3 1-тарау. МӘнерлеп оқУ



бет63/126
Дата29.11.2022
өлшемі5,95 Mb.
#160312
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   126
Байланысты:
Мәнерлеп оқу КІТАП

4.4. Дидактикалық принциптер

«Дидактикалық» деген термин гректің «дидактикос», яғни «үйрететін» деген сөзінен шыққан.


Орыс педагогикасының негізін қалаушы К.Д.Ушинский дидактикалық принциптерді жасап шықты. Балаларды оқытудың негізін құрайтын дидактикалық принциптер:
Дамыта отырып оқыту принципі. Оқыту алда тұрған міндеттерді ойдағыдай шешуі үшін ол адамды дамытатындай болуы тиіс. Дамыта отырып оқыту идеясын психолог Л.С.Выготский ұсынған болатын Оның мәні оқытудың бұрын қол жеткен деңгейін бағдар тұтпай, оқушының жаңа материалды игеруге күш салуы үшін әрқашанда ол деңгейден асып түсіп, аз да болса алда болуында. Осыған байланысты Л.С.Выготский ақыл-ой дамуының екі түрлі деңгейін анықтап берді: біріншісі – оқушының өз бетімен қандай тапсырмаларды орындай алатындығымен сипатталатын бар әзірлігінің деңгейі, екіншісі – «дамудың таяу аймағы» - бұл үлкендердің аздаған ғана көмегімен баланың ары қарай өзі алып кете алуы. Тәрбиеші дамыта отырып оқыту принципін басшылыққа алып, балаларға орындауға біраз күш жұмсауды, ақыл-ой белсенділігін талап ететін, қиындығы мол тапсырмалар береді.
Тәрбиелей отырып оқыту принципі. Оқыту міндеті жай білім беру ғана емес, сол арқылы өмірге, қоршаған болмысқа, еңбекке, адамдарға деген қарым-қатынасты тәрбиелеу. Оқыту мен тәрбиелеу біртұтас процесс.
Тәрбиеші оқу сағаттарының мазмұнын анықтау үстінде соның барысында шешілуі тиіс тәрбиелік міндеттерді де белгілейді. Мысалы, педагог «Адамдар бір-бірі жайлы қалай біледі» - деген тақырыпқа сабақ жоспарлай отырып, жалпыға білім беру міндетін – балалардың адамдар бір-бірін білу үшін байланыстың қандай түрлерін пайдаланатындығы, хат жазу және оны жөнелту үшін қандай нәрселердің қажет екендігі туралы білімдерін анықтауды және жүйелеуді алға қояды. Тәрбиешімен бірлесе отырып, балалар науқас жолдастарына хат жазады, оған әдемі суреттерді іріктеп алады, сөйтіп, қамқорлық білдіріп, көңіл бөледі.
Тәрбиеші балалардың көмек көрсету ынтасын тудыруға, оның еңбегін сыйлай білуді үйретуге талпынады, яғни білім беру және тәрбиелеу міндеттері бір мезгілде шешіледі.
Оқытудың ұғынымдылық принципі. Білім беру балалардың шамасына сай, ұғынымды болғанда ғана ол нәтижелі болмақ. Білім беру мазмұны да, оның әдістері де ұғынуға жеңіл болуы керек. Мектепке дейінгі балаларға арналған бағдарлама ең алдымен баланы қоршаған заттар мен құбылыстарды зерттеуді қарастырады, олармен танысу жақыннан жыраққа алып барады. Мәселен, балалар алғашында топтық бөлмедегі, содан соң балалар бақшасындағы, оның маңайындағы, туған қаласындағы, аулындағы нәрселермен танысады. Ұғынымдылық принципі жаңа материал мазмұнындағы қиындықтың белгілі шамада, қиын және оңай нәрсенің дұрыс арақатынаста болуын талап етеді. Білім беру ұғынымдылығы балалардың бойындағы білімге сүйену, материалды түсіндіру нақтылығы арқылы қамтамасыз етіледі.
Жүйелілік және бірізділік принципі материалды зерттеу жаңадан алатын білім бұрын алынған білімге сүйенетіндей логикалық тәртіпті қажет етеді. Тәрбиеші бағдараламалық материалды сабақтарда оқытады, оның сабақтан сабаққа дейін біртіндеп күрделенуі, алдағы материалдың өтілген материалмен байланысты болатындай етіп бөледі, бұл білімді нақтылауға және нығайтуға көмектеседі. Мысалы, «Бақтағы күз» тақырыбына сурет салу алдында балалар бақшасына тиісті жерге және саябақта күзгі табиғатты бақылау, күз туралы әңгіме, өлеңдер оқу өткізіледі.
