33с.Қазақ мәдениетінде үлкен орын алатын «Айқап» журналының басты тақырыптары. «Айқап» мемлекеттік Думаларға, Дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау құқығы берілуін, Думаға қазақтан да депутаттар сайлануын, онда халқымыздың көкейкесті мәселелерінің қаралып, шешімін табуын талап етті.
«Айқап» журналының редакторы болған М.Сералин журналдың 1912 жылғы үшінші санындағы «Юбилей туралы» атты мақалада Романов тұқымдарының патшалық құрғандарына 300 жыл толу мерекесіне қатысатын қазақ өкілдеріне мынадай тапсырмалар жүктейді:
1. Қазақстаннан Думаға депутат сайланатын болсын
2.Қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіру тоқтатылсын
3.Қазақ, орыс орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына берілсін
4. Мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыспен қатар қазаққа да учаске болсын
5. Қазақстандағы қазынадан сатылатын жерлерді орыспенқатар қазақтың да сатып алуына рұқсат етілсін
6. Дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұралсын [2.96].
Осындай мәселелерді көтере білген Мұхамеджан Сералин қиындықтарға қарамастан, 1915 жылға дейін журналдың шығуын қамтамасыз етеді. Патша отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. «Айқап» журналында Мұхамеджан Сералин алдымен қолға алған, көп жазған негізгі, маңызды мәселесі – жер мәселесі, отырықшы болу, егін кәсібімен айналасу, поселке, қала салу мәселелері болды. Бұл мәселелер жөнінде Мұхамеджан Сералин өзінің «Жер мәселесі», «Ескі жыр», «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген мақалалар жазып, оны журнал беттерінде жариялайды. Мұхамеджан Сералин тек журнал шығарып қана қоймай ел арасындағы ағарту мәселесіне де көңіл бөледі. Мұхамеджан Сералин өзінің туған ауылында кітапхана мен мектеп ашады.М.Сералиннің бастамасымен №5 ауылда Шұбар болысында 1917 жылы ауыл құрылып, суырыпсалма ақын Сералының құрметіне «Сералы ауылы» деп аталады. Бұл ауылда 30 үй болған. Егіншілікпен айналысып, қала типті тұрғын үйлер ғимараттарының құрылысы бой көтерген. Жетімдер мен кедей балаларына қамқорлық көрсеткен. Мектепте кешке ересектер арасындағы сауатсыздықты жою мақсатында курстар құрып, жастар күшімен көркемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына тегін спектакльдер қойылған. Пьеса авторы көбінесе Мұхамеджан Сералиннің өзі болған. 1915 жылы тамыз айында «Айқап» журналы тоқталғанда «Басқармадан» деген мақала жазып, Мұхамеджан Сералин журнал жұмысының барлық нәтижесін, атқарған жұмыстарын қорытқан. 1915 жылы «Айқап» журналы жабылған соң, Мұхамеджан Сералин Троицкіде біраз уақыт орыс тілінде шығып тұратын «Степь» газетінің редакциясында қызмет істейді. 1916 жылы өз ауылына көшіп, 1919 жылдың басына дейін сонда тұрады. Мұхамеджан Сералин 1919 жылдың басында Орынбор қаласына барып, алғаш рет кеңес өкіметінің қызметіне кіреді. Сонда губерниялық жер-су бөлімінде істейді. Сонымен бірге Орынбор қазақ өлкесін басқаратын соғыс-төңкеріс комитетінің қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан «Ұшқын» газеті редакциясының алқа мүшесі болып істейді. 1920 жылдың аяғында өз еліне қайтады.