, сонымен қатар В1, В2 витаминдері бар. Қарақұмық жармасынын құрамында радио-активтік заттарды адам денесінен шығаратын әсері, ұмытшақтыққа қарсы қолданылатын Р (рутин) витаминінің болуы оның құндылығын арттыра түседі.

Қарақұмық ұн ретінде аз қолданылады, клейковинасының аздығына, нанының сапасыздығына қарамастан, кейде жұқа құйма нан мен печенье жасауға пайдаланылады.

Қауызы отын ретінде, мал астына төсеуге жұмсалады, мал азығы ретінде сирек пайдаланылады. Себебі қарақұмық сабағын көп жеген қойлардың жүні түсіп, шошқаның, ірі қара малдың қышыма болуына соқтыруы мүмкін.

Көктеуі мен пісу мерзімінің қысқалығына қарай қарақұмықты құрып кеткен күздіктердің немесе зақымданып сиреген жаздық дақылдардың орнына сабақты дақыл ретінде егіп пайдаланады.

Қарақұмықтың әр гектар егістігінен бал аралары 60-200 кг шамасы бал жинайды, дақылдың жақсы дамуына мүмкіндік жасайды, соның арқасында егін өнімділігі артады.


Бақылау сұрақтары:

1.Дәнді- дақылдардың ботаникалық жалпы ерекшеліктері неде?

2.Дәннің химиялық құрам ерекшеліктері?

3.Астықты дақылдарды бірінші және екінші топқа ажырату белгілерін атап көрсет?

4.Астық дақылдарының өсуі мен даму кезеңдерін атаңыз?

5.Бірінші топтағы астық дақылдар (бидай, арпа, сұлы) негізгі ерекшеліктері мен өсіру технологиясы?

6.Жармалық дақылдар (тары, сорго, күріш, жүгері,қарақұмық,) негізгі ерекшеліктері мен өсіру технологиясы?
Ұсынылған әдебиетер

Негізгі: 1. Ващенко И.М. Основа сельского хозяства- М. Просвещение 1987г

2. Ващенко И.М. Практикум по основым сельского хозяства М. 1982


  1. 3. Жанабаев С.А. Өсімдік өнімін өндіру технологиясы. Алматы 1996ж

  2. 4. Аяпов А.С. Жеміс жидек шаруашылығы Алматы 2001ж

5. Молдағүлов М.С. Ауыл шаруашылық негіздері практикумы А. Алматы 1976.
Қосымша;Агрохимия. Под.ред.Б.А.Ягодина.М;1982.

Растениеводство.Вавилов. П.П.М;Агропромиздат.1986.

Земледелие.Воробьев.С.А.М; Агропром издат 1985г

Овощеводство Матвеев В.П. М. Колос 1978

Почвеведение Кауричев П.С. Москва Колос 1982


Дәріс №7

Тақырыбы: Дәнді бұршақ дақылдары

Дәрістің мақсаты: Дәнді бұршақ дақылдары ерекшеліктерімен танысу

Негізгі қарастырылатын сұрақтар, олардың қысқаша мазмұны:

1.Дәнді бұршақ дақылдарының ботаникалық сипаттамалары.

2.Ас бұршақтың ботаникалық, биологиялық ерекшеліктері, өсіру технологиясы



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет