Сабақтың мақсаты: мүсіндеу іскерлік дағдыларын қалыптастыру. Саз балшықпен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін меңгерту. Күз мезгілінің ерекшеліктерін сезініп, көкөністер жайында түсініктерін жетілдіру. Мүсіндеу іскерлік дағдыларын дамыту.
Көрнекіліктер:саз балшық (ермексаз), көкөністер суреті немесе муляждары. Тақтайшалар, жасаған жұмыстарды қоятын ыдыстар немесе тұғырлар, сүрткіш.
Сабақтың барысы: тәрбиеші көкөністер жайында бірнеше жұмбақ жасырады:
Жер астында жез қазық
Жеуге болар ас қазық
(сәбіз) Жұмбақты шешкеннен кейін көкөністер суреттерін немесе муляждарды көрсетіп түр-түсіне, пішініне назар аударады. Бүгін көкөністерді жасаймыз. Бәріміз көкөнісші боламыз. Көкөністерді қай мезгілде отырғызып едік естеріңде бар ма? Көктемдегі қызу еңбектің жемісін күзде піскен кезде көреміз. Көкөністерді натура ретінде әр балаға береді.
Ұзынша пішінге келтіру тәсілі, домалақ пішіндерді жасау тәсілдеріне тоқталып, балалардың мүсіндеуге кірісулеріне бағыт береді. Жұмыс барысында жеке нұсқаулар жасалады. Жұмыс аяқтала бастаған кезде балалар назарын өзіне аударып өлең оқиды.
Көкөнісші Көкөністі көп ектік
Өссін, піссін деп ектік,
Көктемде еккен көкөніс
Күзде берді көп - өніс.
(Т.Өкеев) «Көкөнісшілердің піскен көкөністері қандай болады екен?», - деп жасаған жұмыстарды қарап талдау жасайды. Өздері білетін өлең тақпақтарын сұрайды. «Кім тез жинайды» қимылды ойынын көкөкністермен ойнауды ұйымдастырады.
Ұлттық тағамдар
Сабақтың мақсаты: ұлттық тағамдар жайында түсінік беру. Мүсіндердің әдіс-тәсілдерін меңгеру, қолдың, саусақтың қимыл-қозғалыс үйлесімділігін жетілдіру. Ұқыпты жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Көрнекіліктер: «Дастархан». А.Ғалымбаева шығармасы, саз балшық, тақтайшалар, бірнеше қуыршақтар, дайын жұмыстарды салатын ойыншық ыдыстар.
Сабақтың барысы: А.Ғалымбаеваның «Дастархан» шығармасын балаларға көрсетіп, кеңінен әңгімелеу. Ұлттық тағамдарды атау. «Бүгін бауырсақ пен шелпекті мүсіндеп көрейік». Бауырсақтың пішіні қандай болады? Домалақтау тәсілін балаларға көрсетеді. Бауырсақтың бірнешеуін жасаған соң шелпекті қалай жасауға болады? Домалақты қысып, жаншу арқылы жалпақтаймыз. Есу, домалақтау тәсілдерін көрсетуде балаларды батыл қимылдап нәтижеге жетулеріне ынталандырып отыру қажет. Жасалған жұмыстардың сапасын қарап ұлттық тағамдар жайындағы түсініктерін нақтылайды. Жасаған бауырсақ пен шелпектерін ыдыстарға салып, ойыншық қуыршақтарды тамақтандырады.