5-Сурет Астыңғы жақ күрек тіс. 1) ерін жақ беті.2) тіл жақ беті.3-4) жанасу беттері. 5) окклюзиялық беті. Сайт-vmede.org
Төменгі жақ күрек тістер: тіс қатарында көлемі жағынан жоғарғы күрек тістерден кішілеу. Сауыттары тік бағытта созылған, ерін жақ беттері аз ғана дөңес, таңдай беттері тік бағытта ойыс, жоғарғы тістердегідей бүйір біліктері болмағандықтан «тіс төмпешігі» жоқ. Бүйір күрек тістердің сауыттары орталық күрек тістердікіне қарағанда көлемдірек және мойын бөлігінен тістеу қырына қарай кеңейіп отырады. Түбірлері жіңішке, екі жағынан (алдыңғы және бүйір бағытта) қысылған, беттерінде сайлары бар. Түбірдің бүйір бетіндегі сайы тереңірек. Тістерде сауыт бұрышы белгілері нашар дамыған.
Жоғарғы және төменгі жақ күрек тістердің қуыстары ерін, тіл және екі бүйір қабырғалар арқылы құрылған, пішіні үшбұрышқа, төбесі саңлауға ұқсас. Жоғарғы орталық күрек тістер қуысының төбесінде үш дөңесі бар (тістеу қырындағы төмпешіктерге сай), онда ұлпа мүйізшелері орналасқан. Сауыт қуысының ең кең бөлігі тістердің мойын бөлігінде байқалады және ол біртіндеп тарылып барып түбір өзегіне ауысады. Жоғарғы орталық күрек тістердің өзектері өте кең, бүйір тістердікі тарлау, себебі екі жағынан қысылған, бірақ жақсы өтеді және кеңейтуге қолайлы. Кейбір жағдайларда өзектер түбір ұшында бір тесікпен бітпейтін қосымша тармақтарға бөлінуі мүмкін. Төменгі күрек тістердің өзектері тар (түбірлері екі жағынан қысыңқы болғандықтан) және төменгі бөлігінде екіге тармақтанып барып түбір ұшына жақын қайта бірігеді.