Уақыт болса қысылтаяң. Уақытылы алып келгем, уақытылы алып қайтуым керек. Ұшаққа мінетін мезгіл жақындай түскен сайын менде маза жоқ. Бұл жолы қалып қойсақ Алматыға басқа ұшақ қашан ұшады, белгісіз. Арғы күні Асекеңнің өзінің 70-ке толған тойы. Оған бір күн болса да демалып баруы керек. Сол жағын ойлап тыпыршып барам.
Сонымен не керек, біраз уақыт өтісімен Мырзатай бауырымыз бері қарады.
– Асанбай ағамызға рұқсат берейік. Ағамыз қайтсын, демалсын. Кейін әлі жолығамыз, кездесеміз, тағы тойлаймыз, − деді.
Ұшақтың ұшуына жарты-ақ сағат уақыт қалды. Енді оған жетіп үлгере алмаймыз. Ендігі ойым, Алматыға жеңіл машина жалдап кету.
Тысқа шыға бергенімізде, мың болғыр Тоқтар Әубәкіров бауырымыз:
– Үйдің сыртында менің вертолетім тұр, әуежайға сонымен барыңыздар, − деді. Тоқтар бауырымыздың азаматтығы, адамгершілігі арқасында енді есігін жауып, ұшайын деп тұрған ұшаққа жетіп үлгеріп, Асекеңді үйіне уақытылы, аман-есен алып келдім.
Достарыңызбен бөлісу: |