Балалар ойындарының мазмұнын байыту – оларға басшылық етудің негізгі міндеттерінің бірі. Жұмыс жоспарында ол түрліше бейнеледі. Мысалы, балалар ойындарының мазмұнын байыту міндеті олардың нақты тақырыбын көрсетпестен-ақ қойылуы мүмкін. Бұл міндет көбінесе сәби топтарында осылай тұжырымдалады. Мектепке дейінгі естияр және ересек балалардың топтарында педагог өз шәкірттерінің нені және қалай ойнайтынын білетін болғандықтан, нақты ойындардың мазмұнын байытуды белгілеп алады; мысалы: «Балалардың балалар кітапханасы ойынының мазмұнын байытуына көмектесу: кітапхана қызметкерлері балаларға тек кітап беріп қана қоймайды, олар қызықты шығармалар туралы айтып береді, тәртіпке, кітаптардың сақталуына қамқорлық жасайды, жаңа шыққан басылымдарды алып отырады».
Балалардың ойындағы өзара қарым-қатынасы мен мінез-құлқын тәрбиелеу міндетін бөліп көрсете отырып, тәрбиеші олардың белсенділігі мен ойын іскерлігін ескереді. Мысалы, «Мектеп» ойынын ойнаған кезде балалардың мұғалім рөлін кезекпен атқаруын қамтамасыз ету. Бұл рөлді орындауда Розаға ақыл кеңеспен көмектесу: «Ойынға Ерланмен бірге қатысу. Оның өзіне тек қана басты рөл алғысы келген ниетіне қарсы тұру. Қатардағы рөлдерді орындауға ынталандыру».
Тәрбиеші белгілі бір тақырыптағы ойынға өзінің қатысуын жоспарлап, егер ойын туа қалса, сол жоспарын жүзеге асыра алады. Балалардың ойынға ықыласын байыта отырып, педагог оқтын-оқтын ойын үшін жаңа тақырыптар жоспарлайды, бұл тұрғыда алуан түрлі тәсілдер пайдаланады (ойын жағдайын немесе оның элементтерін туғызу, жекелеген ойыншықтар енгізу, көрген ойынын айтып беру, ойнаушылардың суреттері бар иллюстрацияларды қарау арқылы). Жаңа тақырып енгізудің негізгі шарты: балалардың ойын тақырыбына байланысты құбылыстар туралы жеткілікті білімдерінің болуы.
Жаңа қимыл ойындарын үйрену көбінесе дене шынықтыру сабағында жүргізіледі. Алайда балаларды онымен серуенде жүргенде де, үй ішіндегі ойын сағаттарында да таныстыруға болады. Қимыл ойындарын жоспарлау сипаты да дидактикалық ойындарды жоспарлау сияқты.
Жоспарлауда балалар еңбегінің әр түрлі (өзіне-өзі қызмет көрсету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, балалардың табиғаттағы еңбегі, қол еңбегі) бойынша еңбектің көлемі мен мазмұнын, ұйымдастыру формаларын, басшылықтың негізгі тәсілдерін, жабдықтар мен құрал-саймандардың іріктелуін көрсету қажет.