Қоршаған құбылыстар жайлы білімді бірте-бірте жинақтау негізінде тәрбиеші балаларда кеңейтілген ұғымды қалыптастырады. Мәселен, күздің өтуі барысында балалар тәрбиешімен бірге табиғаттағы өзгерістерді бақылайды. Маусымның соңында өткізілетін кеңейтілген әңгімеде тәрбиеші балаларды күзге тән ерекшеліктері, оның жылдың басқа мезгілдерінен айырмашылығы туралы қорытынды жасауға жетелейді.
Білімді игерудегі және қолданудағы балалардың саналық және белсенділік принципі. Санаға сіңіп, ой елегінен өткен білім – нық білім. Білімді санаға сіңіру бала оны белсене қолданған сайын жемісті болады: білімді игеру балалардың, алдына ақыл-ой міндеттері қойылған жағдайда табысты өтеді.
Мектепке дейінгі балалардың танымдық әрекетін белсендірек ету үшін педагог әр түрлі тәсілдер қолданады. Солардың бірі – сұрақ қою болып табылады. «Сендер неліктен мына суретте күз бейнеленген деп ойлайсыңдар?», «Сендер жұмбақта кемпірқосақ туралы айтылып тұрғанын қалай таптыңдар?», «Қарды біз бөлмеге алып кіргізгенімізде, ол қандай күйде болады?» Жауап іздеуде балалар өздерінің практикалық тәжірибелеріне сүйенеді, егер олар қиналса, тәрбиеші оларды бақылау жүргізуге, ойлануға жетелейді.
Балалар бақшасында салыстыру тәсілі кеңінен қолданылады. Бақылау процесінде педагог балаларды заттардың, тірі объектілердің сыртқы түрінің сипаттық ерекшеліктерін ажыратуға, олардың ұқсастығы мен айырмашылықтарын табуға үйретеді. Басында бұлайша салыстыру екі затты немесе екі тірі объектіні қатар қойып қарағанда ғана мүмкін бола алады, ал кейінірек мектепке дейінгі балалар бір затқа ғана қарап отырып, онымен салыстырылатын нәрсені елестету негізінде ұқсастықты немесе айырмашылықты таба алатын болады. Салыстыра бақылау сыртқы ұқсастық немесе айырмашылық туралы қорытынды жасауға ғана емес, сондай-ақ олардан туындайтын кейбір заңдылықтарды анықтауға да мүмкіндік береді. Мысалы, инелік пен көбелекті салыстырғанда балалар олардың сыртқы түрі қоректену әдістеріне тәуелді екендігін анықтайды. «Көбелек салбыр тұмсықты, инелікте ол жоқ, өйткені көбелек шырын сорады, ал инелік ұшып жүріп шыбын қағып жейді».
Танымдық белсенділікті қалыптастыру мақсатымен балалардың қарапайым іздену әрекеті ұйымдастырылуы мүмкін. Мұның мәні тәрбиеші олардың алдына танымдық тапсырмалар қоятындығында, бұл тапсырмалар кейін тікелей белсене бақылау процесінде, сәбилердің тәрбиеші өткізетін қарапайым тәжірибелерге, әңгімелерге қатысуында шешіледі. Мысалы, аязды күні балалардың алдына: «Сендердің ойларыңша бүгін қарды домалақтауға бола ма? Неге болмайды? Қарды жеңіл жабысатын ету үшін не істеу керек?» деген тапсырма қойылады. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін балалар қарды ұстап қарайды, қардың жабысқақтығын байқайды, оның неліктен оңай жабыса қоймайтыны жөнінде өз пікірлерін айтады. Содан кейін қарды жылы үйге алып кіреді, тағы да мығымдап домалақтап көреді. Өткізілген бақылау және эксперимент негізінде балалар қардың қасиеті ауаның температурасына тәуелді деген қорытындыға келеді. Өздері қатысқан қарапайым «зерттеулер» нәтижесінде алған білім саналы және берік болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет