Қиялды дамытуға арналған ойындар
1. «Менің көңіл-күйім қандай»
Балалар өз көңілдеріне сәйкес келетін суретті тауып атайды (көңілді – көңілсіз, қорқынышты, ренжулі, т.б.). Сол кездегі өздерінің көңіл-күйлерін баяндайды. Басқа суреттегі көңіл-күйге сәйкес болған жайды әңгімелеп береді.
2. «Жаңа ертегі»
Жүргізуші отырған балаларға ертегі кейіпкерлерін атайды, суреттерін көрсетеді. Мысалы: кемпір, шал, түлкі, арыстан, тышқан т.б. Аталған кейіпкерлерді біріктіре отырып жаңа ертегі мазмұнын құрастырып айтуды ұсынады. Балалар ертегі құрастырады. Ең қызықты ертегі ойлап тапқан бала жүргізуші болып ойын жалғасады.
3. «Теңіз жағасындағы түс»
Балалар теңіздің шуын тыңдап жатады (аудио жазба). Осылай жатып олар түс көреді. Балалар тұрған соң түсінде көргенін айтып береді. Ол су, теңіз жағасындағы адамдар, қайық, кеме, құстар, балықтар су асты тіршілігі болуы мүмкін.
4. «Сиқырлы дөңгелектер»
Баланың қиялын дамытуға арнайы бірнеше дөңгелектер беріледі, олардан балалар жануарлардың бейнесін жасау ұсынылады. Мысалы: құлақтары ұшбұрыш, көзін қиғаш сызықтармен, тұмсығы мен мұрттарын сызып мысықтың бейнесін салады. Аю, құлақтарын жартылай дөңгелек, көздерін екі дөңгелек, тұмсығы мен аузын салу арқылы аюдың басын салады, оның сыртқы бөлігінен ирек сызықтарды айналдыра жүргізу арқылы арыстанның басының суретін салып, бала өз қиялы бойынша суретті толықтырады.
5. «Қиял жалғасы»
Тәрбиеші ойланып, балалардың назарын тақтаға аударады да өзі бірнеше сызықтарды бормен сызып қояды. (Толқын, сынық сызық, ирек т.б.). менің қиялым бойынша осы сызықтардан алуан түрлі заттар жасауға болады. Қане, кім менің қиялымды жалғастырып өз ойларынан толық сурет салып береді екен деп өз алдарындағы парақ қағазға сызықты сызып суретке айналдырып, не салғаны жайында әңгімелеп беруді өтінеді. Балалар жұмысын бірге талдайды.
Қабылдау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар
1.«Гүл»
Балалар әр жерде отырады. Жүргізуші: Балалар біз бәріміз енді өсіп келе жатқан гүлдерміз. Күн шықты, гүлдер жайлап ашылып өсіп келеді (қолдарын созады). Кенеттен баяу жел соға бастады, гүлдер желмен жан-жаққа шайқалады (қолдарын жан-жаққа шайқайды). Бір мезгілде аспанға бұлт төніп, жаңбыр жауа бастайды, гүлдер тоңып, бүрісіп жабылады. (қоладарын тізелерінің үстіне қойып бүрісіп отырады). Бір уақытта қайтадан күннің көзі күлімдеп шыға бастады, сол уақытта гүлдер де құлпырып, жайнап ашыла бастайды. (балалар үлкен шеңбер жасап, бір үлкен гүл шоғына жиналады).
Достарыңызбен бөлісу: |